Су дауы шуға айналмай шешіле ме?
Қазақстанның ішкі және сыртқы су ресурстарына қатысты саясаты ашық әрі нақты болғанымен, бастауын өзге мемлекеттерден алатын ағынды өзендерге келгенде ұтылатын тұстар бар. Іргелес 5 елмен табиғи су көздерін бірігіп тұтыну туралы келісімге қол қойғанбыз. Өкінішке қарай, бұл келісімнің бәсі төмендей бастаған сыңайлы. Өйткені ортақ су қорын тұтыну барысында еларалық құжаттарда жазылған нормалар жиі бұзылады. Әсіресе, Жайық өзеніндегі су мөлшерінің қалыпты деңгейін сақтауға қатысты талаптарды Ресей тарапы жиі бұзса, Сырдарияның суына қатысты тепе-теңдікті Өзбекстан жағы сақтауға құлықты емес көрінеді. Сол сияқты Іле өзеніндегі су көлемінінің күрт азаюына Қытай елі де жауапты. Қырғыз Республикасымен арада да шекаралық өзендерге қатысты жиі жиын өтеді. Мәселенің мәнісі әр елдің экономикалық дамуға деген ұмтылысында жатыр. Яғни өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы шикізат пен су қорын да шектеусіз пайдалануға әкелуде.
Ал іргедегі табиғаттың иен тегін байлығы – өзен суын қажетінше іске жаратуға ұмтылуға бәріміз қақылымыз. Бірақ, бұл ұмтылыстың соңы екінші елдің экономикасы мен өңірдің экологиясына кері әсерін тигізетінін естен шығармау керек еді. Еларалық келісімдердің өзі осы мақсатқа орай бекітілмейтін бе еді? Жалпы, бүгінде табиғи су көздеріне қатысты туындаған проблема дүние жүзін алаңдатып отырғаны анық. Әлем қазір екі бағытта елең-алаң күй кезіп отырған тәрізді. Біріншіден, адамзатты таза ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес, қазір бұл тіптен ушығып, ғаламшардағы ішуге жарамды су қорының азайып кеткені өткір айтылуда. Екіншіден, өзен, көл, мұхит суларының тартылуға бет бұрғаны жайындағы ақпарат та желдей есіп жатыр. Яғни, ғаламшардағы құрғақшылық пен ылғалданудың тепе-теңдігіне зор қауіп төніп келеді екен. Мұның астарында үлкен экологиялық проблема жатқанын да әлем ғалымдары ашық айтып, дабыл қағуда.
Өкінішке қарай, осы су жағдайы Қазақстанға да шетін мәселе болмай отыр. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар» атты Жолдауында айтылды. «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар...» деген болатын Президент өз Жолдауында.
Мәселенің түйіні Жолдау жүктеген міндеттің орындалуына қатысты Үкімет қолға алған жұмыстар аясында шешіле ме? Бәлкім, көрші елдермен арадағы өзен суын бірігіп қолдануға қатысты келісімдердің кейбір тұстары қайта қаралып, арнадағы су көлемін азайтпау туралы оңтайлы шешім қабылданар. Әйтпесе, су тапшылығы кесірінен егістігі қурап, өнімі күйіп кеткен қа-
зақ шаруасының жанайқайы жетіқат аспанға жетіп болды. Бір жағынан бұл экономикалық мәселе екені анық. Ал арналы өзендердегі су мөлшерінің қалыпты деңгейде сақталмауы тағы бір өткір проблеманы ушықтыра түсуде. Яғни дәл қазір Қазақстанда су көздері төңірегінде пайда болған экология қаупі де жоғарылап келеді...
Су деңгейі қаншалықты азайды?
Трансшекаралық өзен суының кеміп кетуінен зардап шегіп отырған табиғи байлық көзінің көш басында Балқаш көлі тұрғаны анық. Жалпы, еліміздің ғана емес, әлемнің інжу-маржанына айналған айдын төңірегіндегі экологиялық проблема біздің жиі айналып соғатын тақырыбымызға айналып келеді. Бұл бағытта соңғы 2 жыл көлемінде онға жуық мақала жариялап, мәселені билік пен бұқара назарына ұсынып келеміз. Газет көтерген тақырыпқа орай Парламент Мәжілісінде депутаттық сұрау салынып, Іле өзеніндегі су деңгейінің азаюына қатысты фактор Үкімет деңгейінде қаралды.
Көл суының көзге көрінбей азайып келе жатқаны белгілі. Мұны экологтер мен гидролог мамандар ғана емес, су жағалай қонған байырғы жұрт та жыр қылып айтады. Мысалы, Алматы облысының екі аймағы – Балқаш және Қаратал ауданының тұрғындары кейінгі жылдардағы өзгерісті анық сезініп отыр. Екі ауданда да егін шаруашылығы, оның ішінде күріш егістігі жақсы дамыған. Балық аулау ісі де қарқынды жүреді. Көлге құятын өзен суларының азаюы өңірдегі егістік алқаптарының көлемін қысқартуға дейін әкелуде. Ал көл суының жағалаудан шақырымдап алыстауы балық аулауға қиындық туғызып отырған көрінеді.
Мысалы, Балқаш ауданындағы Ақдала массивінде күріш өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі – «Тамшыбұлақ» серіктестігі. Шаруалар биыл небәрі 1 350 гектарға ақмаржан егіпті. Ал су мол жылдары күріш алқаптары 2 200 гектарға дейін жеткен екен. Жылдан жылға су тапшылығы сезіліп, шауашылық егістік көлемін азайтуға мәжбүр болып отыр. Бұл жерде екі мәселе бар. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің табысы кеміп, жұмысшыларды қысқартуға дейін барып отырғаны бір мәселе болса, бос қалған күріш атыздары сорланып, кәдімгі тұзды алқапқа айналып барады.
– Бұрын қолданыста болған алқаптарды жылда суарып, тұзын шайып тұрмаса тұздың көтеріліп кету қаупі бар деп ойлаймыз. Тура Аралдағы жағдай қайталанып отыр. Өйткені бірнеше жыл қаралмай қалған жерге сор жиналып, тұзданып қалады. Сол үшін біз алқапты сумен шайып, басқа дақыл егуге көшіп жатырмыз. Өнімділік аз, әрине, бірақ, бос тастап қойсақ, мүлдем ештеңеге жарамайтын жерге айналады. Науқан кезінде біздің шаруашылықтағы жұмысшы саны жүз адамға дейін жетеді. Маңайдағы тұрғындардың басым бөлігі осы күрішпен жан бағып отыр. Айына 400-500 мың теңге жалақы алатындар бар. Жалпы, ауданда біз сияқты 40 шаруашылық күріш егумен айналысады. Өнімді тазартып, ақтайтын бірнеше зауыт та бар. Жылына 30 мың тонна ақмаржан өндіреміз. Басқа дақылға ауысудан гөрі жаңа технологиялар енгізу тиімдірек болар еді. Үкімет осы мәселеге назар аударса, – дейді балқаштық шаруа Мұстафа Қалиев.
Шаруа сөзінің жаны бар. Жер қыртысының сорланып, тұзға айналуы экологиялық қауіпке айналып отырғанын мамандар да жоққа шығармайды. Болжам бойынша аумақтағы тұзды тозаң мен көмірқышқыл газының көп мөлшерде жиналуы Алатаудағы мәңгілік мұздықтардың жаппай жібуіне әкеліп соғады. Қазірдің өзінде Іле Алатауындағы мұздар еріп, таудағы су қоймаларына жиналып жатыр-мыс. Әрине, бұл мәселе тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Биыл Балқашқа құятын Іле өзеніндегі су көлемінің деңгейі қалыпты жағдайда болғаны жайында ақпарат бар. Яғни көлге құйылатын су көлемі айтарлықтай азаймаған. Бір қызығы, бұл факторға Қытайдан ағып келетін өзеннің бастауындағы су қорының түк қатысы жоқ екен. Іле суының көбеюіне Алатау мұздықтарынан бөлінген ылғал тікелей әсер етіп отырған көрінеді.
– Балқаштағы су деңгейі негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айтқанда, жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аумағы да соншалықты толығып тұрады. Демек көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге су тапшылығының алдын мұздықтардан еріген су көлемі алып тұр. Алатаудағы мұздықтар мәңгілік емес, жылдар өте еріп таусылады, – дейді «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов.
Өкінішке қарай Балқаш көлінің экологиялық қаупін анықтап, Үкімет назарына ұсынып отырған мекемелердің жұмысында бірізділік жоқ. Оның үстіне соңғы 14 жыл көлемінде көлге қатысты кешенді зерттеу жұмысы жүргізілмеген көрінеді. Яғни көл суының жыл сайын қаншалықты азайғанын тап басып айту қиын. Ал ашық дерек көздеріне жүгінсек, Балқаш көлінің су көлемі теңіз деңгейімен салыстырғанда 342,8 метрге дейін төмендеген. Бұл – 2012 жылғы дерек. Жалпы, соңғы 2 мың жыл бойы теңіз деңгейінен 346 метрдей жоғары қалпынан айнымаған көлдің тереңдігі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап төмендеуге бет алыпты. Қазір судың деңгейі бұрынғы ернеуінен 3-4 метрге дейін құлдилағаны айтылады. Бірақ еліміздегі Жағрапия және су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеу жөніндегі ғылыми институты директорының орынбасары Саят Әлімқұлов бұл пікірмен келіспейді. Маманның айтуынша, Балқаш көлінің су деңгейі қалыпты мөлшерде тұрған көрінеді.
– Балқаштың көлемі 2000 жылдан бері бір деңгейде тұр. Жалпы, көл суын есептеуде Балтық теңіз жүйесі биіктігін назарға аламыз, салыстырмалы түрде қарағанда қазір көлді қалыпты деңгейде деуге болады. Судың азаюы 1987 жылы байқалған, ол кезде деңгей 16 мың шаршы шақырымға дейін төмен түскен екен. Қазір 18 мың шаршы шақырымға дейін азайған күннің өзінде қауіпті шекке жетті деп айтуға болмайды, – дейді ол.
Алайда географ Наталья Ивкинаның көл суының деңгейін анықтауға қатысты өз уәжі бар. Маман 1941 жыл мен 2020 жыл аралығында Балқаш көлінің су көлемі жөнінен бірнеше рет өзгеріске түскенін, су тартылып, қалпына келген сайын ондаған метр аумақтың құрғақ аумаққа айналып отырғанын айтады.
– Қазіргі дерек бойынша көл суының деңгейі 342,5 метр шамасында. Бұл ғылыми көзқарас тұрғысынан қалыпты болғанымен, табиғи үрдіс өз қажетіне қарай сұранысты арттыруы мүмкін. Яғни аумақтағы флора мен фауна бәрібір өзгеріске түседі. Өсімдіктердің бейімделу кезеңінде көптеген түрі жойылып кетеді. Бұл осы маңдағы аң-құстардың түріне де қатысты. Бұған шаруашылық факторын қосыңыз. Қазір егістіктер бос қалып жатыр. Су жетіспейді дейді. Рас, бұрынғыдай мол су енді жоқ. Жаңа технология қолданып, егістіктен өнім алуды жалғастыру керек. Қараусыз қалған жерге қурай өсіп, тұз жиналады. Қазір Балқаш жағасындағы батпақтың құрғауынан бөлінген тозаң Алатауға жетіп, сіңіп жатыр. Бұған Аралдан ұшқан тұзды тозаңды қоссаңыз, түбінде Алматы маңында қар мен мұз қалмайтын болады. Бұл бәрімізді ойландыруы тиіс, – дейді ол.
Алматы облысы