Технология • 26 Қазан, 2021

«Қияңқы және келіспейтіндерді ұстайтын» робот-иттер жалған болып шықты

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі қазақстандық Telegram-арналардың бірінде көшеде робот-итпен жүрген полицейлердің бейнеролигі тарады. Онда робот-иттер «қияңқы және келіспейтіндерді ұстау» үшін пайдаланылады деп жазылған. Бұл жалған, деп хабарлайды Egemen.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

«Қияңқы және келіспейтіндерді ұстайтын» робот-иттер жалған болып шықты

Алдымен бұл қандай роботтар және оларды кім және не үшін жасағанын атап өтейік.

Видеода Spot деп аталатын роботтар көрсетілген. Оларды Boston Dynamics компаниясы әзірлеген. Кәсіпорынның ресми сайтында Spot аймақты тексеру және барлау құралы ретінде жасалғаны айтылған. 

Мысалы, мұндай робот құрылыс алаңдарында жүріп, әртүрлі бұрыштардан суреттер түсіре алады, бұл жаңа ғимараттың құрылысын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Spot әртүрлі себептермен адамдарды жіберу қауіпті болуы мүмкін шахталар мен жерасты тоннельдерін тексере алады.

Өткен жылдың соңында Нью-Йорк полициясы Boston Dynamics компаниясымен Spot роботтарын жеткізу жөнінде келісімшарт жасасты. Мұндай робот-иттерді ықтимал қауіпті жерлерге барлауға жіберуге болады, осылайша полиция офицерлерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ роботтар тұрғын үйлердегі қауіпті газдардың жылыстауын анықтап, қараңғыда «көре» алады, сондай-ақ, полиция мен тұтқынға алынғандар немесе офицерлер мен төтенше жағдайға тап болған адамдар арасындағы екі жақты байланысты қамтамасыз етеді.

Роботтар қаруланбаған және оларды тек бейбіт мақсатта, азаматтар мен полиция қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана пайдалану жоспарланған.

Алайда, биыл сәуір айында робот ит өндірушілерімен келісімшарт бұзылды. Бұған Нью-Йорк тұрғындарының наразылығы себеп болды. Робот-иттер оларға тым қорқынышты болып көрініп, қала тұрғындары олардың көшеде жүргенін ұнатпады.

Сонымен қатар, көптеген иттер 2017 жылы шыққан «Қара айна» сериялының эпизодына байланысты қауіптілікпен ассоциацияланады. Роботтардың бұл түрі қару ретінде қолданылған. Олар жәбірленушіні ұзақ уақыт бойы қуып, өлтірген.

Алайда, нағыз Spot роботтары бейбіт мақсатта жасалған, олар ешқашан ешқандай қарумен жабдықталмаған және тұрақты түрде батареяны қуаттап отыруды қажет етеді.

Демек, видеода көрсетілген роботтар бар, бірақ олар «қияңқы және келіспейтін адамдарды ұстау» үшін пайдаланылмайды. Робот-иттер азаматтар мен полиция қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Олар тек Нью-Йоркте ғана қолданылған, бірақ қала тұрғындары мұндай жаңашылдықты ұнатпағандықтан биыл сәуір айында мегаполис полициясы робот-иттерді пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылдады.