Әлеуеті барған сайын артып, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан Астананың өндірістік қуатын арттыруда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі зор. Бас қаламыздың қалыптаса бастаған алғашқы күнінен орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнес үлесі артқан сайын, Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі», деп атап көрсеткенін ерекше басымдықпен айтуға болады.
Елордада жеке кәсібімен айналысатын азаматтарға жан-жақты жағдай жасалуына байланысты олардың қатары соңғы кезде айтарлықтай артып келеді. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, қаладағы шағын және орта субъектілер саны 55,4 мың бірлікті құрап отыр. Егер 2009 жылы Астанада тіркелген 25,8 шағын және орта бизнес субъектілерінде 122,8 адам еңбек етсе, қазір бұл салада 189,3 мың адам еңбек етеді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда, 111,6 пайызды құрайды.
Өткен жылы елордадағы шағын және орта бизнес субъектілері 1 185 779 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы негізінде Астана қаласының әкімдігі орта кәсіпкерліктің жұмысын дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кешенді шараларды іс жүзіне асырып келеді. Осы бағдарлама негізінде жұмыс істейтін Үйлестіру кеңесі ҮИИД бағдарламасы аясында 109 жобаны мақұлдады. Жалпы сомасы 18 835,7 миллион теңге несиемен қаржыландырылатын 106 жоба бойынша банк/лизинг компаниялары несие ставкаларына субсидия жасайтын болды.
Орта кәсіпкерлікті дамыту негізінде астаналықтарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып отыр. 2013 жылы елордада 17 787 жаңа жұмыс орны ашылған болса, оның 11 840-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің негізінде қамтамасыз етілді. Қала бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруда да орта кәсіпкерлік саласынан түсетін салық мөлшері жылдан-жылға артып келеді. Халықаралық сарапшылардың рейтингі бойынша, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдай жасалған елдер қатарынан лайықты орнын алып отыр. Ал еліміз бойынша орта кәсіпкерлікті дамыту үрдісінде Астана қаласы өзінің көшбасшылық белсенділігін көрсетуде.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».