Әлем • 24 Қазан, 2021

Польша Еуроодаққа неге шүйлікті?

379 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуроодақ мүшелері кезек­ті саяси дағдарыспен бет­пе-бет келді. Осы жолы Поль­­ша ЕО заңдары ел конс­титу­циясына қайшы ке­ле­тінін айтып, ұлттық заң­ның үстемдігін қор­ғап қалуды мақсат етті. Бұл кезек­ті саяси дағдарыс қана емес, Еуропаның 27 мем­лекетін біріктірген ұйым­ның құндылықтары мен негізіне қатысты дауға алып келді.

Польша Еуроодаққа неге шүйлікті?

Қазан айының басында Варшавадағы сот залында оқыл­ған үкім ЕО мүшелерінің назарын бірден аударды. Онда Польша Конституциялық соты­ның басшысы Одақ заңна­масы өз елінің конституциясымен үйлеспейтінін мәлімдеген. Бұл үкім Варшава мен Брюссель арасында поляк сот жүйесінің даулы реформасына қатысты араздықтың басталуына алып келді. Жауап та көп күттірмеді. Люксембургтің Сыртқы істер министрі Польшаға «отпен ойнап жатқанын» ескерткен.

Өткен аптада Польша Премьер-министрі Матеуш Мо­ра­вец­кий өз үкіметінің әрекет­терін қорғау үшін Еуропа­лық парламенттегі қызу пікірталасқа қатыс­қан, алайда сөз алған де­пу­­таттар бірінен кейін бірі Поль­­шаны айыптай бастады. Осы­мен жағдай одан сайын ушы­ғып кеткенге ұқсайды. Польша Премьер-министрі Еуро­комис­сия басшысымен сөзге келіп қал­ған. Еуропалық комис­сия­ның басшысы Урсула фон дер Ля­йен бұл әрекет Еуроодақ­тың не­гізіне күмән келтіретінін айтты.

«Бұл – мүше мемлекеттің соты ЕО келісімдерінің ұлттық конс­­титуцияға сәйкес келмей­ті­нін бірінші рет мәлімдеуі. Үкім Еуропалық одақтың негізі­не күмән келтіреді. Бұл – еуропа­лық құқықтық тәртіптің бірлі­гі­не тікелей сынақ», деді пікірта­лас кезінде Еурокомиссия басшысы.

Польша Премьер-министрі Еуро­палық одақты өз өкілеттік­терін асыра пайдаланып, Поль­шаны санкциялармен комис­сияның нұсқауларын қабыл­дауға мәжбүр етті деп айыптады. «Егер Еуропаны ұлтсыз ірі державаға айналдыр­ғыларыңыз келсе, алдымен Еуропа елдері мен қоғамдарының келісімін алыңыз», деді Польша Премьер-министрі. Еурокомиссия басшысы ЕО атқарушы органы бұл заң бұзушылықтардың жазасыз қалуына жол бермейтінін жеткізген. Осылайша, Еуро­па­лық парламенттегі отырыс мә­­селені шешті деуге келмес, кері­сінше осыдан кейін жағдай ушыққанға ұқсайды.

Бір кездері Еуроодақты шы­ғысқа қарай кеңейтудің ең үлкен мүмкіндігі деп саналған ел үшін бұл күтпеген жағдай. Польшаның 2004 жылы блокқа қосылуы Орталық Еуропа елін­дегі экономикалық дамуға ық­пал етті. Осыған дейін тасада бол­­ған елге Батыстағы әріп­тес­­тері­­мен тығыз байланыс орнату­ға тап­тырмас мүмкіндік бергені анық.

Алайда еуропалық интегра­ция­ның қозғаушы күші болудың орнына Польша соңғы жылдары Еуроодақ ішінде бүлікшіл мү­шеге айналды. 2015 жылы би­лікке Ярослав Качинскийдің «Заң және әділеттілік» консер­ва­тивті-ұлтшыл партиясы (PiS) келгеннен бері Варшава мен Брюссель бірнеше рет қақты­ғысып қалған.

Алғашқы үлкен жанжал­дар­дың бірі көші-қонға байланыс­ты болды. Жақында олар ЛГБТ құ­қықтарынан бас тартты. Бірақ ең ұзақ әрі ірі жанжал заң­ның үстемдігі үшін бол­­ды. Қақ­ты­ғыстың өршігені сон­­шалық, Польша бір кездері мүм­кін емес болып көрінген Brexit сценариін қайталап, Еуроодақтан шыға ма деген сұрақтар туа бастады.

Билікте болған алты жыл ішін­де PiS біртіндеп сот билігін ат­қарушы билікке бағындырып, өзгерістер енгізе бастады. Билік­тегі партия көбі тиімсіз деп тап­­қан жүйені қайта құру үшін оны өзгерту қажет деп санады. Алай­д­а Брюссельдің бұған қа­тыс­ты көзқарасы басқа болды. Бұл әрекеттер сот билігінің тәуел­сіздігіне қол сұғушылық деп бағаланып, соңғы үш жыл ішін­де ол Польшаны бірнеше рет ЕО Жоғарғы сотына шақырған.

Ал 7 қазанда жариялан­ған үкім бұл күрестің шарық­тау шегі болды. Польша Әді­лет ми­нистрінің орынбасары Себастьян Калета Польша мен ЕО заңдары туралы мәселе әй­теуір бір көтерілуі керек еді деп есеп­тейді. Өйткені ЕО Жоғарғы соты Польшаның сот реформаларына қарсы шешімдерінде өз өкілеттіктерінен асып түскенін айтады. Бұл жағдайды Варшава ұлттық мәселе деп таныған.

Ал партияның қарсыластары бұл әрекетті ЕО-ны біріктіріп отырған принциптерге қарсы бұрын-соңды болмаған бүлік ретінде көреді.

Бұл оқиғаны кезекті дағда­рыс­тан әлдеқайда ірі деп баға­лай­тындар көп. Мәселен, Еуро­палық ашық қоғам саясаты инс­титутының директоры Хи­зер Граббе бұл Brexit немесе көші-қон дағдарысына қа­ра­ғанда салмағы әлдеқайда ауыр дағ­дарыс деп есептейді. Өйт­кені бұл Еуропалық одақтың негі­зіне қатысты сұрақ туындататынын айтады. Сондай-ақ ол бұл демокра­тия құндылықтарын жоққа шыға­ра­тынын мәлімдеді, себебі «заң­ның үстемдігінсіз демократия болмайды».

Өткен аптада болған Брюс­сель саммитінің басты тақырып­тарының бірі Польшаға арналды. Отырыста Бельгия Премьер-министрі Александр де Кро Поль­шаға қатысты: «Одақта бо­лып, оның пайдасын көргің кел­се, ережелерді құрметтеуің ке­рек. Клубтың мүшесі бола тұра, ере­ж­елердің маған қатысы жоқ дей алмайсыз» деді.

Ал Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Поль­шаны қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, ЕО құқығы­ның үстемдігі шартта бекітілме­ген, сондықтан Еуроодақ тек өз өкілеттігі бар жерде басымдыққа ие. Мажарстан басшысы көп жағ­дайда еуропалық инсти­тут­­тар ұлттық парламент пен үкі­­мет­тің құқығын айналып өтеті­нін мәлімдеді.

Жалпы, Еуроодақ осыған дейін Мажарстан мен Польшаны сот жүйесінің тәуелсіздігі, БАҚ бос­тан­дығы және мигранттар мен біржыныстылардың құқық­тарын қорғау туралы Еуроодақ құндылықтарын елемегені үшін айыптап, оларға қарсы құқық­тық шаралар қолданған.

Брюссельдегі саммитте Поль­ша мәселесі барлық ел көш­­бас­­шыларын алаңдатқаны белгілі. Бұл мәселені шешуге қатысты ұсыныстар да екіге жа­рылды. Бірі қатаң шаралар­ды ұсынса, енді бірі диалог пен келісімді алға тартты. Еуро­одақ үшін қатал ше­шім санкция­лар болатыны түсінік­ті. Десе де, Польша бұл әрекеті­мен бі­разының ашуына тиген се­кілді. Айрандай ұйып отыр­ған ұйымды ішінен іріте бастаған­дарға басқаша қалай қарасын?

Варшава мен Брюссель ара­сындағы бес жылдан бері созы­лып келе жатқан дау соңын­да Польшаның Одақтағы тағды­ры­на қатысты бола бастады. Еуро­комиссия басшысы қазір тәр­тіп­сіздікке қарсы жазаның ой­лас­тырылып жатқанын айтып қал­ды. Оның ішінде Польшаға бөлі­нетін қаржыны азайту секілді құқықтық шешім және ЕО-да дауыс беру құқығынан айыратын санкцияларды көбейту бар.

Саммитке қатысқан Ангела Меркель бұл ЕО мен Польшаға ғана қатысты мәселе емес екенін алға тартты. «Польша жағ­дайы бұдан да үлкен мәсе­ленің ба­рын көрсетті. Өзге мүше мем­лекеттердің Еуроодаққа көз­қарасы қандай екенін және өз еге­мендігінің қаншалықты бөлігін бере алатынын байқатты», деді Меркель. Ол бұл мәселеге қа­тыс­ты ортақ шешімге келуге ша­қырды. Еуропа елдерінің ара­сында бас медиатор болып келген Меркельден кейін өзге көшбасшылардың қалай әрекет ететіні белгісіз.

Польша ЕО мүшелерінің айта алмай жүрген мәселесін дауыстап айтып, бүлікші атанып отыр ма деген сұрақ туын­дады. Алайда Еурокомиссия оты­рысы мен саммиттен бай­қаға­­ны­мыздай, Польшаны жақтай­тындар қатары сирек. Польша бұл «батырлығы» үшін енді барынша жазалануы да ғажап емес. Десе де бұл жағдай Еуроодақтың ынтымағы мен құндылықтарына сызат түсіргендей. Онсыз да бір Brexit-ті басынан өткерген Одақ оны қайталағысы келмесе керек.