Спорт • 26 Қазан, 2021

Чемпион соңғы турда анықталады

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чем­пионатының 25-тур ойындары аясында біріншіліктің бас жүлдесінен әлдеқашан үміт үзген Алматының «Қай­раты» мен биылғы чем­­пиондықтан басты үміт­кер елорданың «Ас­та­насы» кездесті. Біраз жыл­дан бері екі команда ара­­сындағы кездесу еліміз­дегі ең тартысты матч саналады. Жанкүйерлер тарапынан «Ел классикосы» деп айдар тағылған екі клуб ара­сындағы бұл жолғы те­кетірес те әдеттегідей тар­тыс­­ты өтті.

Чемпион соңғы турда анықталады

Екі ұжым үшін де бұл жолғы ойынның маңыздылығы өте ерек­ше еді. Себебі «Қайрат» өз ала­ңындағы ойында «Астанадан» жеңіліп, елордалық клубқа үш ұпайды оп-оңай ұстата салатын болса, онда чемпионаттағы басты қарсыласына чемпиондық тәжді де өз қолымен тапсыратын еді. Алматылық ұжым үшін «Орта­лық» стадионда, оның үстіне өз жан­күйерлерінің қолдауымен өткен ойында «Астанадан» же­ңілуге болмайды. Сондықтан бұл ойында алматылық клубты тек жеңіс қана қанағаттандыратын.

Ал «Астана» ойыншылары жеңіске жететін болса, сырт алаң­да басты қарсыластарынан басым түсіп, бір жыл бұрын пандемияға байланысты Алматыда өткен бі­ріншілікте жіберген есесі мен чемпиондық атағын да қай­тарып алуға тағы бір маңызды қадам жасайтын еді. Өйткені тур­нир кестесінде «Астананы» өкше­леп келе жатқан «Тобыл» елор­далықтардан бір ұпай қалып келе жатқан-ды. Сол үшін бұл ойында «Астанаға» үш ұпай ауадай қажет болатын.

Кез­десудің алғашқы минут­тарында «Астана» футболшылары белсендірек болып, «Қайрат» қақ­пасының алдында бірқатар қауіпті шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Бірақ қарымта шабуылға иек артқан алаң қожайындары 8-минутта гол соғып, есепте алға шықты. Голдың авторы – Небойша Косович. Ян Вороговскийдің асырған пасы алғашында «Астана» ойыншысына тиіп, кері қайтты. Кейіннен допқа «Қайраттың» чер­ногориялық футболшысы бірінші жетіп, «Астана» қақпашысын қапы қалдырды. Бұл есеп матч соңына дейін өзгеріссіз қалды.

Бірінші таймның соңына қарай матчта қызық оқиға орын алды. «Астананың» бас бапкері Андрей Тихоновқа кездесудің бас төрешісі Игорь Чесноковтың алаңдағы іс-әрекеті ұнамаса керек, шәкірттерін бірінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда киініп-шешіну бөлмесіне алып кетті. Бірақ ара­да бірнеше минут өткенде фут­болшылар қайта алаңға шы­ғып, ойынды жалғастырды. Матчтан кейін Тихонов ойын сәтінде алаң­нан шығып кету өзінің емес, фут­­бол­шылардың ортақ шешімі еке­нін айтты.

Жалпы, бұл – Қазақстан фут­бол тарихындағы бірінші жағдай емес. Бұған дейін «Қайсар» және «Қайрат» футболшылары да осын­дай жағдайды бастан өткеріп, алаң­ды тастап кеткен болатын. Бір қызығы, олар сол кеткеннен жасыл алаңға қайта оралмаған еді.

Осылайша «Қайрат» маңызды ойында қарсыласынан 1:0 есе­бімен басым түсті. Ал қатар өткен «Тобыл» мен «Шахтер» ара­сындағы кездесуде қоста­най­лық ұжым жеңіске жетіп, тур­нир кестесінде бірінші орын­ға көтерілді. Қостанайға екін­ші құ­рам­мен келген «Шахтер» алаң ие­лерінен ірі есеппен же­ңілді. Матчтың 16-минутында Алек­сандр Марочкин гол соқса, кейін Игорь Сергеев есепті еселеді. Ал екінші таймда Азат Нұрғалиев пен Элгуджа Лобжанидзе бір-бір гол салып, матчтың нүктесін қойды. Қонақтар сапынан жұбаныш голын Андрей Гиоргиади соқты. Осылайша бұл матч 4:1 есебімен «Тобылдың» пайдасына шешілді.

«Шахтер» бұл ойында жең­се де, жеңілсе де ештеңе жоғалт­пайтын болған соң, бар күшін алда болатын ел кубогындағы матчқа сақтап, Қостанайға жас футболшыларын жіберді. Ал негізгі құрамның футболшылары кубок бәсекесінде «Таразбен» өтетін матчқа дайындалып жатыр.

25-турдың қалған ойында­рының нәтижесі мынадай: «Ор­дабасы» – «Тараз» – 2:1, «Тұ­ран» – «Ақтөбе» – 1:2, «Қайсар» – «Жетісу» – 0:1, «Каспий» – «Ақ­жайық» – 2:2, «Атырау» – «Қы­зылжар» – 0:0:

Биылғы біріншілікте кім чем­пион болатынын соңғы тур ойын­дары анықтап береді. Бұған дейінгі чемпионаттарда жеңімпаз команда 3-4 тур бұрын анықталып қоятын болса, биыл бірінші рет чемпион команда соңғы турда анықталмақ.

30 қазанда өтетін 26-тур ойын­дарында мына командалар кез­деседі: «Тараз» – «Қайсар», «Же­тісу» – «Қайрат», «Астана» – «Тұран», «Ақтөбе» – «Каспий», «Ақ­жайық» – «Тобыл», «Шахтер» – «Атырау» және «Қызылжар» – «Ордабасы».