Аймақтар • 25 Қазан, 2021

Сенім арт маған, туған ел!

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шоқтай екшеліп, ұлы да ізгі мұрат жолында топтасып жұдырықтай жұмылған жалынды жастардың үлкен күш екендігі белгілі. Облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жастар форумын өткізді.

Сенім арт маған, туған ел!

«Жас келсе – іске» дейді хал­қымыз. Жастар – қашанда тың идея­лардың қайнар көзі, оң өзге­рістердің қозғаушы күші. Сон­дықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануы­мыз керек» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде атап көрсеткен болатын. Бүгінгі жастар барынша білімді болып, өр­кениетті елдердің өрісін аңдап, жасампаз жаңалықтарды жас жанына сіңіріп, алға ұмтылулары керек.

Форумға ел ішіндегі игі­лікті істерге ұйытқы болып жүр­ген жастар қозғалысының же­тек­шілері, ел шетіне жаман тұ­маудың жан тітірентер сұрапыл хабары жеткенде бастарын бәй­геге тігіп, небір толымды шаруа­ларды атқарған еріктілер ұйым­дарының өкілдері, алдарынан жұмыс үркіп отыратын, тепкен тасы өрге домалап тұрған жас кәсіпкерлер мен тәуелсіздік­тің құрдастары қатысты.

Алдымен сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшы­сының орынбасары Нариман Әбдірахманов ел үміт артып отырған жастардың тәуелсіздік жылдары атқарған толымды ісін тарқатып айтып берді. Алдағы асқаралы міндет жүгі сараланды.

– Бүгінгі таңда жастардың мәселелері де аз емес. Айта­лық, жоғары оқу орнының сту­денттері білім берудің дәстүрлі фор­матына көшкен кезде бір­қатар өңірде жатақхана же­тіс­пей, қиындық көруде, – деді «Қазақстан студенттерінің Альян­сы» республикалық студенттер қозғалысы» қоғам­дық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев. – Жатақхана бөлмелеріне әлеуметтік қа­шық­тықты сақтап орналасу тәр­тібі­не байланысты орынның азайып қалуы себепті зәрулік туын­дап отыр. Осы орайда біз оқу орындарының басшыла­рына қаладағы қонақүй иеле­рімен және пәтерлерін жалға берушілермен келісім жасасып, орналастыру жағын қарас­тырудамыз. Көкшетаудан аса көп арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Жалпы, студенттер белсенді болулары керек. Олар білім беру саласының тыныс-тіршілігіне өздері араласып, қозғаушы күш болып, стипендия тағайындау мен оқу гранттарын бөлуге қа­тысып отырса, барлық мәселе әділ шешілетіндігіне күмән жоқ.

Жастардың бойындағы жа­лын жігердің, қиын кезеңде ел иығына түскен салмақты бір­лесе көтеріп, жалпақ жұрттың бірлігін нығайтып, игілікті істер­ге ұйытқы болып, аянбай атсалысатынын көз көріп жүр. Пан­демия басталғалы облыс жастары жалғызбасты, егде адамдарды, көпбалалы отбасыларын қамқорлықтарына алып, келелі шаруалар атқарды. Емханаға бекітілген созылмалы сырқаты бар адамдарға дәрі-дәрмектерін жеткізіп берді. Қарға адым жер мұң болып, қол қысқарғанда азық-түлік себеттерін дайындап, жан жылуын төкті. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен бірге жылы киімдер жинасты. Қақаған қыста солтүстіктің сі­рес­кен қарынан аулаларды та­зартып, отын-көмірлерін үйіп беруге қолұшын берді. Осы­лайша, жанашырлығы мол жас­тар қам көңілді қариялар­дың қиындықтың құрсауында жал­ғыз қалып қоймайтынын аңғар­тып, ет жүректерін елжіретті.

Кәсіпкер жастар өз алдына тырбанып, бойларындағы бі­лім мен білікті, қажыр мен қай­ратты жұмылдырып, ел игі­лігін молайтуға атсалысуда. Олар өздерінің қарақан бас­та­рының қамы үшін емес, заман­дастарының да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақ­сартуға мол үлес қосуда. Ай­талық, бір кәсіпкер өз ісін бастаса, соның маңайында топтасқан өзгелер жұмысқа орналасады, яғни жаңа жұмыс орындары ашылады.

– Біз өзіміздің қолымыздан іс келетінін көрсетуіміз керек, – дейді тәуелсіздік құрдасы, жат­тықтырушы Мирзада Сейітқа­ли. – Ол үшін біздің замандастарымыз саламатты өмір салтын берік ұстап, спортты серік еткендері ләзім. Тепсе темір үзетін дені сау ұрпақ жалқының ғана жетістігі емес, қоғамның байлығы.

Форумға қатысушылар сұ­рақ-жауап түріндегі сұхбат алаңын­да өздерін толғанды­рып жүр­ген келелі мәселелерді кеңінен талқылап, ой талқысын өрбітті. Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы, Абай Мыр­­захметов атындағы универси­теттермен студент­тер мәселесі екшелген меморандум­ға қол қойылды.

Жастардың мәселесін көк­сеген жиын Jas sarbaz лагерін­де жалғасты. Тамылжыған таби­ғат аясында жас көкіректер­ден ұшқындаған алау оты жалпақ елдің жас буынын қамтып, арман отын жандырып тұрғандай әдемі әсер қалды.

 а

КӨКШЕТАУ