Пікір • 22 Қазан, 2021

Ізгілік жаршысы

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада Мәжілісте Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатқа сәйкес, өлім жазасына қатысты бірқатар бап алынып тасталмақ. Бұл – гуманизмге жол ашатын маңызды қадам екені сөзсіз.

Ізгілік жаршысы

БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарайды, сондықтан әлемді аталған жаза түрін жоюға үндейді. Осы орайда, Қазақстандағы өлім жазасын жою туралы бастаманы әлемдегі іргелі ұйымда бірнеше жыл қызмет атқарған, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтергенін айта кеткен жөн. Естеріңізде болса, 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында «Сыртқы істер министрлігіне «Азаматтар мен саясат құқықтары туралы халықара­лық пакті» бойынша Екінші факультативті хаттамаға қосылу үрдісін бастауға бұйрық беремін», деп мәлімдеген еді. Осыдан кейін Қазақстан тарапы құжатқа қосылуға кірісті. Ақыры былтыр қыркүйекте БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативті хаттамаға қол қойған-тұғын.

«Өмір сүруге және адамның қадір-қасиетіне деген іргелі құқықты жүзеге асыру мақсатында Өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқық­тар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативті хаттамасына қосылу жөнінде шешім қабылдадық», деді Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде. Халықаралық қоғамдастық ақжолтай хабарды жоғары бағалағаны белгілі. Мәселен, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін Екінші факультативті хаттамаға қосылу туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады. Былтыр Мәжіліс Екінші факультативті хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдап, кейіннен Сенат оны қолдаған. Қаңтарда Президент Заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты. Дегенмен еліміз құжатты ратификациялау кезінде бір ескертпе енгізген. Соған сәйкес, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырып отыр.

Жалпы, Қазақстан өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасалды. Қазақстан 2006 жылы Еуропалық одақтың «Өлім жазасын жою туралы» үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ Өлім жазасына мораторий енгізу туралы қарарын қолдады. 2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Мораторий енгізілгенге дейін, яғни 2003 жылға дейін елімізде 536 рет өлім жазасы орындалған. Содан бері бұл жаза қолданылған жоқ. Әйтсе де 2016 жылы Алматыда полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген деп айыпталған Руслан Күлекбаевқа сот өлім жазасы туралы үкім шығарды.

Бүгінге дейін Қылмыстық кодекстің 17 бабында өлім жазасы террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ресми түрде «айрықша жаза шарасы» ретінде танылған. Енді, Екінші факультативті хаттамаға қосылғаннан кейін бұл тізім азаяды.

Соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітілмек. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Олар: басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өлім жазасынан бас тарту бүкіл әлемде өзекті болып тұр. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы ең көп өлім жазасы Қытай, Иран, Мысыр, Ирак пен Сауд Арабиясында қолданылған.

Солардың ішінде Қытай бірінші орында тұр. Бірақ ондағы нақты цифрды білу мүмкін емес, себебі бұл деректер мемлекеттік құпия болып саналады. Сондай-ақ өлім жазасының басым бөлігі Иран, Мысыр, Ирак және Сауд Арабиясында жүзеге асады. Қазіргі таңда әлемде 106 мемлекет барлық қылмыс түрі бойынша өлім жазасын жойған. Ал 142 ел өлім жазасынан заң жүзінде де, іс жүзінде де бас тартқан.