Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және т. б. баяндады.
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,2%-ды құрады. Бұған жұмыртқа бағасының 1,3%-ға, сәбіздің 0,8%-ға және қанттың 0,7%-ға қымбаттауы әсер етті. Жұмыртқа бағасының ең көп өсуі Қарағанды (7,6%), Батыс Қазақстан (7,3%) және Ақмола (4,8%) облыстарында, сәбіз бойынша Алматы қаласында (4,5%), қант бойынша Қарағанды облысында (5,5%) тіркелді.
Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 4,4 млрд теңгеге артып, 45,1 млрд теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 90,2%-ға қамтамасыз етілді. 306 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 12%-ға артық.
Үш айлық кезеңге ӘМАТ-пен қамтамасыз ету еліміз бойынша 90%-дан асады, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында қол жеткізілді.