Екі екпенің арасы – 11 ай
Pfizer, BioNTech зерттеулері вакцинаның үшінші компоненті тиімді екенін көрсеткен.
Pfizer Inc және неміс серіктесі BioNTech компаниялары бейсенбіде III сынақ кезеңінің зерттеу нәтижелері COVID-19 вакцинасының үшінші дозасының вирусқа қарсы, «Дельта» нұсқасын қоса алғанда, жоғары тиімділігін көрсеткенін хабарлады.
Олардың айтуынша, 16 жастан асқан 10 мың адам қатыстырылған зерттеу «Дельта» штамы басым болған кезеңде індетке қарсы үшінші компоненттің 95,6% тиімділігін көрсетті.
Зерттеуде сондай-ақ үшінші қосымша компоненттің қауіпсіз екені анықталған.
Pfizer вакцинасы екі бөлігінің тиімділігі уақыт өте келе төмендейтінін мәлімдеді. Мұны екпенің екінші дозасынан кейін төрт ай өткен соң 96% қорғаныс берген вакцинаның күші 84%-ға төмендейтінін дәлелдеген зерттеуге сүйене отырып айтқан. Кейбір елдер қазірдің өзінде вакцинаның үшінші дозасын салу жоспарларын жүзеге асыра бастады.
Дәрі өндірушілер екінші доза мен үдеткіш үшінші екпе немесе плацебо арасындағы орташа уақыт шамамен 11 айды құрайтынын атады. Үшінші бөлікті алған топта індет жұқтырған 5 адам анықталса, плацебо, яғни құрамында вакцина жоқ екпені алған топта 109 жағдай тіркелген.
Қатысушылардың орташа жасы 53-ті құрады, ал олардың 55,5 пайызы 16-дан 55 жасқа дейін және 23,3 пайызы 65 және одан жоғары жаста болған.
Samsung смартфондарын сатуға тыйым салынды
Мәскеу төрелік соты Samsung Electronics компаниясының ресейлік еншілесіне Samsung Рау төлем қызметін пайдалану туралы патенттік дауға байланысты Ресейде Samsung смартфондарының 61 моделін сатуға тыйым салды. Бұл бірінші сатыдағы соттың қосымша шешімінің қорытындысына сай орындалуға тиіс.
Шешімге сәйкес, ел аумағында Samsung Galaxy Z Flip, Samsung Galaxy Fold, Samsung Galaxy Z Fold 2 секілді басқа да бірқатар смартфон модельдерін сата алмайды.
Шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде қайта шағым түсіруге мүмкіндік бар екені айтылады.
Шілдеде Мәскеудің төрелік соты Швейцарияның «Квин СА» компаниясының «Самсунг Электроникс Рус Компани» компаниясына патент құқықтарын қорғау туралы талап-арызын қанағаттандырып, Samsung Pay төлем сервисінің жұмысына тыйым салған.