Білім • 25 Қазан, 2021

Білімдіні қолдау – болашақты ойлау

529 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында халықаралық білім бәйгелерінен жүлде алған озат оқушыларға бір реттік ақшалай сыйақы беруді, гранттар тағайындауды тапсырған еді. Мәселе қалай шешімін таппақ? Ақшалай сыйақының көлемі қанша? Грант қандай оқу орнынан беріледі?

Білімдіні қолдау – болашақты ойлау

Мәселе оқушыда ғана ма?

Қоғам арасында, әсіресе әлеу­мет­тік желілерде ғылым мен бі­лім әлемінде әлемдік додалар­да дараланған дарабоздарды жаз­байды деп журналистерді жиі жазғырады. Биылғы халық­ара­лық олимпиададан алтын медаль алған баланың жетістігін жария­лағымыз келді. Сөзден нә­ти­­же шығару үшін ғана емес, өзі­міз де шоу мен тойдан гөрі ғы­лым, білімді на­си­хаттауға мүд­­делі болғандықтан жа­зу­­ға құ­­лық таныттық. Директоры орын­­­ба­­сарына, ол мұғалімге, мұ­ға­­лім ке­ле­сі мұғалімге, онысы оқу­шыға сілтеп, әзер дегенде жетіп хабарлассақ: «Сөзімді жа­зып алып, шығарғаныңыз үшін маған қа­л­амақы төлейсіздер ме?», дейді. Ол туралы материал шықса, фи­лан­троптар мен ректорлардың көзі­не түсуі мүм­кін екенін, одан әрі қол­дауға жол ашылатынын айт­тық. Сөзі­міз­ді соңына дейін жет­­кі­зе тың­да­мас­тан тұтқаны тас­тай салды.

Жас буынның бағыты басқа, ойлау жүйесі бөлек қой. Мүмкін бір біл­мей­тініміз, біз түсінбей тұрған тұсы бар шығар, талқылау керек-ақ. Міне, осын­дай мақсатта әлеуметтік желідегі парақ­ша­мыз­ға: «Көбі журналистерді шоу­дан өзгені жазбайды деп жазғырады. Жа­рия­лайық десек, жағдай мынадай», деп жаздық.

Сонда желі қолданушылар арасында: «Ба­ла­ні­кі дұрыс. Еңбек пен сөзге ақы төленуі керек. Капитализм заңы. Шетелде әр сұхбат сатылады» немесе «Са­қалын сатқан кәріден, ақылын сатқан жас артық», деп бұрмаланған қанатты сөзбен баланы жақтағандар болды. Екін­ші жағынан жүлдегер-жасөспірімді «жұлдыз дертіне шалдықты», деп датта­ға­ндар да болды.

Желінің «желі» гуілдеп тұрған заман ғой. Артынша әлгі олимпиада же­ңім­­пазының мұғалімі (қайдан тапқа­нын білмейміз) нөмі­рімізді тауып алып, қо­ңы­­раулатып тұр. Оқу ошағын, оқу­­шы­ның аты-жөнін, қайдан еке­нін көр­сет­п­есек те жазбамызды өшіруді сұрады. Өтінішін орын­дадық. Бірақ баланың мұн­­дай әре­кетке не себептен бар­ға­нын бүк­­песіз баяндағанда ғана өті­ні­шінің орын­далатынын жет­кіз­дік. Себебі бұл өзге жеңімпаз ба­лалардың көкейіндегі мә­се­ле бол­уы әбден мүмкін ғой деген ойда болдық. Болжамымыз теріс шық­­пап­ты.

«Біз балаларды олимпиадаға өз ер­кі­міз­бен, ешкімнен қандай да бір қар­жы­лық қолдау күтпес­тен даярлаймыз. Ба­лалар да түрлі білім бәйгелеріне ата-ана­сының қалтасын «қағып» барады. Мы­салы, сіз хабарласқан оқушы мемле­кет­тен ешқандай көмек алмастан әке-шешесінің қаржысымен олимпиадаға қа­тысып келді. Негізі мұндай жағ­­дайда облыстық «Дарын» орта­лығы төлеуі тиіс-тін. Бірақ біз­дің өңірде орталық был­тыр ғана ашылғандықтан алтын ме­даль алған халықаралық олим­пиадаға де­йінгі 2018 және 2019 жылғы олимпиа­да­ларда (республикалық, халықаралық) ба­ла ата-анасының ақшасымен барды. Кейбір жарыстардың шығынын мектеп директоры атсалысып, оқу оша­­ғы атынан төлеп тұрды. Дегенмен әке-ше­ше­сі баланың жатын жеріне, жү­­ріп-тұруына тө­ле­ді ғой. Оның үстіне сіз­­дер хабарласқанда жолда да сол олим­­пиадаға қатысу кезінде біраз қиын­­шылыққа кезіктік. Ка­рантинде «қа­ма­лып», екі апта уақыт өткізіп келгенде журналистер толассыз хабарлас­­ты. Ол мұндай ашықтыққа үй­рен­бе­ген ғой. Оған қоса бір нәр­се­ні қайталап айта берген­нен де мазасы қашқан болар», деп бір тоқтады жеңімпаздың мұғалімі.

Тапсырма мен талаптан туған шешім

Иә, баланың жайын түрлі тарапқа тартып талқылай беруге болады. Мұғалімі айтқан медиаға үйренбеуі де мәселе емес, алдын ала көп қайталанатын сұ­рақ­тар­ға жауабын дайындап қойып уа­қытты да, жүйкені де құрт­пай­тын жол таба аласыз. Бізді ойлант­қаны – мұ­­ғалімнің сонау жерге оқушының ата-анасы бер­ген ақшамен барғанын айт­қанында. Және осы сөйлемінде дауы­­сын­дағы қынжылысты анық байқадық. Қынжылысы орынды ма? Біздіңше, орынды. Өйткені бір баланың басындағы жағ­дай Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаға қатысып жүрген басқа да оқушыларда кездесуі мүмкін.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы түйт­кілдің түйі­нін­ дөп басқандай, халық­қа Жол­­дауын­да: «Биыл бірне­ше оқушы халықаралық пән олим­пиа­­даларының жеңімпаздары мен жүл­дегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін кон­курстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйа­қы да тө­лейміз», деді.

Осыдан соң «Сыйақының мөл­шері қандай болады?» деген сұрақ көптің көке­йінде тұрды. Жолдау жария­лан­ған­нан кейін көп ұзамай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі­нің әлеуметтік желідегі ресми парақ­ша­сында:

«Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес кон­курс­қа қатыспай-ақ гранттар беру, сон­дай-ақ бір­­­жолғы ақшалай сыйақылар көз­деледі: алтын медаль үшін кемінде 1 500 АЕК, күміс медальға – 1 000 АЕК, қола ме­дальға 500 АЕК ұсынылады», деп жазды. Биылғы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге. Сонда алтын медаль алған оқушы бір рет 4 млн 375 мың 500 теңгелік ақшалай сыйақы алады. Ал күміс медаль иегері 2 млн 917 мың теңге, қола медаль иесі 1 млн 458 мың 500 теңгеге қол жеткізеді.

Шыны керек, бұл – өте үлкен же­­тіс­тік. Себебі бұған дейін олим­пиададан оқ бойы озық шы­ғып, елдің намысын шетелде қорғаған өрендерімізге мемле­кет­тің атынан мұндай ынта­лан­дыру болған жоқ. Десек те Мем­лекет бас­шысы оқу­шы­ларды ғана емес, олар­ды даярлаған мұғалімдерін де қа­лыс қал­дырмауды, моральдық және ма­териалдық тұрғыдан ын­та­ландыруды тапсырған-тын. Бұған қатысты министр А.Ай­ма­ғамбетов: «Халықаралық олим­пиа­далардың жүлдегерлерін дайын­­да­ған педагогтерді қолдау шара­лары көз­деледі», деп қысқа қайыр­ды. Осы орай­да «Нақты қандай қолдау шаралары көз­делген? Ақшалай сыйақы ма, болса қандай мөлшерде? Әлде шипажайға жолдама ма, болса қайда?» деген сұрақ туатыны заңды. Сауалымызды тиісті ве­домствоға жолдадық. Білім және ғы­лым министрлігінен: «Қазіргі уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заңына өзге­рістер енгізілуде. Халықаралық пән олим­пиада­ла­рының жеңімпаздары мен жүл­­дегерлерін дайындаған педа­гог­т­ер­ді бір­жолғы ақшалай сыйа­қы­мен қам­та­ма­сыз ету бөлігінде түзету қарас­ты­­рыл­ды», деген жауап алдық. Аны­ғы­рақ айтар болсақ, «Педагог мәрте­бесі тура­лы» заңның 9-бабы 3-тар­ма­ғын­да: «Жергілікті атқарушы ор­гандар бір­жол­ғы сыйақы төлей отырып немесе он­сыз, жергілікті ерекшелік бел­гілері мен құрметті атақтарды тағайын­дау және ын­таландырудың өзге де ны­сан­­да­ры арқылы, оның ішінде Қазақ­стан Республикасында белгіленген мере­келік күндерге орай педагогтерді кө­тер­мелеудің қосымша шараларын бел­гі­­леуге құқылы», делінген.

Бірақ мұнда, біріншіден, «сыйақы тағайындауға міндетті» де­лінбеген. Сол себепті бір әкім­дік мұғалімге кө­лік мінгізіп жатса, бір елдегі екінші әкім­­дік алғыс хатпен марапаттап қоя сал­уы мүмкін. Екіншіден, «олим­пиада жүл­дегерлерін да­йын­­даған мұғалім­дер­ге» деп нақ­ты көрсетілмеген. Содан да бір өңірде педагог жай ғана қо­ғамдық белсенділігі үшін, келе­сі бір облыста төрт жылдап оқу­шы­ны олимпиадаға дайын­даған мұғалім сыйақы алады. Сон­дықтан заңға түзету осы бағытта ен­гі­зіл­се, құба-құп. 

Таразыға тартқанда...

Таразылап көрейікші. Тара­зы­ның екі жағында халықа­ра­лық олимпиададан жүлде алған спорт­шы мен оқушы тұр делік. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Сейітқазыұлы халықаралық пән олимпиадасына қатысушылардың жолына, тамағына, тұратын жеріне мемлекет тарапынан, яғни осы орталық арқылы төленетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәселе шешімін та­­уып жатыр ғой. Енді халықаралық пән олимпиадасының же­ңім­паздарына жоғарыда аталып өт­кен бір реттік ақшалай сыйақыға қоса та­ғы еліміздегі кез келген жо­ғары оқу орнына грант таға­йын­далады. Ал Қа­зақ­­стан атынан білім бәйгесіне ба­ра­­тын оқушыларға жасалатын жағ­дай­ға келсек, біршама нәрсе жолға қо­йылған. Мәселен, республикалық пән олимпиадасының жүлде­гер­лерін жинап, әуелі оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Сол оқу-жаттығудан жақсы нә­тиже көр­сет­кендерді ірік­теп, шетелде елі­міз­дің намысын қорғайтын Қа­зақ­стан ко­ман­дасын жасақтаймыз. Оқу-жаттықтыру жиынына қа­ты­сатын республикалық дең­гей­де іріктеуден өткен оқу­шы­­ларға тұратын жері мен тама­ғы­на төлейміз. Ал олардың жол шығынына жергілікті атқа­ру­­шы органнан, яғни білім басқар­ма­ла­рынан ақша бөлінеді», деді Т.Сейітқазыұлы.

Біз «Спорттық олимпиа­даларға Қа­зақ­стан атынан қа­ты­са­тын спорт­шы­ларға төрт жыл бойына дайын­далуы­на, жат­тығуына мемлекеттен қаржы қарас­ты­рылады. Жаттық­тыру­шы­­ларына да жағдай жасалады. Пәндік олимпиадаға дайындайтын мұғалімдер де бір баланы жаттықтыруға кемі 3-4 жыл ке­те­тінін ай­та­ды. Сондай жағдай мұғалімдерге де қарастырылған ба?» деп сұрадық. Сауалымызға «Дарын» орталығының директоры: «Мұғалімдерге оқушыларды олимпиадаға дайындаған кезде қосымша сағат беріледі. Мектеп­те­гі сағаттар инвар­иант­ты компонент, яғни міндетті са­бақтарға және вариативті ком­понент, яғни қосымша жұ­мыс­тарға деп бөлінеді. Сол қо­сымша жұмысқа бө­лінген са­ғат, жалақысына үсте­ме­ақы ретінде қосы­ла­ды. Өзім бұған дейін мектепте де жұмыс істе­дім, директорлық қызметімде олим­­пиа­даға оқушылар дайындаймын деп келген мұғалімдерге қосымша сағат қарастырдым. Нәти­жесі жоғары болып жатса, кө­бейтуге тырыстым. Бұл – енді мек­теп басшылығына да байланыс­ты», деп жауап берді.

Орталық өкілінің айтуынша, халық­ара­лық олимпиадаға баратын оқушы­лар­дың ми қыз­метін жақсартуға шоколад пен сусынға ақша бөлінеді екен. Бұған шамамен әр балаға 1000 тең­ге жұмсалады десек, 31 мың теңге (жыл сайын олимпиадаға 31 бала барады) кетеді. Осы соманы 4-ке көбейтсек, 124 мың теңге шығады, бұл – төрт жылға бөлінетін қаражат. Ал Ұлттық олим­пиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек бір айдай бұрын Бас Ассам­блеяның отырысында: «Ұлттық құ­ра­­ма командаларының мүшелеріне спорт­тық тағам сатып алуға 110 млн теңге жұмсалды», деді. Бұл бір жылға бөлінген ақша ма, әлде бір циклге, яғни олимпиада дайындығы мен өткізілетін төрт жылдық кезеңге қарастырылған қаражат па, оны білмедік. Ко­ми­тет өкі­лі­не хабарласып та анық­тай алмадық. Әйтеуір спорт­шы мен оқушыға бөлінген қара­жат­тың ара қашықтығы жер мен көктей екені көрініп тұр.

Иә, таразылау үшін ақпарат алғымыз келгенін білген комитет өкілінің айт­қа­нын­дай, са­лыстыруға да келмейтін дү­ние шығар. Алайда біз оқушы мен спортшы деп емес, білім-ғылым, өнертабыс пен спорт деп қарайықшы. Әлемді, тіпті адам­затты білім мен ғылым игер­­ген­дер басқарып, онымен қой­­май елін дамытып, экономикасын қарыштатып отырғанын ескерсек, біз үшін таразының қай жағы басым болуға тиіс еді? «Спорт – денсаулық кепілі» деп уәж айтатындар болар, бірақ бұл – бұқаралық спорт емес. Одан қалды, «кәсіпқой спорттың жетістігімен халықаралық беде­лі­мізді көтеріп отырмыз» деген аргументті алға тар­татындар табылады. Солай десек, ғылым мен технологияны, сапалы білім­ді бірінші орынға қойған аралдың ортасындағы Жапония мен жоқ­тан бар жа­саған Израиль қа­зір қай деңгейде? Осындай сұрақ туғанда қайтадан таразылай бастайсың. Содан әлемдік оқушылардан оқ бойы озып, алтын медаль алған білім бәйгесінің жеңімпазы мен дүниежүзілік спорт додадасынан дараланған алтын медаль иегеріне жасалатын жағдай теңеспесе де шамаланса екен дейсің...