15 Ақпан, 2014

Тарихты зерделеген

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайдағы «Достық үйінде» А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сапар Қолдыбаевтың «Тарихи үдерістердің философиялық-эпис­­темологиялық проблемалары» атты кітабының тұсаукесері бо­лып өтті. Қос­танай облысы әкімдігінің ішкі саясат бас­қармасы және Қазақстан хал­қы ассам­блея­сы облыстық филиалының ұйымдас­­тыруымен өткен бұл шараға тарихшы ға­лым­дармен бірге зиялы қауым, студент жас­тар қатысты. Тұсаукесер кешті ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жан­­ділда Ма­қанов «Тарихи үдерістердің фило­софиялық-эпис­темологиялық проблемалары» кітабының жа­рыққа шығуын ұлттық санаға сәуле түсірер оқи­ға деп бағалады. Төрт-бес жыл бойы жаз­ған монографиясында белгілі ғалым Сапар Қол­­дыбаев ұлттық тарихты жазудың теориясы мен философиясына жаңа көзқарас тұрғысынан келеді. – Мен бұрын құқық философиясымен айналысқан едім. Мені соңғы жылдары тарих философиясы қызықтырды, мен соны зерттедім. Тарих философиясы бүгінде неге өткір тұр? Отандық тарихты теориялық-әдіснамалық қайта зерделеу Қазақстанның мемлекеттік-этникалық өзін өзі анықтау, билеу, көпғасырлық өзіндік даму тарихы бар байырғы ұлт қазақ мүдделерін негізге алу тұрғысынан жүргізілуі керек. Бүгінде Отан тарихының дамуын тарихи танудың әдіснама саласының маңызды бір бөлігі болып табылатын тарих философиясының мәселелері жете жасалмағандығы ерекше сезіліп тұр. Бәрімізге мәлім және толғандырып жүрген мәселе, әлі күнге дейін отандық философия отандық тарихи үдерісінің дүниетанымдық, іргелі мәселелерін қажетті деңгейде қайта зер­делей ала алмай отырғандығы, соның ішін­де, біз, қазақтар, кімдерміз, дүниежүзілік тарих­та қандай орын аламыз, біздің арғы атала­рымыздың тарихта қандай рөлі болған деген сияқты сауалдарға жауап берілмегендігі, – деді кітап авторы Сапар Қолдыбаев. Кітаптың тұсаукесер кешінде ғалымның әріптестері В.Гершун, Т.Нұртазенов, А.Айт­мұхамбетов, Е.Әбіл және басқалар тарих философиясы мен теориясын зерделеуге арналған жаңа шығарма жөнінде жылы пікір білдірді. Олар «Тарихи үдерістердің философиялық-эпистемологиялық проб­лемалары» кітабын қазақ халқының және Қазақстан тарихын жа­ңа көзқараспен зерделеуге қосылған сүбелі үлес және құнды еңбек деп бағалады. Кітапты Ра­ритет баспа компаниясы 2000 данамен шығарды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.