Аймақтар • 26 Қазан, 2021

27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

154 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімдігінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс Х сессиясы өтіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тоғыз айдың қорытындысы бойынша депутаттар алдында есеп берді. Жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков жүргізді.

27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

Б.Сапарбаев экономиканың барлық са­ласында оң динамика сақталып отыр­ғанын, есепті кезеңде өңірдегі эко­­номикалық өсім 4,6 пайызды құ­ра­­ғанын атап өтті. Атап айтсақ, жыл басынан бері 480,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 пайызға өссе, 267 млрд теңге инвестиция тартылып, 11 пайызға ұлғайған.

 «2025 жылға дейін 2,5 трлн теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл 171 млрд теңгеге 31 жоба жоспарланып, жалпы 78,2 млрд теңгенің 13 жобасы іске асты. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 175 жоба 560 млн теңгеге несиелендірілді. Жергілікті қамту үлесі өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша 51,1 пайызды, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 86,4 пайызды құрады», деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар облыс әкімі фармацевтика саласындағы өнім көлемі 2,8 есеге өскенін, Биоло­ги­ялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­­титуты жа­нын­дағы вакциналар шы­ғаратын био­фармацевтикалық зауыт­тың құры­лы­сы аяқталғанын, 1 млн 750 мың доза вакцина «СК-Фармация» хабына жіберіліп, еліміздің барлық өңіріне жеткізілгенін айтып өтті. Одан бөлек, Қырғызстан мемлекетіне де 25 мың доза гуманитарлық көмек жіберілген.

Сондай-ақ Б.Сапарбаев кәсіп­кер­лерге шағын несие беру үшін жалпы 8,1 млрд теңге қаралып, оның 7,9 ­млрд теңгесі игерілгенін де айтты. «Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 19,4 млрд теңге субсидия қаралып, 13,7 млрд теңгесі игерілді. 2025 жылға дейін 350,4 млрд теңгеге 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Егістік көлемі 752 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30,3 мың гектарға артты. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, су үнемдеу технологиясы 40 мың гектарға енгізілді. Мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жоспардағы 1,7 млн тонна мал азығы толықтай дайындалды», деді облыс әкімі.

 Жиында Жамбыл өңіріндегі атқарылып жатқан өзге де шаруалар туралы айтылды. Мәселен, бүгінде аймақтағы «Тасөткел» су қоймасы қалпына келтірілуде. Сол сияқты, қосымша тағы да 7 су қоймасы қалпына келтіріледі. Есепті кезеңде 363 тонна балық ауланса, оның ішінде 200 тонна форель балығы бар. Сондай-ақ 332,8 тонна бал өндірілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі «Алқаптан сөреге дейін» жобасының аясында облыс орталығы мен он ауданда барлығы 32 әлеуметтік павильон ашылғанын да жеткізді.

«Облыста 4 482 пәтерлі 76 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл со­ңына дейін 2 902 пәтерлі 50 үй тап­сы­рылады. Мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында 3,6 шақырым жол салынып, 440,7 шақырым жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қанағат­та­нар­лық жағдайдағы жергілікті авто­жол­дардың үлесі 95 пайызға жетеді. 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға дейін артады. 20 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 83,8 па­йызға жетеді. Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бас­тамалар аясында 27,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды», деді Б.Сапарбаев. Оның 14,8 мыңы тұрақты жұмыс орны болса, биылғы 8 айда облыстағы орташа жалақы 25,8 пайызға, яғни 203,8 мың теңгеге артқан. Жыл басынан бері жаңа 5 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілсе, жыл со­ңына дейін тағы 3 білім ошағының құ­ры­лысы аяқталады. Одан бөлек, жеке инвестиция есебінен 12 жеке мектеп салынып, 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. Өңірдегі 43 700 педагогтің жалақысы 25 пайызға өскен. Осы орайда, облыс әкімі Тараз қаласында алғаш рет «Оқушылар сарайының» құрылысы жүргізіліп жатқанын да айтты.

«Балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында барлық 443 мектеп бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз етілді. 370 мектепке дабыл түймесі, 85 мектепке турникет орнатылады. Тараз қаласындағы 60 мектеп жедел басқару орталығына қосылды. Өңірді дәрі­гер­лермен қамтамасыз ету үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлт­тық меди­ци­налық университетінің фи­лиа­лы ашылды. Primary Health Care Ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы ме­морандум аясында төрт үздік тәжірибе орталығы құрылды. 10 дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылысы жос­парланып, бүгінде екеуі пайдалануға берілді. Жыл со­ңы­на дейін тағы төртеуі ашылады. Демеушілер есебінен 1,5 млрд теңгеге Тараз қаласында гимнас­ти­ка және үстел теннисі спорт кешені, 1,1 млрд теңгеге «Анаға тағзым» орта­лығы салынды», деді облыс әкімі.

 Жамбыл облысында бюджеттен тыс қаржыға жобаларды жүзеге асыру игі үрдіске айналған. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 2,8 млрд теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асуда. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр 103 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болса, биыл тағы 138 үйдің құрылысы басталып, бүгінде 38 үй пайдалануға берілген. Ал «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығындағы 42 нысанда абаттандыру жұмыстары қолға алынып, қазіргі таңда оның 37-сі аяқталған. Сонымен қатар бүгінде ARAI емханасы жұмысын бастады. Жалпы айтқанда, демеушілер тарапынан 12,7 млрд теңгеге 10 әлеуметтік нысан бой көтерген. Кездесуде Б.Сапарбаев жуырда Тараз қаласында өткен «Қазіргі кезеңдегі этносаралық келісім: тәжіри­бе мен алдағы міндеттер» атты ха­лық­аралық конференциясының жо­ға­ры дең­гей­де ұйымдастырылғанын атап өтті. Ресей, Украина, Израиль, Болгария елдерінен келген белгілі сарапшылар Тараз қаласын өркениет ошағы ретінде бағалап, оның тарихи тағылымына айрықша назар аудар­ға­ны, қатысушылардың Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен облыста жүзеге асып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасын тәжірибе ретінде таратуды ұсынғаны айтылды. Жиын соңында Ерқанат Манжуов, Ерболат Саурықов, Сәуле Рысбаева сияқты бірқатар мәс­лихат депутаттары облыс әкіміне сұрақтар қойып, тиісті жауап алды. Жалпы, мәслихат депутаттары облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдап, оң баға берді.

 

Жамбыл облысы