Қазақстан • 22 Қазан, 2021

«Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» жарық көрді

117 рет көрсетілді

«ҚазАқпарат» ХАА» АҚ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» электронды кітабын дайындап, шығарды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан кітаптың электронды нұсқасы қалың оқырманға қолжетімді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабы - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы. Кітаптағы спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғалардың куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі елімізде болған экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасы ерекше орын алады. 

«Тәуелсіз мемлекет құру мен қалыптастырудың ауыртпалығын, қиындығының ауқымын сол кезеңді көзімен көріп, тікелей қатысқандар ғана нақты айта алады. Бүгінде көпшілігіміз үшін сын айтуға жеңіл көрінетін еліміздің бүгінгі жеткен жетістігі – сөз жоқ, ең алдымен Тұңғыш Президент – Елбасымыз негізін қалаған мемлекеттік дамудағы сындарлы саясаттың арқасы екені даусыз. Елбасы негізін қалаған ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім мен татулық, әлеуметтік-экономикалық реформалар, сыртқы саясаттағы көп векторлы ұстаным сынды басым бағыттар біздің басты құндылықтарымыз болып қала беретіні анық. Біз алға қарай да үлкен сеніммен осы қалыпта жүруіміз үшін – тарихымызды бағалап, өткенімізді ұмытпауымыз қажет. Осы ретте, «ҚазАқпарат» АҚ шығарған «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының естеліктерінен сыр шертеді. Кітапта Тұңғыш Президент, Елбасының сол кезеңдерде сенімінен шығып, қасынан табылған әріптестері ел дамуындағы маңызды сәттерді еске алып, өздерінің жеке естеліктерімен бөліседі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітап қалың оқырман қауым үшін қызықты болады деп сенемін», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Кітап Қазақстанның көрнекті саясаткерлерімен, экономистерімен, сондай-ақ ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлерімен эксклюзивті сұхбаттар негізінде құрастырылған. Онда ҚР бірінші Премьер-Министрі Сергей Терещенко, ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Тұңғыш Президент Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбек, белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов  және басқа да көптеген саясаткерлер жоба авторларына өздерінің жеке әсерлерімен бөліскен. 

Кітап оқырмандардың кең ауқымына, бірінші кезекте, Қазақстанның жаңа тарихына қызығушылық танытатындарға арналған.

Кітаптың электронды нұсқасын https://100angime.kz/ сайтынан оқып танысуға, көшіріп алуға болады. Сондай-ақ аталған сайтта кітапқа әңгімелері енген тұлғалар туралы да мәліметтер берілген.

Соңғы жаңалықтар

Ұлы Жамбыл мұрасы ұлықталды

Руханият • Бүгін, 00:33

Ұқсас жаңалықтар