Қоғам • 25 Қазан, 2021

«Шаңырақ» бағдарламасының шарапаты

396 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған қала тұрғындары өз пәтеріне қол жеткізді.

«Шаңырақ» бағдарламасының шарапаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Шаңырақ» бағ­дарламасы (5-10-20) азамат­тар­дың тиімді несиемен баспаналы болуына септігін тигізіп отыр. Жоба­ға тек баспанаға мұқтаж адам ретінде жергілікті әкімдік кезе­гіне тұрған тұрғындар ғана қа­тыса алады. Бұл ретте
Шым­ке­нт қаласындағы «Тұран» шағын ауданындағы екі көп қабатты үйден 200-ден астам пәтер өз ие­ле­рін тапты. Осы маңда атал­ған бағ­дарлама аясында бой кө­тер­ген тағы 27 көпқабатты үй дайын тұр. Оған көп ұзамай тағы 1 728 отба­сы қоныстанбақ.

Осылайша бірнеше жыл бойы жер­гілікті атқарушы органда тұр­ғын үй кезегіне тіркелген шым­кенттіктер қоныс тойын той­лап жатыр. Солардың бірі 47 жас­тағы дәрігер Алтынай Кара­құ­лова 2014 жылы кезекке тұ­рып, содан бері өз жала­қы­сы­нан ай са­­­­йын жарна төлеп, көптен күткен межелі күнді жақындатты. Төрт жа­сар ұлы Айбол мен екі жасар қызы Айлиды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана үшін ал­дымен балаларының дені сау бол­ғаны және жалдамалы үйде кү­нелтпей өскені үлкен арман бо­латын.

– Өмір бойы жалдамалы пә­тер­де тұрып келдім. Ал қазір, Құ­дайға тәубе, өз үйім бар. Менің бұл күйімді ондаған жыл бойы «шағын болса да, өз үйім болса» деп армандаған адам ғана түсіне алады. Маған бірден ал­пыс шаршы метрлік пәтер бұ­йыр­ды. Енді балаларымның өз бөлмесі, менің өз бөлмем болады. Ал асүйдің өзі қандай кең! Бәрі ұнайды. Те­зірек көшіп алғанша тағат­сы­з­да­нып барамын, – дейді пә­те­­рінің кіл­тін енді ғана қолына алып, қуа­нышы қойнына сыймай тұр­ған Алтынай.

Шымкенттегі №36 орта мекте­бі­нің педагог-логопеді Назира Баймұхамедова да қоныс тойын той­лаушылар қатарында. Кілтін алу­ға әпкесімен бірге келіпті. Біраз жыл бұрын «Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкінде» депозит ашып, ақша жинауға кеңес берген, ынталандырған осы әпкесі екен.

– Мен Назираны депозит ашу­ға мәжбүрледім десем де бола­ды. Тіпті ай сайын ақша салуын бақылап отырдым. Әрине, оған жалдамалы пәтер­дің ақысынан бөлек арттырып, ақша жинау оңай болған жоқ. Қазірдің өзінде «Шаңырақ» бағдарламасына қа­ты­су үшін ай сайынғы табыс дең­гейі жетіспеді, мен бір­ле­­сіп қа­рыз алушы болдым. Мен ба­уы­рымның өз пәтері болға­нын қалаймын, – дейді Ләззат Саттаева.

Бағдарлама шарттарына сәй­кес, егер өтініш берушінің ай са­йын­­ғы табысы қарызды ресім­деу үшін жеткіліксіз болса, оның туыс­тары кепілгер бола алады.

Салтанатты рәсімге қала әкі­мі­­нің орынбасары Ерғали Біліс­беков қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

– Қазіргі кезде Шымкентте тұрғын үй алу кезегінде 46 мыңнан аса адам тұр. Азаматтарды тұр­ғын үймен барынша қам­тама­сыз ету үшін тұрғын үй құры­лы­сы бел­­сенді жүргізілуде. Бүгін біз қо­ныс­танушылардың шексіз қуа­­нышына куә болдық. Бар­ша­ңызды өміріңіздегі осы ба­қытты сәт­термен құттық­тай­мын, отба­сы­ларыңызға бақыт пен аман­дық тілеймін, – деді Ерғали Білісбеков.

Биыл қала әкімдігі тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды қолдау үшін тұрғын үй сертификаттары­на 500 млн теңге бөлді. Әрбір азаматқа қайтарымсыз негізде ипотекалық кредит бойынша бас­тапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге 1 млн теңгеден беріледі. «Шаңырақ» бағдарламасының алғашқы 224 қатысушысы арасында 184 қоныс иесі осындай сертификатқа ие болды.

Осы жылы Шымкентте «Отба­сы банк» «Шаңырақ» бағы­ты бойынша сатылатын 1 728 пәтердің 1 328-інің иесін конкурс арқылы кезекте тұрғандар арасынан анықтады. «Отбасы банк» Шымкент филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 400 пәтер бойынша конкурс өтеді. Барлық ақпаратты BASPANA.KZ сайтынан және банктің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан толық алуға болады.

«Шаңырақ» бағдарламасы ең алдымен тұрғын үй бағасының төмен­дігімен тартымды. Әр шар­­­шы метр 200 мың теңге тұ­ра­ды. На­рықтық бағамен салыс­тыр­ған­да 30-50 пайызға аз.

Несиелеу шарттары да өте тиімді. Бағдарламаға отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы алты айдағы табысы жылына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспайтын, кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. 2021 жылы бұл сома 129 392,7 теңгені құрайды. Несие жылдық 5 пайызбен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте бастапқы жарна 10 пайыз­ға тең.

– 10 пайызбен шектелуге болады, содан кейін қалауынша ай са­йынғы төлемдер деңгейін төмен­дету үшін бастапқы жар­на­­ны ұлғайтуға да болады. «Ша­ңы­рақ» бағдарламасы қаты­су­шының төлем қабілет­ті­лігін рас­­­тау кезіндегі қолайлы шарт­та­­­­рымен тартымды. Бұл аза­мат­тардың едәуір басым бөлі­гінің бағдарламаға қаты­суы­на мүм­кін­дік береді.

Бағдарламаға қатысушылар үшін тағы бір бонус бар екен. Жар­наны несие бойынша Шым­кент­тегі ұқсас пәтерді жалға алу­­­дың ай сайынғы төлемі дең­ге­­йінде, тіпті одан да төмен кө­лем­де төлеуге болады. Бұл отба­сылық бюджетке ауыр тие қой­май­ды.

– Егер классикалық ипотекамен салыстыратын болсақ, бұл бағдарламаға қатысушыларды несие төлеуге жақсы ынталандырады. Кейін өзіңе қалмаса да жалға берілетін тұрғын үй төлеміне қаржы құйғаннан гөрі өз баспанаңның шаршы метр­ле­рін бірте-бірте сатып алу­дың үлкен айырмашылығы бар. Нәти­же­сінде, біраз уақыттан ке­йін адамның өз үйі болады. Кез келген отбасы үшін, әсіресе тұрғын үйді алғаш сатып алғандар үшін бұл – жақсы база. Әрине, бағ­дар­ла­ма қатысушыларына белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, кезекте тұрғандардың соңғы бес жыл ішінде жеке меншік құ­қы­ғын­да баспанасы болмауы тиіс, – дейді Дәурен Саудабаев.

 

Соңғы жаңалықтар