Үкімет • 26 Қазан, 2021

Асқар Мамин жұмыспен қамтудың жаңа тетіктерін әзірлеуді жеделдетуді тапсырды

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин елдегі жұмыссыздыққа қарсы күреске қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асқар Мамин жұмыспен қамтудың жаңа тетіктерін әзірлеуді жеделдетуді тапсырды

«Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін кадрларға қажеттілікті айқындау мәселесін өзектілендірсін», деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, цифрландыру жұмыспен қамтудың мүлдем жаңа түрлерін құруға алып келеді. Осыған байланысты Үкімет басшысы атап өткендей, жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеу және экономикалық белсенділікке тарту тетігін әзірлеуді жеделдету қажет.

«Біліктілікті реттеу - еңбек нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жүйелі қадам. Осыған байланысты Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен, кәсіподақтармен, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, «Кәсіби біліктілік туралы» Заң жобасын әзірлеуді және талқылауды жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне қысқа мерзімде микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталын толықтыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Еңбек министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпкерлік жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Бастау бизнес» жобасын іске асыруды жалғастырсын. Қолданыстағы кәсіпкерлік жөніндегі жобалық кеңсе аясында министр Серік Шәпкеновтың төрағалығымен жұмыспен қамту бағытын құру қажет», деп түйіндеді Асқар Мамин.