Үкімет • 26 Қазан, 2021

Қазақстан тәліптермен саяси келіссөз жүргізе ме? СІМ жауабы

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның «Талибан» қозғалысымен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан тәліптермен саяси келіссөз жүргізе ме? СІМ жауабы

Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Тілеуберді Ауғанстанның жаңа басшылығын халықаралық қауымдастық әлі мойындамағанын, өйткені «Талибан» қозғалысы БҰҰ-ның лаңкестік ұйымдар тізіміне енгізілгенін баса айтты.

«Мойындау үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі арнайы қарар қабылдауы керек», деді ол.

Премьер-Министр орынбасарынан әлеуметтік желілерде тараған Сыртқы істер министрлігі өкілінің тәліптермен түскен суреті нені білдіретіні де сұралды.
 
«Ол Президенттің халықаралық істер жөніндегі арнайы өкілі бастаған қазақстандық делегация құрамында болды. Делегация Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету бойынша арнайы миссияда барды. Халықаралық қоғамдастықта экономикалық күйреуге, Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу туралы ортақ түсінік бар. Бұл белгілі бір қауіптерді тудырады. Ең алдымен, бұл есірткі тасмалының, діни экстремизмнің көбеюі және босқындар ағынын тудыруы мүмкін», деп жауап берді Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қазақстанның Ауғанстанмен қарым-қатынасы гуманитарлық көмек көрсету және «Ауғанстан экономикасының құлдырауына жол бермеу үшін» жаңа экономикалық байланыстар орнатудан тұрады.

«Бәрі экономикалық дағдарыс болуы мүмкін екенін түсінеді, өйткені Ауғанстан үкіметінің халықаралық есеп-шоттары жабылған. Егер экономикалық күйреу болса, ол ең алдымен діни экстремизм көтерілісіне байланысты белгілі бір қауіп-қатер төндіретін гуманитарлық дағдарысқа, есірткі тасымалы мен босқындар ағынының көбеюіне әкеледі. Оның алдын алу үшін бүкіл халықаралық қауымдастық қазір ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге шақырып жатыр», деп қосты Мұхтар Тілеуберді.

Сыртқы істер министрі Қазақстан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберу туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Басқа да көмек көрсету туралы мәселе жоқ. Бір ғана мәселе, Ауғанстан елі қазақстандық QazVaq вакцинасын жеткізу түрінде гуманитарлық көмек сұрады. Бұл қарастырылып жатыр, шешімді үкімет қабылдайды. Әрине, бұл елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру қажет. Саяси келіссөз жүргізу туралы ойымыз жоқ. Әңгіме ауған халқына көмектесу туралы болып отыр», деп қосты Премьер-Министрдің орынбасары.