Медицина • 22 Қазан, 2021

Скринингтен өту қатерлі дерттің қаупін азайтады

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

21 қазан – Дүниежүзілік сүт безінің обыры туралы ақпараттандыру күні. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қала­сында осынау қатерлі дерттен сақтандыру мақ­са­тын­да арнайы айлық өтіп жатыр. Соның аясында №15 қалалық емхананың акушерлік-гинекологиялық қыз­метінің меңгерушісі Жансая Садуова скринингтен уақ­тылы өтудің не үшін маңызды екенін және әйел­дер­дің өз денсаулығын қалай бақылау керек екенін айтып берді.

Скринингтен өту қатерлі дерттің  қаупін азайтады

Сүт бе­зі­нің обыры – ­қа­тер­лі ісік­тің ең көп та­рал­ған түр­­ле­рінің бірі. ДДҰ статистикасы бойынша, 2020 жылы әлемде бұл ауру­дың 22 млн-нан астам жағдайы тіркелген. Сүт бе­зі­нің қатерлі ісігі – онко­­­ло­гияға шалдыққан әйел­дер ара­сындағы өлімнің бас­ты се­бебі. Тек 2020 жылы осы ауру­дан әлемде 685 мың әйел қайтыс болды.

«Сүт безінің қатерлі ісігі сүт жолдарының эпителийі деп аталатын жасушаларда пайда болады. Алдымен ісік пайда болады және түтікте немесе лобулада өседі. Бұл инвазивті қатерлі ісік және ешқандай белгілері болмайды. Уақыт өте келе, нөлдік са­тыдағы қатерлі ісік өсіп, сүт бездерінің ұлпаларын кө­бейтіп, инвазивті сүт безі­нің қатерлі ісігіне айналады. Әрі қарай ол жақын маңдағы лимфа түйіндеріне таралады. Аймақтық метастаз, әрі қарай алыс метастаз, яғни басқа органдарға өту пайда болады. Көп жағдайда әйел метастаздың салдарынан қай­­тыс болады. Бірақ ауру ерте сатысында анықталса, онда емдеу жақсы әсер етуі мүмкін. Әдетте сүт безінің қа­терлі ісігі хирургиялық операцияны, сәулелік терапияны, химиотерапияны және гормондарды қолдану арқылы бірге емделеді», деді Ж.Садуова.

Сондай-ақ маман сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін ұзақ уақыт бала емізу, тұрақты дене шынықтырумен ай­налысу төмендететінін айт­ты.

«Салмағыңызды бақылау да артық болмайды. Ал­ко­голь ішіп, темекі немесе оған ұқсас зиянды заттарды шекпеңіз. Сол сияқты гармондарды ұзақ қолданудан да бас тарт­қа­ныңыз дұрыс. Сүт безін үнемі тексеріп отыру керек, мам­мологқа уа­қытында барып, скринингтен өту қажет. Көбінесе сүт безінің қатерлі ісігі кеудедегі ауырмайтын «түйіншек» немесе «домалақ» түрінде бай­қалады. Егер кеу­деңізде осыған ұқсас бір­нәрсе шы­­­ғып, ешқандай ауыр­­сы­ну болмаса, дереу ма­ман­ға ха­барласуыңыз қажет. Мұн­дай белгілер пайда бол­ған­нан кейін жақын арада ме­дициналық көмекке жү­гіну жылдам емделуге ықпал ете­ді», деді спикер.

Сүт безі қатерлі ісігінің қан­дай белгілерін айтуға болады? Бұл кеудеде түйін­шек­­тің пайда болуы ғана емес, сонымен қатар сүт без­де­рінің мөлшері мен фор­масының өзгеруі, яғни тарту, қызару, сүт бездерінің терісіндегі жаралар мен басқа да өзгерістердің пайда болуы және т.б. Алайда кеудеге қандай да бір түйіншек кенеттен сезілсе, үрейленбеңіз. Себебі сүт безіндегі түзілім­дер­дің 90%-ы қатерлі емес. Фиброаденомалар, кис­талар, инфекциялар – бұл жақсы түзілімдер.