Оқиға • 22 Қазан, 2021

Ауылда аю жүр

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық парк құрылғалы түз тағыларының саны артқан. Әдетте етекке түспейтін аңдар ауыл ішіне кіріп кететінді шығарды. Кеше де Катонқарағай ауылында тұрғындар қоңырдың қонжығын көрген. Өткенде ғана тайыншадай аю емін-еркін ауыл іргесінде жайылып жүргенін естігенбіз.

Ауылда аю жүр

– Таң сыз бере, үйдің қарсы бетіндегі тоғайға қара­сам, қайыңның бас жағынан әлдебір ноқат қарауытады. Құс дейін десем, ірі. Жақындап барып қарадым, кәдімгі аюдың қонжығы. Тегі иттен қашты ма, қайыңның бас жағына шығып алыпты, – дейді ауыл тұрғыны Сейдахмет Әшімханов.

Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, аю ауылдың аяқ жағында өсетін жабайы алмаға келетін көрінеді. Оның үстіне миграция уақыты. Соңғы санақ бойынша, Катонқарағай табиғи ұлттық паркінің аумағындағы аюлардың саны 330-ға жеткен. Елді мекендерге еркін келгіштеп жүргендерімен малға, адамға зияны жоқ.

– Көктем мен күзде санақ жүргізіп отырамыз. Жалпы, аң саны көбейіп келеді. Атуға мүлдем бол­майды. Заң бар, соған қарай тәртіп бар. Ауыл таудың ете­гінде тұрғандықтан аңдардың ауылға түсуі қа­лыпты жағдай. Ең бастысы, адамзатқа зияны тимесе болды, – дейді Катонқарағай МҰТП жануарларды қорғау және өңдіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов.

Әнебір жылдары Катон ауылының орталық көшесінде мүйізі шаңырақтай бұлан да көзге түскен. Ал аюдың ауылға кіруі бірінші рет емес. Алай­да қайыңның биігіне шығып алып, түсе алмай тұрға­нын көпшілік қызықтап, суретке түсіріп алыпты. Айт­пақшы, жерге түскен қонжықты қорықшылар үр­кітіп тау жаққа қарай қуып жіберген.