06 Мамыр, 2010

УАҚЫТ ТУДЫРҒАН ТҰЛҒА

811 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Ел мен жер, қоғам ортақ болғанымен, әр адамның өмірдегі жолы өзінше бір әлем. Демек, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы болатыны заңдылық. Пешенесіне екі түрлі қоғамда, қос ғасырда өмір сүру мүмкіндігі жазылып, мұның өзі жалындаған жастығы мен ғұмырының салиқалы, салмақты іс-әрекет, зерделі ойымен өлшенетін тұсына тура келсе сынақтың үлкені сол деңіз. Мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі осындай мың сан өзгерістерге өлшем болған егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті, туған халқын тәуелсіздіктің сара жолымен бастап келе жатқан азаттығымыздың авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенінде дау жоқ. Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Елбасының кіндік қаны тамған, “іңгәләп” дүние есігін ашқан Мысыр шаһары – Жетісу. “Адамның екі анасы болады: бірі ақ сүт беріп ауыздандырады, екіншісі нан беріп әрлендіреді. Ол – өз анаң және Жер-анаң”, деуші еді әкем. Кеудесі – асқар, аяғы – көл, қоңы – құм, әжімі – өзен, айбары – Алатау, айдыны – Балқаш сол жер-ана – Жетісу – менің де туған мекенім. “Өмір – өзен, ағады да өтеді, бәрі өзгереді”. Қай кезде кімнің айтқаны белгісіз осы даналықты зымыран уақыт күн сайын, минөт сайын дәлелдеп, сәулелі санаға қалтқысыздығын салмақтайды. Халқының ұлымен алғашқы таныстығым былай басталған еді. “Терін төксе жеріне, Жер ті­леуін береді. Елін сүйген еріне, Ел ті­леуін береді”, деген. Жетісуда қант қызылшасын өсірумен кере­мет өзгеріс ере келді. “Тәтті тү­бір” тек тәтті өмір әкелген жоқ, ерен еңбекті де ала келді. Қызыл­шадан мол өнім алып, рекорд жа­саған бір ұжымшардың он тоғыз адамы Социалистік Еңбек Ері атанды. Осы биік атақты екі рет ие­ленген дала академигі Нұр­мол­да Алдабергенов те Жетісудың пер­зенті. Еткен еңбек, төккен тердің арқасында 1959 жылы 23 жа­сымда Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің депутаттығына сайлан­дым. Содан кейін де үш шақы­ры­лымға, бас-аяғы он жеті жылым­ды депутаттыққа арнадым. Жо­ғар­ғы Кеңес төрағасының орын­ба­сарлығы да біз өткен жолдың бірі. Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, біртуар жан Дінмұхамед Қонаев ағамен сонау 1959 жылы танысып, өмірімнің соңына дейін тағылым алуым тағдыр сыйы деп бағалаймын. Көксу аудандық партия коми­теті мені экономикасы тұралаған “Еңбекші” кеңшарына 1971 жыл­дың наурызында директорлыққа тағайындады. Үш мыңнан астам хал­қы бар шаруашылықты аза­мат­тар алға апара алмағанда әйел басымен енді қайтер екен деген күдік пен күмән аралас сөз де ай­тылмай қалған жоқ. Жұмысқа жа­рам­дының бәрін еңбекке тартып, өзім де күні-түні егістік пен мал қораларында жүрдім. Көп ұзамай қызылшадан мол өнім алып, сүт бұлағын ағыздық. Жаңа типтегі мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, сауда орталығы, дәрігерлік қосын, монша бой көтерді. Еңбегім еле­ніп, маған 1981 жылы Социалис­тік Еңбек Ері атағы берілді. Ор­талық комитетке шақырып, Дін­мұ­хамед Ахметұлы кеудеме Ленин ордені мен “Орақ пен балға” Жұл­дызын тақты. Сол сәтте Ор­та­лық комитет пен Үкімет мүше­лерінің ортасынан Нұрсұлтан Әбіш­ұлын алғаш көрдім. Жүрегі­нің оты бар, қайратты, жігерлі, білім-білігі жан-жақты жан екен­дігі бірден аңғарылды. Баспасөз арқылы бұған дейін өмір­бая­ны­мен таныс едім. Ал кездескендегі әсерім тіпті өзгеше болды. Қа­зақ­тың маңдайы жарқыраған бір азаматы өсіп, қалыптасып келе жатқанын бәрі де мойындады. Халық қалаулысы ретінде жылы­на екі мәрте сессияға барамын. Сондай бір күні Министрлер Кеңесінің төрағасын сайлау күн тәртібіне қойылды. Дінмұхамед Қонаев “Төрағалыққа Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынамын”, деп кескінді жанары оттай жанған азаматты таныстырғанда халық қалаулылары бірден қол соғып, қуаттады. Кеңестер Одағындағы ең жас Министрлер Кеңесінің төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын әлі күнге ұмытпаймын. Кейін сессияда Дінмұхамед Ахмет­ұлы екеуі қатар отырғанда бейне бір әкелі-баладай әдемі үйлесімділік құратын. Бәрі сүйсі­не, қызыға қарайтынына көзім жетіп жүрді. Төраға болып сайланғаннан кейін кабинетіне кіріп құттықтап, “Жер туралы жыр” деген кіта­бым­ды сыйладым. Кітапқа “Құр­метті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақ елі үшін атыңызға лайық күн шы­ғыстан шыққан нұрдай болы­ңыз”, деп қолтаңба жазғаным әлі күнге есімде. Нұрекең шығар­мам­ды ілтипатпен қабылдап, ізет көр­с­етті. Кейде үлкен кісінің жи­наған кітаптарының ішінде менің сол кітабым бар ма екен деп ой­лаймын. Кейін де жұмыс бабы­мен, үлкен-үлкен жиындарда жүз­дестік. Сол кезде бұрылып келіп амандасатыны бар. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген халқымыздың даналығы осыдан. ...Тәуелсіздік бізге қантөгіссіз, соғыссыз келді, бірақ оңай кел­меді. Ұзақ уақыт “ағаның” рөлін­де ақ дегені алғыс, қара дегені қар­ғыс болғандар Қазақ мемле­ке­тінің тәуелсіздігін оңайлықпен мойындаған жоқ. Желтоқсан ыз­ғары бойларынан шыға қоймаған, кімнің соңынан ерерін анықтай алмай жүрген жастар да толқулы еді. Мен ол кезде ХІІ шақырыл­ған Жоғарғы Кеңестің депута­ты­мын. Сол сәтте жастармен де, ар­тықшылықтан қол үзіп қаламыз деп жанталасып, неше түрлі қитұрқыға салған орекеңдермен де қазақтың Салық Зиманов, Жа­байхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев сияқты тағы басқа жігіттері орысша-қазақша заң тілімен, дерек-дәйекпен, бі­лім-білігімен жан алып, жан берісті. Нәтижесінде тәуелсіздікті заңдастырды. Сүйсіндік, жүрегіміз жарылардай қуандық. Тәуелсіздіктен кейін бүкіл қо­ғамның әлеуметтік-экономикалық жүйесі еш дайындықсыз өзгеріп шыға келді. Халық өмір сүруіне, еңбек етіп, табыс табуына жауап­кершілікті мойнына алған, білім алу, денсаулық сақтаудың тегін­ді­гін қамтамасыз еткен кеңестік жүйеге иек артып үйренгендіктен абыржыды да қалды. Нарықтық қа­тынастың негізі саудаға үйренбеген, икемделмеген халық қиындыққа тап болды. Жаппай жекешелендіру асығыс жүргізілді дегенге қосылсам да тәубе деуіміз керек. Төзімді, бейімделгіш, алғыр халықпыз ғой. Қиындыққа қайыс­пай, қоғамның жаңа жүйе­сінің бел­гісіз тұстарынан сүрінсек те сағы­мыз сынбай, икемделе бас­тадық. Өйткені, өздері сайла­ған, үміт арт­қан Елбасының адас­тырмай­ты­нына, жақсылыққа бастайтынына халық нық сенімде болды. Тәуелсіздікті армандап, сол жолда талай құқайды басынан өт­керген ата-баба білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұр­пағына мұра еткен, жан-жағымыз қызғана да қызыға қарайтын ұлан-ғайыр жерімізді көздің қара­шығындай сақтау бүгінгі ұрпақ­тың парызы. Ол үшін қажетті бі­лім-білігі мықты, ұлттық мүддені көздейтін жүректі ұрпақ тәрбие­сіне Елбасымыз әріден ойлап, тереңнен қозғап жүйелі, нақты жұмыс жүргізіп келе жатқаны үміт отын жағады. “Болашақ” бағ­дарламасы, Астанадан үсті­міз­дегі жылы ашылғалы отырған жаңа университет соның айқын дәлелі. Қазақ халқының басқа ұлттан артықшылығы елінің, жерінің та­рихын біліп, ата-бабаның қалып­тасқан дәстүрлік ерекшелігін қа­сиеттеуі, қадірлеуі болып табы­ла­ды. Екі мыңжылдық тарихты бү­гінгі ұрпаққа дейін жеткізіп, сай­ын даланың самалын сүйіп, төсін емген қасиетті қазақ халқының даналығының, даралығының бү­гін­гі күнге жалғасуы соның ай­ға­ғы. Бұл халқымыздың басты ерек­шелігі десек, осы асыл қасиет­терді жүрегімен түсініп, ұлтының тілі мен ділін, дінін қастерлейтін жан ғана халқын алға бастайды. Сондықтан Президент сайлауы қарсаңында (1991 жылы) Алма­тыдағы Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы ғимаратта Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысындағы әкімшілік басшыларымен және жұртшылық өкілдерімен кездесуінде өзім сөз сұрап, былай дегенім есімде: “Құр­метті Нұрсұлтан Әбішұлы! Халық Сіздің жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей, ел қамымен жүр­геніңізді жақсы біледі. Бұған дейін қазақ деген халықты кім білуші еді. Аз уақытта елімізді та­ныттыңыз. “Өлген қазақтың жа­ма­ны жоқ, тірі қазақтың өсектен аманы жоқ”, “Болар елдің арма­ны көп”, деген атадан қалған сөз бар. Біз осындай әр адамға өнеге болатын өсиетті ұмытпайық. Қа­зақ халқының болашағына бағыт­талған арманыңыз, бастаған ісіңіз ұлан-ғайыр. Сондықтан, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан Республикасының Президентті­гі­не кандидаттыққа өзіңіздің тү­суі­ңізді сұраймын. Еліміздің егемен­дік алуына, тәуелсіз Қазақстан­дағы саяси тұрақтылығына бүкіл Жер шарының өркениетті елде­ріне қазақтың Көкбайрағын жел­біретіп таныстыруға Сіздің қа­жыр-қайратыңыз жететініне туған халқыңыз сенеді”. Жиын соңында Нұрсұлтан Әбішұлы Зәкең айтпақшы деп мен айтқан тәмсілдерді мысалға кел­тірді. Елді бірлік пен ынты­маққа шақырды. Сайлау нәтиже­сін­де қолдауға ие болған Нұрекең Қазақ елінің Елбасы атанды. Олай болмағанда ше?! Оның бүкіл өмір жолы, тағдыры, ой-мұраты, арман-тілегі Отанымен, Қазақ­стан атты туған елімен еншілес. Бө­лінбейді, біртұтас. Даңқы, қуа­нышы, қиындығы мен қызығы, жеңілісі мен жеңісі – бәрі, бәрі ортақ. Ол бәрін елімен бірге кө­ріп, халқымен бірге жеңіске же­ту­де. Қазақ елін өркениетке бас­тап келеді. Оған, әрине, тәубе дейміз. Жасым жетпістен асса да “Еңбекші” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің басшылы­ғын­да отырмын. Қимағаннан емес, ана бір жылдары алмағайып уа­қытта қолұшын созған азамат­тар­дан алған қарызымды қайтарған жоқпын. Жақында ертеректе тү­сірілген “Ее время пришло” атты деректі киноның жалғасын жа­сай­мыз деп “Қазақфильмнен” жігіт­тер келді. Ауылдың тыныс-тіршілігін, бір ағашы сынбаған, бір кірпіші құламаған сырт кел­бетін көріп, таңданыстарын жа­сыр­мады. Өткен 2-3 жылда облыс әкімінің қамқорлығымен көп­теген нысандарды күрделі жөн­деу­ден өткізген едік. Кезінде жо­балаудан бастап, әрлеу жұмысына дейін басы-қасында жүрген Мә­де­ниет үйі, жобасы Прибалти­кадан алынған дәрігерлік қосын, су құбыры, көшенің асфальты, жарығы бәрі сол баяғы қалпында ел игілігіне қызмет етуде. Қазір ауылда мұғалім, дәрігер, малдәрігері, тіпті механизатор да тапшы. “Дипломмен – ауылға” деген бастама көтеріліп жатыр ғой, қозғаушы болар мүмкін. Жа­зу­шы Ғабиден Мұстафиннің жастарға арнап “Ауылға барғанда, қарақтарым, мамандықтарыңның ғана емес, сол жердің, сол ауыл­дың құлы болыңдар. Өйткені, сол ауылдың мәдениеті де, әдебиеті де, ұстазы да сендер”, деген кере­мет сөзі бар. Бүгінгі жас соны ес­керіп жүрсе, нұр үстіне нұр. Ауылға жас мамандарды ша­қы­райын десең жағдайын жасауға әзірге қол қысқа. Дегенмен, кел­гендері қамқорлықтан шет қалмауда. Бүгінгі табыстың сыры халық­тың бірлігі мен ынтымағының ар­қасында орнығуда. Бөлінбегеннің арқасында жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда, бақуатты тіршілік кешудеміз. Еңбек етемін, тіршілік жасаймын дегенге ауыл­да да мүмкіндік көп. Бірақ оның ешқ­айсысы оңай келмейді, бей­нет­пен, бел жазбай тер төгу ар­қылы келеді. Мемлекет алып бәйтерек де­сек, ауыл сол бәйтеректің су іше­тін алтын тамыры, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың қайнар бұ­лағы. Елбасымыздың туған жер­дің табиғатымен, орман-көлі, өзен-суы, қырат-тауымен, хал­қы­ның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен ғажайып тұтастығы таңғалдырады мені. Соның барлығының бас­тауы кіші Отаны – кіндік қаны тамған шағын ауыл Шамалғаны, ата-бабасының ізі қалған Үш­қо­ңыры деп білемін. Ән мен жырға құмарлығы да оның тамырын те­реңнен тартатын ұлттық қасие­ті­нің қаймағы бұзылмағандығынан. Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның ән айтуды, тыңдауды ұна­та­тынын, әрі ақынжанды азамат екенін “Елім менің”, “Жерім менің”, “Үшқоңыр”, “Сарыарқа” сияқты әндерінен де жақсы біледі. Әнұранымыздың мәтініне енгізген толықтыруларынан да ақындық сезім, азаматтық жүрек лүпілі айқын аңғарылады. Жақсыны қазақ ай мен күн­дей деген. Сонау 1994 жылы ауылға келіп, аралап көріп, дас­тар­қаннан дәм татып, қолына қа­зақтың қоңыр домбырасын ұстап, әу деп әуелеткен әніне тәнті болғанымыз бар. Жарқылдап оты­рып, айтқандары қандай шір­кін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет хал­қымыздың қағазға жазыл­маған, қанына сіңген қасиеті. Ана жылдары сырқаттанып қалып, ауруханадан шыққан соң денсаулығымды түзетуге Көкше­тауға бардым. Сол кезде Көк­шетауға Нұрекең сапармен келіпті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының президенттері бас қосқан үлкен жиын өтті. Жанымыздағылар “Абылайдың алаңына бармайсыз ба?” дегенде “Нұрсұлтан Әбішұлы көрсе шаруа қызған тамыз айында мына кісі мұнда не істеп жүр деп ойлайды ғой. Ыңғайсыз болар”, деп бармай қалдым. Біраздан соң алаңға кеткен демалушылар да келді. Президентті көргендерін айтып, бәрі алған әсерлерінен айыға алмай жүрді. Әсерлерімен бөлісіп, әңгімелесіп отырғанда есікті біреу қағып “Сізге үлкен қонақ келе жатыр”, дегені. Сәл­ден соң Нұрсұлтан Әбішұлы кірді. Бәріміз таңдандық. Соншама қыруар шаруасын былай қойып, ат басын бұрыпты. Қысылып қалдым. Мемлекет басшысының ойламаған жерден келуі, тіпті адами қасиеттің биіктігін айғақ­тады. “Сіздің демалып жатқаны­ңыз­ды естіп, амандасуға бұрыл­дым”, деді. Ел-жұрттың аманды­ғын, хал-жағдай сұрасып, біраз бөгелді. Жүрген, тұрған әр минөті санаулы, белгіленген кестемен жұмыс істейтін Елбасының ұлты­мыздың үлкенге сәлем беру дәс­тү­рін аттап өтпей, уақыт тапқаны мені тәнті етті. Бұл үлкен пара­саттылық. Өмір үнемі кездесу мен жүз­десулерден тұрады ғой. Елба­сы­мен болған мына бір кездесу де ойымнан шықпайды. Сонау 1990 жылдары қоғам қайраткері Серік Әбдірахмановпен бірге ауылға бір қырғыз жігіті қонаққа келді. Кеш­ке дастарқан басында қайта-қайта жарық сөне берді. Қырғыз қона­ғым: “Табиғаттың осынша байлы­ғының, жағалай өзен-судың орта­сында отырып, жарыққа жарымай отырғандарыңыз қызық екен. Мына өзен бойына шағын су электр стансасын орнатсаңыздар мәселе шешілмей ме”, деп сөкті. Әрі ақылға қонымды ұсыныс айт­ты. “Мәселенің барлығы қара­жат­қа тіреледі ғой”, дегеніме “мен бе­ремін” деп жауап қатты. Жөн екен, кейін жігіттерге айтып, 3,5 ме­гаваттық, құны 55 млн. теңге болатын шағын ГЭС-тің жобасын жасаттық. Жоба дайын болған соң, ақша беремін деген қырғыз жі­гітіне телефон шалдым. Қай­дағы оп-оңай дүние. “Мемлекет­тік кепілдеме керек”, деді ол. Сә­тіне қарай, дәл сол кезде Сара Алпысқызы Астанада әйелдердің жиынын өткізіп, оған Елбасы қа­тысты. Үзіліске шыққанда Нұр­сұлтан Әбішұлына “Бұйымтайым бар еді, кабинетіңізге барайын ба, әлде осы жерде айта берсем бе екен?” дедім. Тағы да кіші­пейіл­ділік танытып: “Осы жерде айта беріңіз”, деді. Шағын су электр стансасы жайында баяндап, оған қаржы бермекші болған қырғыз азаматының мемлекеттік кепілде­ме сұрағанын жеткіздім. Мұқият тыңдаған соң “Зәке, қазір мем­лекеттік кепілдемені беруді тоқ­таттық, қаржыны алып, қайтар­май жатыр. Бірақ мен Заманбекке (Алматы облысының сол кездегі әкімі, марқұм Нұрқаділов) айтай­ын, көмектеседі”, деді. Айтқандай жобамызға 50 миллион бөлінетін болды, оның алғашқы 20 мил­лио­нына Ресейден қажетті жабдықтар алып, құлшынып іске кіріскен уақытта қалған қаржыны алудың қияметі басталды. Не керек әрі тарт, бері тартпен жүргенде облыс басшылығына өзге адам келді де әңгіме тіпті басқа арнаға түсті. Он, он бес жыл өтті. Тоқтап қал­ған құрылыстың басы-қасында жүрген жігіт сол істің орайын келтіруді қолға алып жүр. Мұның бәрін тізбектегендегі айтпағым, Елбасының қарапайым халыққа соншалықты жақындығы, еңбек адамының тілек-өтінішін тыңдау­дағы сергектігі мен сезімталдығы. Есте сақтау қабілеті де керемет. Қазақстан сияқты алып мем­ле­кеттің қай шетіне барса да өтініш айтатын жан табылатыны анық. Солардың арасынан мен айтқан осы өтінішті ұмытпай, тағы бір кездескенде мән-жайын сұрағаны бар. Бұған қалай риза болмайсың, қалай таңданбайсың! “Ел билеуге керек – ақыл, жү­рек, ой”, дегенді Баласағұн айт­қан. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Мен өз халқым­ның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай тек­ті халыққа, мені ұлым деп төбе­сі­не көтерген халыққа, арғы-бер­гі­дегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу ба­қытын бұйыртқан халыққа қыз­мет етуден артық ештеңенің ке­ре­гі жоқ, осы жолда мен бойым­дағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын”, деген сөзі қай қазақтың болсын жүрегін шымырлатып, жанын толқытады. Ел мүддесі жолындағы көп тәуекелінің бірі – Елбасының төл перзентіндей, төлтума туынды­сын­дай жауһар қала Астана. Арғы-бергі заманаларда ұлан-ғайыр қазақ жерінде көркі көз арбап, таңдай қақтырған небір әсем қаланың бой көтергені, сән-салтанат құрғаны аз айтылып жүр­ген жоқ. Бүгінде көнеден сыр шертетін Қойлық, Іңкәрдария сияқты немесе Отырар, Сауран, Сарайшық сияқты қалалар еліміз­дің өткен уақытта өресінің зор, өрісінің кең болғанын айғақтайды емес пе?! Ал Астана болса дәуірді таңдандырған даналық белгісі, соның ескерткіші деп білемін. Тағы да жүректе қалған жай Арқа төсінде бой түзеген елор­да­ның он жылдығын тойлап, Аста­нада он күн жүрдік, одан кейін де жиі жолым түскенде ерекше бір сезімде боламын. Ғимаратынан елінің ғибраты, Елбасының көре­гендігі мен сезім қылын шертетін көл-дария көңілі танылған бас қала Еуразиялық кеңістіктегі үлкен елордаға айналған. Бүкіл еліміз Астанаға қарап бой түзейді. Астана азаттық алған ұлты­мыз­дың гүлденген болашағының ай­ға­ғы. Жай ғана қала емес, Елба­сы­ның саяси ерік-жігерінің көрі­нісі, батыл қадам, үлкен тәуе­кел­шілдігінің дәлелі десем де болады. Жүздеген жылдан соң келер ұрпақтың да бүгінгі оқиғаға берер бағасы да осы тектес болатыны кәміл. Міне, қазақ халқы тәуелсіздік салған жаңа жолмен жиырма жылға жуық жүріп келеді. Ол оңай жол емес, жеңілістер де, же­ңіс­тер де бар. Жаңа жолдың, бейтаныс жолдың ой-шұңқыры көп болаты­ны белгілі. Алайда жаңаруға, жақсы өмірге апаратын көшбасшыға деген сенім әрдайым шамшырақ болып келеді. Оны алыс-жақын шетел, алпауыт мем­лекеттер де мойындап, бағасын беруде. Солардың бірі АҚШ кон­гресмені Крис Кэнон­ның берген бағасын баспасөз бетінен оқыға­ным бар. Ол: “Қазақ­стан қарыш­тап алға басып келеді әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстары­ның сәулетшісі Прези­дент Н.На­зарбаевтың саяси көре­гендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сынға қарамастан, елін қуатты экономикалық елдер­дің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформаларға кі­рісті”, депті. “Сырт көз сыншы”, деген. Бұған алып-қосар ештеңе жоқ. Алаш көсемі Ахмет Байтұр­сы­новтың: “Қазақтың да өзге ұлт­тар­мен жарысатын кезі келді”, дегені бар ғой. Сол кез дәл осы уақытта, тәуелсіздік таңымен, замана өсірген, дәуір тудырған тұлға Н.Назарбаев көшбасшымыз болғанда туды деп ойлаймын. “Ұлттың беделін қалпына кел­тірдік, қазақ баласы жердің негізгі иесі, даладағы ұлы тарихтың мұ­ра­гері екенін, осы елдегі жақсыға да, жаманға да жауапкер екенін толық сезінетін болды. Біз ұлттық рухты қастер тұтатын халықтық қалпымызға оралдық”, деп жаза­ды Елбасы “Еуразия жүрегінде” кітабында. Күні кеше АҚШ астанасы Ва­шингтонда өткен ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан жиын болды. Ядролық тажалға және оның сы­налуына қарсы күресті қазақ­тар­дың бастағанын, жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартуда да біздің елдің көшбасшы екендігін, Қазақстанның жасампаз мис­сия­сын халықаралық қауымдастық мойындады. Қазақстанды жер бетіндегі бейбітшіліктің көшбасшысы деп әлем айта бастады. Елінің еңсесін биіктетіп, халқын дүние жүзіне танытқан Елбасына бұған дейін саусақпен санарлық қана сая­сат­кер­лер ие болған Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сый­лығы табыс етілуі соның айқын көрінісі. Бараша қазақтың жүрегі қуаныштан тағы бір шалқыды, мақтанды, мерейленді. Тәубе делік, тәуелсіздігіміз баянды, тұғыры биік болғай делік. Зылиха ТАМШЫБАЕВА, Еңбек Ері, “Еңбекші” ЖШС директоры. Алматы облысы.