Қазір Сәтбаев аллеясында жерасты фонтаны орнатылып жатыр. Ол жердің үстіне емес, астына орнатылатындықтан, мұны жергілікті тұрғындар құрғақ фонтан деп атайды екен. Тереңге қондырылған құбырдың түтікшелерінен атқылаған судың бүлкілін үстінде келе жатқан адам табанымен сезіп, жердің астынан құдды бір бұлақ көзі ұрып жатқандай әсерде қалады.
Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Надежда Патрикееваның айтуынша, жерасты фонтандарын орнатуға «Қазцинк» серіктестігі 14,6 млн теңге қаржы бөліп отыр. Субұрқақтар он алты түтікше арқылы жұмыс істейді, сондай-ақ жарықтандыру жүйесімен де қамтылған.
– Фонтан суы жерге төселген тастың астынан ұрып тұрады. Қазір негізгі жұмыстардың барлығы аяқталды. Мердігер Алматыдан келетін арнайы құрылғыны күтіп отыр, сәл кешігіп жатыр. Бұл субұрқақтың маңайы қала тұрғындары жиі келетін ерекше орынға айналады деп үміттенеміз. Фонтанды орналастыру, көму, бетіне тас төсеу жұмыстарын биыл аяқтаймыз. Бәрін тексеріп болған соң, қысқы сынақтан өткіземіз. Ал мамыр айындағы мерекелік күндердің бірінде басқа фонтандармен бірге іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Н.Патрикеева.