Көрме сөресіне – Кеңес кезіндегі әскери киім үлгілері, тулар, тұрмыстық заттар, музыка аспаптары, сонымен қатар 1941 жылы шығарылған немістің жауынгерлік велосипеді қатарлы жәдігерлер қойылса, бұл бұйымдар түгелдей дерлік Ұлы Отан соғысы жылдары шығарылған екен. Атап айтар болсақ, көпшілікке ұсынған экспонаттар қатарында: 1940-жылы өндірілген немістің әріп теретін машинкасы, керосин шамы, неміс офицерінің жорық сандығы, ішкі от имитаторы бар «Буржуйка» пеші, кеңестік әскери барабан, латун түтігі, «Брянск» таразысы, офицердің былғары планшеті, IRANY компасы, соғыс жылдарындағы «Вермахт» құтысы, «Амата» оттығы, қызыл әскер фуражкасы, папаха, неміс каскасы, оқ-дәрі фрагменті, барабанды оқсауыт, «ТА-57» маркалы телефон аппараты, металл қорамсақ, т.б.
Жоғарыдағы 300-ден астам жәдігерді әскери-тарихи музейге сыйға тартқан белгілі коллекционер Болат Тағабай. Ол кісі бұл дүниелерді 20 жылдан бері жинаған екен. Бірін сонау Варшавадан алдырса, қалғанын Ресей және еліміздің батыс өңірінен тірнектеп тапқан. Мұра жинаушы Болат Құнанбайұлы қазір Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында тұрады. Бұған дейін 35 мың асық жинап 2014 жылы Халықаралық интеррекорд гиннестер кітабына, 2017 жылы Қазақстан гиннестер рекорды кітабына есімі тіркелгені жайынан көпшілік қауым хабардар. Ал бұл реткі ісі ерлікке татырлық. Айтпақшы, коллекционер жоғарыдағы жәдігерлердің сыртында, музейге өз атынан 5000 асық сыйлады.
Аталған шара жайлы Әскери-тарихи музей басшысы полковник Нұртаза Әсілов: «Бұл оқиға жас ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға, мәдениетін дамытуға, сонымен қатар музейге келушілер үшін құнды жәдігерлермен танысуға жасалған зор мүмкіндік» деді.