Спорт • 22 Қазан, 2021

Спорт жаңалықтарына шолу

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтарына шолу

Жолдастық кездесу өткізеді

Футболдан Қазақстан ұлттық құра­масы қарашада Тәжікстан құрама­сымен жолдастық матч өткізеді. Бұл туралы Қазақстан футбол федера­циясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

 

ФИФА-ның ресми жолдастық матчтар күнтізбесі аясында екі ел федерациясының өкіл­дері келіссөз жүргізіп, матч өткізу туралы ортақ ке­лісімге келген. Ойын 16 қарашада елор­дадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де бас­талады.

Әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Азия құрлығында өткізген Тәжікстан F тобында Жапония, Мьянма, Моңғолия және Қыр­ғызстан құрамаларымен ойнады. 8 ойын­ның төртеуінде жеңіске жетіп, бір матчта тең ойнап, үш ойында қарсыластарына жол берген Тәжікстан 13 ұпаймен өз тобында екінші орынға табан тіреді. Бірақ келесі іріктеу сатысына өте алмады.

Бүгінге дейін Қазақстан мен Тәжікстан құ­рамалары жасыл алаңда төрт мәрте кез­десіп, үшеуінде жерлестеріміз жеңіске жеткен. Бір ойында қарсыластардың күштері тең түсті. ФИФА-ның күні кеше жаңарған рей­тингі бойынша Тәжікстан құрамасы төрт саты жоғарылап, 114-орынға тұрақтады. Ал Қазақстан құрамасы 5 саты төмендеп, 125-орынға сырғыды. Яғни біз рейтингте Тәжік­станнан төмен тұрмыз.

Естеріңізге сала кетейік, Талғат Байсу­финов шәкірттері 13 қарашада әлем чемпио­натының іріктеу кезеңі аясындағы соңғы ойы­нын сырт алаңда Франциямен өткізеді. Бұл – Қазақстан құрамасының осы жылдағы соңғы ресми матчы.

 

 

Төрт жаттығу бойынша финалда

Жапонияның Китакюсю қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем чемпионатында Қазақстан командасының мүшелері төрт жаттығу бойынша финалға шықты.

 

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстан командасының үздігі Милад Карими көпсайыс, гимнастикалық керме және еркін жаттығудан әлем чемпио­натының финалына өтті. Ол көпсайыста 80,706 ұпай жинап, іріктеуде 16-орын иеленді. Осылайша, финалға шыққан 24 спорт­шының қатарынан көрінді. Сондай-ақ Милад гимнастикалық кермедегі жаттығу бойынша 14,433 ұпай жинап, іріктеуде үшінші нәтиже көр­сетті. Бұл жаттығуда 14,633 ұпай жинаған жа­пондық Даоки Хашимито бірінші, 14, 533 ұпай алған қытайлық Ху Хувей екінші орында тұр.

Сонымен қатар Карими еркін жаттығудағы іріктеу сынында 4-орын иеленіп, финалға өтті. Ол 14,941 ұпай жинап, Филиппин, Италия және Жа­пония спортшыларына ғана есе жіберген. Фи­налға шыққан спортшылардың қатарында На­риман Құрбанов та бар. Гимнастикалық ат снарядында 15,000 ұпай жиған Нариман алтыншы нәтижемен финалға жолдама алды. Финалдық кезеңдер 22, 23 және 24 қазанға жоспарланған.

 

 

Олимпиада алауы – Бейжіңде

Олимпия ойындарының алауы Афи­надан ақ қар, көк мұз үстіндегі төрт жыл­дықтың басты додасын қабыл­дай­тын Қытай астанасы – Бейжіңге жет­кізілді.

 

Олимпиада алауы алдымен Бейжіңдегі Олимпиада мұнарасына қойылып, кейіннен Қытайды аралап шығу үшін турнеге аттанады. Алайда факельдік эстафета ауқымы коронавирусқа байланысты қысқарған. 2022 жылдың 2-4 ақпаны аралығында Қытайдың үш қаласы – Бейжіңде, Яньцинде және Чжан­цзякоуде 1200 алаугердің қатысуымен эста­фетаның соңғы кезеңі ұйымдастырылады. Ал XXIV Қысқы Олимпия ойындары 2022 жыл­дың 4-20 ақпаны аралығында Бейжіңде өтеді.