18 Ақпан, 2014

Болашақтың айқын бағдары

357 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫБарша қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын алдағы кезеңдерде ел дамуына тың серпін беретін, ұлт­тың болашағын кемел ететін, эко­номикалық дамуды жоғары көте­ре­тін және Қазақстанның ұлттық идеясы мен мемлекеттік идеологиясын айқындап берген аса маңызды тарихи құжат ретінде қабылдады. Тарихтың өткенінен сабақ ала отырып, ілгері жылжу біздің басты ұстанымымызға айналып келеді. Мұның ел дамуындағы зор маңызы барлығын Мемлекет басшысы әрдайым айтып та келеді. Жалпы, өткеннің де, бүгінгінің де тиімді тұстарын іскерлікпен пай­далана отырып, болашақты болжау және де сол болашақты жос­парлау әлемнің бүгінгі даму үрдісінде зор маңызға ие бол­мақ­шы. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы, осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіз елі­міз үшін тарихи құжат болып табылады. Осы орайда, ел бола­ша­ғын жоспарлау және де оны екі кезеңге, яғни бірінші кезеңін 2030 жылға дейін, ал екінші кезеңін 2030-2050 жылдар аралығына белгілей отырып, атқарылатын нақтылы істердің айқындалуы біздің сенімді түрде дамуымызға кепілдік берері де анық. Ел дамуының бесжылдықтарға жоспарланып, бөлінуі Қытай, Ма­лай­зия, Сингапур сияқты елдердің ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Кеңес Одағы кезіндегі бес­жыл­дықтарды да ұмыта қойған жоқ­пыз. Алайда, социалистік жос­парлы экономикадан Қазақстан Даму стратегиясының арасында зор айырмашылықтар бар. Ең әуелі, біздің қазіргі стратегиямыз дамудың ұзақмерзімді ау­қымын қамтиды. Алдағы уа­қыт­­та не істейтініміз және оған қол жеткізудің стратегиялық ба­ғыт­тары көрсетіліп отыр. Бұл орайда, Елбасы өз Жолдауында: «Егер ел өз бағыты мен баратын ай­ла­ғын білмесе, ешқандай жел оңы­нан соқпайды», дей келіп, қазақстандық дамудың жаңа стратегиясын алға тартты. Біз ендігі арада осы стратегия арқылы елі­міздің қай бағытпен дамитынын да, қайда баратынымызды да ай­қын біліп отырмыз. Елбасы таяудағы кезеңдерге және 2050 жылға дейін барша қазақстандықтардың алдына тарихи міндеттер қоя отырып, Отанымыздың әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қа­тарына қосылу мұратын бас­ты міндет етіп белгіледі. Жә­не де «Қа­зақстан-2050» Даму стратегиясының алтын арқауы, түп қазығы, ұлы бағдары Мәң­гі­лік Ел болу ұлттық идеясы айқындалды. Ал енді Мәңгілік Ел болу үшін де осындай ауқымды да әлеуетті стратегия керек болатын. Сол жасалды. Мәңгілік Елдің іргетасы қаланды. Бұл біздің болашағымыздың кемел де жарқын болатындығына сендіреді. Біздің еншімізге ата-бабалар арманын ақиқатқа айналдыру үлесі тиіп отыр. Еліміздің Даму стратегиясын ойдағыдай орындау арқылы біз Қазақстанның ХХІ ғасырда әлемдік экономикадағы тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Сол мақсатқа жету жолдары Жол­дау­да толық әрі жан-жақты айтылды. Әсіресе, еліміз қуатты болып, экономикамыздың тұрақты дамуы үшін энергетикалық тәуел­ділікті болдырмауымыз керек. Қазақстанның энергетикалық қуат көздерімен қажетті мөл­шерде әрі толық қамтамасыз етілуі біздің елімізде кең көлемде жүргізіліп жатқан индустрия­ландыру бағ­дар­­ламаларының ойдағыдай орын­далуының басты кепілі деу­ге негіз бар. Тіпті, электр қуа­тын­­сыз күнделікті тыныс-тір­ші­ліктің өзін көзге елестету мүм­кін емес. Еліміз қуатты, өзіміз бай бол­ғымыз келсе, Қа­зақстанға да сенімді энергия көзі керек. Осы орайда, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанда атом электр стансасын салу ісін қолға алатын кез келгендігін орынды атап көрсетті. Қазіргі уақытта және бола­шақ­та да арзан әрі сенімді энергияны тек атом электр стансалары ғана өндіретіндігін әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр. Бұл жөнінде сөз таластырудың да қисыны жоқ. Өйткені, уран қазіргі уақыттағы бәсекелестік қабілеті аса жоғары бірден-бір энергия көзі болып та­­былады. Уранның жоғары кон­цент­рацияланған энергия көзі ретінде көмір, мұнай, газ сияқ­ты өзге энергетикалық отын түр­лері­нен әрі жеңіл, әрі арзан, әрі ұзаққа жарамдылығымен де, тасымалдау шығынының аздығымен де көптеген артықшылығы, басты айырмашылығы бар. Әзірге ураннан басқа арзан әрі тиімді энергия көзінің балама түрі де табыла қойған жоқ. Атап айтқанда, 1 килограмм уран дәл осы мөлшердегі көмірден 20 мың есе көп электр қуатын бөледі. Яғни 1 килограмм уран 20 тонна көмір энергиясына тең келсе, құны жағынан да осындай үлкен айырмашылықты көруге болады. Мәселен, 1 ки­ло­ватт-сағат электр қуатын өн­ді­руге жұмсалатын көмірдің құ­ны 4 еуроцент болса, осындай мөлшердегі уранның құны 0,4 еуроцент, яғни уран көмірден 10 есе арзанға түседі. Бір реакторлы атом электр стансасындағы энергия блогын (ВВЭР-1000) 41 тонна уран отыны бір-бір жарым жыл бойы қамтамасыз ете алады. Атом энергетикасының тиімділігін мына бір жай да айғақтай түссе керек. Мысалы, қуаттылығы 2000 МВт-тық Троицк ГРЭС-інде күніне шамамен 120 вагон, 7200 тонна көмір жағылады екен. Қазақстан аумағында қазір 1-1,5 миллион тоннаға жуық табиғи уран қоры барлығы белгілі болып отыр. АҚШ-тың ядролық-отындық цикл мәселелері жөнін­дегі беделді апталығы «Ux Weekly»-дің жарияланымы бо­йын­ша, Қазақстан уран өндірісі жөнінен Канада мен Австралиядан кейінгі үшінші орында болса, барланған уран қоры бойынша да алдыңғы орындардың бірінде. Осы орайда, біз ендігі арада мына жайларды да ескеруіміз керек. Атом электр стансасы сыртқы қа­бат­тағы табиғи факторлардан тәуелсіз болып келетіндіктен де оны географиялық кез келген жер­ге, соның ішінде таулы жерлерге де салуға болады. Сондай-ақ, автономиялық режімде жұмыс істейді, отын шығыны да аз. Жыл­дам нейтронмен жұмыс іс­тей­тін АЭС реакторының атмосфераны ластауы да өте төмен бо­ла­тын­дығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Қазіргі кезде әлемнің дамы­ған елдерінің көпшілігі атом элек­тр стансалары арқылы өнді­ріл­ген энергияны көбірек пайдаланады. Мысалы, АҚШ-та тұ­ты­нуға қажетті барлық электр энер­гиясының – 23, Францияда – 75, Жапонияда 48 пайызын атом электр стансалары береді. Өздеріндегі атом электр стансалары арқылы бір жылда АҚШ – 836,7, Франция – 439,7, Жа­пония – 263,8, Ресей – 177,3, Корея – 142, Германия 140,5 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын алып отыр. Біз 2014 жылы Қазақстанда өндірілетін барлық энергия қуатын 97,9 миллиард киловатқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта Қазақстан энергетикалық жағынан өзгелерге тәуелді болмас үшін АЭС салудың маңыздылығы да, қажеттілігі де айқын сезіле бастары анық. Сон­дай-ақ, елімізде кең көлемде жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, алдағы уақытта энергетикалық қуат көздеріне деген сұраныстың өсе түсері де сөзсіз. Ал атом энер­­гиясын пайдалану бұл сала­да­­ғы тапшылықты жойып қана қой­май, оны көршілес елдерге экспорттауға да мүмкіндік бе­ре­ді. «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сының толыққанды жүзеге асуы энергетиканы дамытуға байланысты екендігін де айтуға тиістіміз. Қазір кейбір елдерде жеңіл нейтронмен жұмыс істейтін тиімді реакторлар да іске қосылған. Дәл осындай жеңіл нейтронды реактордың бірі Қазақстанның Ақтау қаласында салынып, сол арқылы теңіздің тұзды суы тұщы­ландырылып және электр энергиясы да өндіріліп келеді. Сондықтан да атом энергиясын пайдалану Қазақстанда енді ғана қолға алынғалы отырған жоқ деп санаймыз. Ендігі арада Қазақстанның өз атом электр стансасының бол­ғанын құптаймыз. Бұдан бас тартудың қажеті жоқ. Өзі­міз уран өндіреміз, өндіріп қана қой­маймыз, оның қоры мен өн­дірілуі жөнінен әлемде алдың­ғы орындардың біріндеміз.Солай бола тұра, сол уранды электр энер­гиясын өндіруге пайдалана алмай отырмыз. Болашақ ядро­лық энергетикада екендігін мойындағанымыз жөн. Атом электр стансасын салу арқылы біз еліміздегі ғылыми-техникалық жаңғыруға да жол ашылатындығын ескеруге тиіс­ті­міз. Қазақстанның ғылы­ми-техникалық өрлеуінің жаңа мүм­кіндіктері де ашыла түсері сөз­сіз. Елбасының биылғы Жол­дауында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының басым бағыттарының бірі ретінде «ғылыми қамтымды экономика құру» туралы ай­тыл­ғандығын ескерер бол­сақ, атом электр стансасын салу мен ғылымның сабақтас екен­ді­гін де ұмытпағанымыз жөн. Қазақстанның Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі халықаралық ұйым – МАГАТЭ-нің конвенциясына қосылғандығы да белгілі. Алайда, бұл жай елімізде атом энергиясын бейбіт салада пайдалануға қолбайлау бола алмайды. Әрине, бұл жобаны іске асы­ру барысында ең алдымен, қауіп­сіздік мәселесіне басымдық берілетіні де сөзсіз. Атом электр стансаларын жылдар бойы пайдаланып келе жатқан елдердің тәжірибелері де ескерілетін болады. Сол елдердің білікті мамандары шақырылып, бұл саладағы жоба тыңғылықты зерттеледі. Үкі­мет және осы саланы жүзеге асыратын ұйымдардың қауіпсіздік мәселесіне баса назар аудараты­ны­на да сенімдіміз. Уранға бай Қазақстан сияқты елдің таза энер­­гия көзін пайдалануға то­лық құ­қығы да, мүмкіндігі де әб­ден бар. Олай болса, біз осы мүм­кіндікті жан-жақты пайдалануы­мыз керек. Біз жақсы өмір сүр­гіміз келсе, өз ұрпағымызға жар­қын өмір сыйлағымыз келсе Ел­ба­сының атом энергиясын пайдалану туралы тапсырмасын көп кешіктірмей қолға алуға тиістіміз. Энергияның жаңа жетістіктерін, әсіресе, келешегі мол түрін тиімді пайдалану елі­міз­дің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылататыны да сөзсіз. Жаңа технологиялар мен арзан әрі тиім­ді энергия көздері өндіріс қуат­­­тарының өнімділіктерін үз­діксіз арттыра түсуге тың сер­пін берері де анық. Қазіргі уа­қытта энергетикалық қуат көз­дері­­нің толық жетіспеушілігі мен бағасының қымбат болуынан экономиканың кей салаларында өнімділіктің төмен болып отырғандығын да жасыра алмаймыз. Мемлекет басшысы өз Жол­дауында: «Біз қолға алған кез келген мәселе бойынша жұрт­шы­лыққа түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізуіміз керек», деп ескерткеніндей, елімізде атом электр стансасын салудың тарихи қажеттілігі Мәңгілік Ел болу идеясын жүзеге асыру үшін аса керек дүние екендігін барлық қазақстандықтар түсінер және қолдар деген сенімдеміз. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты.