11 қазаннан бастап Маңғыстау облысында 14 облыстан келген 2000-нан астам қатысушы спорттың 14 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күресі, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен сынға түсті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын кешенді додада кәсіпқой спортшылар емес, саламатты өмір салтын серік еткен жандар өнер көрсетті.
Республикалық сайыстың салтанатты жабылу рәсімінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев сөз алып, жеңімпаз командаларды марапаттады. Ойындардың соңғы күні шағын футболдан үздік шыққан командалар белгілі болды. Ала доп бәсекесінде Түркістан облысы топ жарса, Қызылорда облысының өкілдері екінші, Атырау облысының спортшылары үшінші орынға ие болды.
Осыдан кейін «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарының қорытынды ұпайын жариялау және жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне кезек келді. Қорытынды есепте 199 ұпай жинаған Түркістан облысы 1-орынды иеленді. Еншісінде 183 ұпайы бар Алматы облысы 2-орын алса, 164 ұпаймен Қызылорда облысының командасы үшінші орынға тұрақтады.
Дәстүр бойынша төрт жылдан кейін «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарын қабылдайтын өңір анықталды. Ойындардың туын Маңғыстау облысы Алматы облысына тапсырды.