Аталған жұмыс 10-19 жас аралығындағы көру қабілеті нашар жасөспірімдердің цифрлы дағдыларын, жұмысқа орналасу мүмкіндігін, сондай-ақ олардың арасында әлеуметтік және бизнес кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынды.
Екі айдан астам уақыт бойы жастар цифрлы технологиялармен жұмыс істеуге, бағдарламалар және құрылғылармен жұмыс істеудің қыр-сырына қанықты. Таяу арада жоба қатысушылары ЮНИСЕФ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Жастар қызметкерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің арнайы жобалары шеңберінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға септігін тигізетін оқудан өтеді.
Қатысушылардың басым бөлігі Н.Островский атындағы №4 зағиптар мен нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының балалары. Жобаны EPAM Kazakhstan компаниясы және Алматы қаласының жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры қолдаған.
«Халықтың осал топтарынан шыққан балалардың, атап айтқанда ерекше білім беруде қажеттіліктері бар жастардың білім алуда және жаңа дағдыларды үйренуге мүмкіндігі шектеулі екені жасырын емес. Біздің міндетіміз – осы жағдайды өзгерту және түрлі себептерге байланысты басқалармен тең дәрежеде өсуге және дамуға мүмкіндігі жоқ балалардың құқықтарын қорғауға кепілдік беру», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизен.
Осы курстан сәтті өткен жастар тиесілі сертификаттарына қол жеткізіп, тың технологиялар арқылы көздеген мақсаттарын жүзеге асыруға кіріседі.
«Мақсаты бар жастар үшін қазір алға қарай ұмтылу, өзін өзі табу және бойындағы талантты ашу мен дамыту маңызды. Десе де кез келген істе ең бастысы, өзіне деген сенімді жоғалтпау. Бұл жоба балалардың армандарының орындалуына көмектеседі деп үміттенеміз», деді Алматы қаласының жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева.
Енді балалар смартфондағы арнайы навигатордың көмегімен тәуелсіз болып, цифрлы форматтағы қалаған өнімге және қызметке қол жеткізе алады.