Ел үкіметі тұрғындарға ауыр соққан індеттің екінші толқынынан кейін бұл нәтиже жағдайды жақсартады деп отыр. Вакцина алуға рұқсат етілген халықтың 75 пайызына екпенің бірінші компонентін, ал 30 пайызына екеуін де салып үлгерген.
1 миллиардтық межеге 40 аптадан аз уақыт ішінде қол жеткізілген. Ал елдегі вакцинаның алғашқы дозасы 2021 жылы 16 қаңтарда салына бастаған. Бұл 1 миллиард вакцина дозасының барлығы дерлік Үндістанда жасалғанын айта кеткен жөн.
Осыған байланысты Үндістанның Қазақстан Республикасындағы елшісі Шубдхаршини Трипати пікір білдірді.
– Қазіргідей күрделі кезеңге қарамастан, Үндістан маңызды межеге аз уақыт ішінде қол жеткізді. Еліміздің мұндай жетістікке жетуі тиянақты жоспарлаудың, жүзеге асырудың, кәсіби ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелі болғанын көрсетеді, – деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі.
Ол сондай-ақ Үндістан әлемнің 150-ден астам елімен өзінің ресурсымен, білімі, тәжірибесімен және дәрі-дәрмекпен бөліскенін мәлімдеді.
Елдің премьер-министрі бұл нәтижені үлкен жетістікке балап, «үнді ғылымының жеңісіне, 1,3 миллиард үнді халқының іскерлігі мен ұжымдық рухына куә болып отырмыз» деп жазды Twitter парақшасында.
Елде індеттің үшінші толқыны белең алуы мүмкін деген қорқыныш азая бастады. Ал көптеген бастауыш сыныптарының оқушылары 2020 жылдың наурызынан бастап жабылған мектептеріне орала бастады.
Johns Hopkins Bloomberg Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде жұмыс істейтін Нью-Делидегі эпидемиолог Брайан Вал бұл оқиғаны үлкен жетістікке теңеді. Оның ойынша, вирустың жылдам таралуы мен жоғары вакциналау деңгейін ескере отырып, індеттің үшінші толқыны екіншісімен тең немесе одан да ауыр болуы мүмкін деген болжамдардың орындалуы екіталай.
Үндістанда ірі вакцина өндіруші Serum институты орналасқанына қарамастан қаңтарда басталған вакциналау процесі баяу жүрген. Оған халықтың екпе алуға ниетінің төмендігі мен жеткізу мәселелері қосылған. Алайда «Дельта» штамы тарағаннан бастап вакцинаға деген сұраныс күрт өскен.
Үндістан 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналауды әлі бастаған жоқ, бұл ел халқының 40 пайызын құрайды. Сондай-ақ тұрғындар арасында індеттен толық қорғайтын вакцинаның екінші компонентін алуға деген ынтаның азая бастағаны да айтыла бастады. Билік өкілдері де бұл мәселеден хабардар. Сол себепті үкімет аймақ басшыларын вакцинаның екінші дозасын салуды назарға алуға шақырды. Және екі доза арасындағы үлкен айырмашылықты жоюдың жолдары қарастырылып жатқаны да хабарланған.
Індет өршіген тұста халық вакцинаға мұқтаж болып, екпе алуға асыққан, ал толқын аяқталып, жағдай жақсара бастағанда адамдар бұрынғы өмір ырғағына қайта оралып, екпенің екінші бөлігін алуды ұмытып та кеткен секілді.
Үндістанда пандемия басталғалы бері 34 миллион адам індет жұқтырған және 450 мыңнан астамы қайтыс болған. Тәуелсіз эпидемиологтер вирустың таралуы мен өлім-жітімнің нақты саны ресми статистикадан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деп есептейді.
Дегенмен Үндістан аз уақытта жеткен, яғни жоғарыда аталған нәтижені жақсылыққа балап, індеттің таралуын азайтады деп үміттеніп отыр.