Аймақтар • 26 Қазан, 2021

Отыз жылда атқарылған оңтайлы шаруалар

407 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ел Тә­уел­сіздігі зұлмат замандарда алыс-жа­қын шетелге тарыдай шашылған қан­дас­тар­дың оралуына жол ашып, көк тудың астына жинады. Бастарына баспана, екі қол­ға күрек тауып беруге көмек жа­салды. Өске­меннің іргесінде қандас аға­йын­дар­ға арналған Нұрлы көш ауылы бой көтерді. Ұмыт болған салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, санамыз серпілді. 

Отыз жылда атқарылған оңтайлы шаруалар

Десе де «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны бар». Оны да ұмытпауымыз керек шығар. Соның өзінде ономастика саласында аз жұмыс атқарылған жоқ. Жарма ауданының орталығы Георгиевка ауылы – Қалбатау, Ұлан ауданының ор­та­лығы Молодежное – Қасым Қайсенов, Зырян ауданы – Алтай болып өзгертілді. Одан басқа қаншама ауылдардың тарихи атауы қайтарылды?! Жүздеген көше­лер қа­зақ­шаланды. Осының бәрі Тәуел­сіз­дік­тің тартуы еді.

Қай салада болсын, отыз жыл ішінде жет­кен жетістік, бағындырған белес аз емес. Айта кетсек, Тәуелсіздік жылдары өңір­де 170-тен астам мектеп пен колледж, 107 аурухана, емхана мен амбулатория, 27 балабақша, 453 спорт нысандары салынған екен. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ат­қа­рылып жатқан жұмыстар.

 Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі

Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағы – ­­­­білімді жастар. Білімі толысқан, ойы салмақты маман қалыптастыру үшін тәрбие жұмыстары балабақша қабырғасынан бас­тау алған. Ал мектептердің көбінде роботтехника және IT сыныптары ашылып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосып келеді. Кейбір ауылдың оқушылары жаратылыстану ғылымдарын Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жабдықталған кабинеттерде оқуға мүмкіндік алып отыр. Яғни белгілі пәндерді тереңдетіп оқыған оқушылар мемлекет тарапынан бөлінген грантқа түсуге бір табан жақындаған. Экономика бағыттары бойынша жергілікті жерде соңғы төрт жылда ғана 1 446 грант бөлініпті. Олар тегін оқып ғана қоймайды, оқуға түскен түлектердің көбі жатақханаға ор­на­ласады, қабілеттеріне қарай түрлі сек­цияларға қатысады.

2065

Облыстағы қай университетті алып қарасақ та, білікті маман қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Атап айтсақ, 1991 жылы университет мәртебесін алған С.Аман­жолов атындағы жоғары оқу ор­ны­ның облыста алар орны айрықша. Ал Қазақстан-Америка оқу орнының сал­та­натты түрде ашылуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, алғашқы түлектеріне диплом табыстаған.

Елдің экономикасын дамытудың бір сала­сы өндіріс болса, өндірісті өрге сүй­рейтін техниканың тілін біле­тін ма­мандар. Аймағымызда білікті де бі­лімді құрылысшыларды, сәулет­ші­лерді, металлургтерді, ІТ мамандарын Д.Серікбаев атындағы техникалық университетте дайындайды. Аталған оқу орнынан жылына 2 мыңдай түлек ди­­п­­­лом­ды маман болып шығады. Соны­мен қатар Семей мемлекеттік меди­ц­ина­­лық университеті – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының ірі медициналық жоғарғы оқу орындарының бірі. Оның жеке клиникалық базасы, әскери кафедрасы бар. Университеттің инфрақұрылымдық даму динамикасының жоғары болуы білім, ғылым және инновациялық әлеуе­тінің қарқынды дамуына ықпал етті. Оқу орнының түлектері АҚШ, Израиль, Гер­мания, Пәкістан, Үндістан, Жапо­ния сияқ­ты елдерде де қызмет етіп жүр. Иә, денсаулық сақтау саласында серпіліс бар. Қалалардың ғана емес, шал­ғай аудан­дар­дың тұрғындары үшін де меди­ци­налық көмектің сапасы мен қолжетім­ді­лігі артты.

 Медицина саласы заман көшінен қалған емес

Бұрынғыдай емес, заманмен бірге медицина ғылымдары да дамыды. Білімдерін Англия, Израиль сынды елдерде шыңдап келіп, жұмысқа шындап кірісіп жүрген ақ желеңді дәрігерлер көп. Соңғы бес жылда олар шетелдің жетекші клиникаларында оқытыла бастады. Оқу курстары мен шеберлік сабақтарынан 5,5 мың маман өтті. Бұл үшін бюджеттен 3,4 млрд теңге бө­лінген. Нәтижесінде, өңірде жоғары тех­но­­логиялық жабдықтарды пайдалана оты­рып, емдеудің көптеген заманауи әдіс­те­рін енгізуге мүмкіндік туды.

Соңғы төрт жылда Шығыс Қазақстан об­лысының медицинасына 48 млрд теңге ин­вестиция құйылған. Халық ден­сау­лы­ғы­на ең қажетті деген 3 мыңнан астам жоғары технологиялық жабдық сатып алынды. Аягөз бен Алтай қалаларында 2 инсульт орталығы ашылды. Бұл орталық қазіргі таңда халық үшін ауадай қажет еді. Яғни тұрғындар алысқа, облыс орталығына немесе Семейге сабылуды қойған. Өз аудан­да­рында-ақ білікті дәрігерлерден қажетті көмектерін алып, ем-домдарын жасайды. Айта кетерлігі, шекара шебіндегі бес ауданның (Катонқарағай, Күршім, Тар­ба­ға­тай, Зайсан, Үржар) медицина саласына 2025 жылға дейін 7 млрд теңге салу жос­пар­ланып отыр.

Ал Өскемен қаласында онкология және хирургия орталығы, облыстық пуль­монология орталығы, Ана мен бала орта­лығы, облыстық мамандандырылған меди­ци­налық орталығы ашылды. Мұның бәрі өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздік жылдары қолданысқа берілген медициналық ны­сан­дардың қатарында облыс халқына қызмет көрсететін Қан орталығымен. Оңалту орталығы және бар. Коронавирус пандемиясы басталғалы Қан орталығында алынған қан плазмасы қаншама адамның өмірін құтқарды?! 2022 жылы Қазақстанда теңдесі жоқ гематологиялық орталық қол­да­нысқа беріледі. Жаңа орталықта жа­су­шалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалана отырып, ең жаңа біре­гей жабдықтар орнату жоспарланған. Айтқандай, биыл Семейде көптен күткен ядролық медицина орталық өз жұмысын бас­тады.

 Өндірісі өркендеген өңір

Шығыс Қазақстан өндірісті өңірлердің бірі екені белгілі. 1991 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі облыста 27,9 млн теңге болса, бүгінде көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге же­тіп отыр. Жалпы отандық инно­ва­ция­лық өнімнің 7%-ға жуығы облыстың кә­сіп­орындарына тиесілі.

Өңір экономикасының негізгі саласы – түсті металлургия және тау-кен ісі. «Казцинк» ЖШС, KAZ Minerals АҚ және басқа да тау-кен металлургия компаниялары халықтың бір бөлігін жұмыспен қамтып, салық төлеп отыр. Оның үстіне, өндіріс орындары автоматтандырылған негізде жұмыс істейді.

Рас, өндірісі көп елдің өрісі кең болып, өркениет көшінің алдыңғы қатарына шығады. Жоғарыда айтқандай, еліміздегі бағалы металдардың өндіріс ошағы – «Казцинк» компаниясы. Алтын, күміс, мырыш, мыс, қорғасын қатарлы бағалы металдарды өндіріп, ел игілігіне жаратып келеді. Өндіріс ошағы өзіндік технологиясы бойынша бағалы металдар шығарып, зауытта тазартылған алтын құйма кесектерін дайындайды. 2010 жылы «Казцинк» ЖШС-не қарасты мыс бал­қыту және элетролиз зауытының құры­лы­­сы аяқталып, 2011 жылы толықтай іске қосылған. Сонымен қатар титан бал­­қытып, құймаларын жасауға арналған «Посук-Титаниум» ЖШС зауыты жұ­мы­сын бастады.

Елге пайдасын тигізіп, Үкіметке үлесін қосып келе жатқан Үлбі металлургия за­уы­тының алар орны да ерекше. 2020 жылы жылу беру құрылғыларын шығаруға арналған «Үлбі ТВС» ЖШС зауытының құрылысы аяқталды. За­уыт­тың жобалық қуаты жылына – 200 тонна. Аталған кә­сіпорын уран отынын өндіретін әлемдегі ірі кешендердің бірі һәм бірегейі. Ядролық салада да сүбелі жұмыстар атқарған өндіріс ошақтарының бірі. Сауда-саттықтың дәне­ке­ріне ай­налған «Қазақстан Теңге сарайы да» ҮМЗ аумағында орналасқан. Теңге сарайында 1-ден 100 теңгелікке дейінгі металл монеталар өндіріледі. Бұдан өзге мемлекеттік наградалар, ордендер, ме­даль­дар, зергерлік бұйымдар, кәдесый өнім­­дері жасалады.

 Баса айта кетерлігі, облыста металл шығару көлемі ұлғайғанымен, Өскемен атмосферасына күкірт диоксидінің шыға­рын­дылары 15 мың тоннаға азайған.

Дамыған 4.0 индустриясына көшудегі көшбасшылардың тағы бірі – KAZ Minerals өндіріс орнына қарасты Ақтоғай тау-кен байыту кешені. Естеріңізде болса, 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың қатысуымен өткен теле­кө­пір барысында кәсіпорын алғашқы катодты мыс шығарған. Биыл 1 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кен байы­ту комбинатының екінші өндірістік кезе­гін іске қосты. Егер бірінші кезектің жыл­дық қуаты 25 млн тонна кенді және 100 мың тоннаға жуық металды құраса, екінші кезектің іске қосылуымен өндіру көлемі екі есеге, ал дайын өнім 190 мың тоннаға дейін жетуі тиіс. Өнім көлемі кө­бей­генімен, сұраныс көлемі де артады. Қытайдың өзіне ғана 2019 жылы ай сайын 700 мың тоннадан астам мыс экспортталды.

Тау кен ісі мамандарының айтуынша, «Ақтоғайдың» қоры 1,7 млрд тоннадан асады екен. Кен орны 50 жылға есептелген. Кәсіпорында жалпы саны 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сонымен қатар Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ақтоғайдың» екін­ші кезегі іске қосылуы – 700 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 80 млн доллар салық түсетін болады. Бұл ел Тә­уел­сіздігінің 30 жылдығындағы үлкен же­тіс­тіктердің бірі.

Өндіріс саласы мұнымен тоқтамайды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Тар­ба­ға­тай ауданында бентонит ұнтақ­та­ры­ның өнді­рі­­сін іске қосу жос­парланып отыр. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, жылына 24 мың тоннаға дейін өнім шығарылады. Сонымен қатар Күршім, Қарашығанақ мыс кен орындарында тау-кен байыту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жақын жылдары Үржар ауданында Айско-Қа­ра­уыл кен орны базасында катод­ты мыс өндірісі құрылады. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік туғы­за­ды. Тек соңғы 10 жылдың ішінде ғана индус­трияландыру картасы аясында өңір­де 55 жоба жүзеге асырылып, 9 мың жұ­мыс орны ашылған.

Бұл жоба әлбетте, жалғасын таба бер­мек. Зайсан ауданындағы Қараөткел және Сәтпаев кен орындарында сирек кез­десетін металдардың ірі қорлары бар­лан­ған. Көкпекті, Аягөз және Күршім аудан­да­рында да кен өндіру ошақтары анық­тал­ған. Қазірдің өзінде шекара ше­біндегі аудандарды дамыту үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір құрылысы жүр­гі­зілуде. Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл көпірдің ұзын­ды­ғы –1 316 метр, ені – 12 метр. Кө­пірді 2023 жылдың желтоқсан айында пай­да­лануға беру жоспарланып отыр.

 Туризм тасы өрге домалаған

Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір құрылысы, Өскемен – Тал­ды­қорған тас жолы және Осинов асуын­да­ғы төте жол аяқталса, туризм саласының тасы өрге домалай түседі. Дегенмен Тә­уел­­сіздік жылдары туризм саласы жүйе­лі түр­де жолға қойылды.

Иә, Шығыс – турист тартуға әбден ла­йықты өңір. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Үржар ауданындағы суы шипалы Алакөл, Күршім ауданындағы Марқакөл, Катонқарағайдың Рахман­қай­нары бар. Сондай-ақ Берел қор­ған­дарымен, асқарын мәңгі мұз басқан Мұз­тауымен әйгілі. Есепке көз жүгірт­сек, Алтайдың қорықтары мен ұлттық парктерінде ғана 20 туристік маршрут пен соқпақ бар екен. Бұл да туристердің тар­тыл­уына үлкен сеп.

Алакөл курорттық аймағы кезең-ке­зеңі­­мен заманауи өркениетті деңгейге жа­қын­д­ап келеді. Мұнда Арбат, дәмхана, сауда орталықтары жаз маусымында да­мыл­­сыз жұмыс істейді. Биыл үлкен көрер­мен­дер алаңы бар Alazone Arena ашық аспан астындағы сахна ашылды. Орташа алғанда, туристік аймаққа 600 мыңнан астам демалушы келеді. Демалушыларға ғана жергілікті шаруа қожалықтары 4 млрд теңгенің өнімін өткізіп отыр. Биыл Үржар ауданының әкімшілік орталығындағы әуежайды қайта жөндеу жұмыстары аяқ­тал­са, туристер легі тағы артады.

Шаруалар шаруасын шалқытып отыр

Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары қар­қынды дамып келе жатыр. Жақсы нәти­жеге қол жеткізу үшін кез келген да­қыл­ды өсірумен ғана емес, оны өңдеу­мен де айналысу керектігін шаруагерлер де, жер­гілікті билік те кәміл түйсінді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін табысы жоғары дақыл­дарға көшу керектігін бірнеше рет айтқан-тұғын. Аймақта осы бағытта оң қа­дамдар жа­салды. Егістік жерлерін әртарап­тан­ды­ру, қажеттіліктер мен мүмкін­діктерді жіті талдау, күтілетін экспорт­тық өнімнің сарап­тамалық бағасы, осының бәрі бізге күн­бағыс тұқымын өндіруде республикада бірінші орын алуға мүмкіндік берді. Бірақ өндіріс – бұл тек алғашқы қа­дам. Екіншісі – Семей қаласы мен Глубокое ауданында май экстрациялайтын 2 ірі зауыттың құрылысы болып отыр. Олар­дың қуаттылықтары, сондай-ақ майлы да­қыл­дар үшін алқаптардың ұлғаюы өңір­дегі өсімдік майларының сан алуан түр­лерін өндіруде мемлекет бойынша көш­бас­шы атануына жол ашады.

– Жас шаруалардың осындай біре­гей жұмыстармен айналысуы нағыз шы­­ғар­­машылық іс. Осы ретте біз арна­йы бағдарлама әзірлейміз. Ал келесі жылы егістік алқаптарының құрылымын түбе­гей­лі өзгертуіміз керек. Биыл қайта өңдеу зауыты іске қосылып, оның тәуліктік қуаты мың тоннаны құрады. Сондай-ақ 2022 жылы майлы дақылдарды өңдейтін тағы бір зауытты іске қосамыз. Демек, өңір шаруа­лары өз өнімдерін қайда сатамын деп та­бан тоздырмайтын болады, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Әлбетте, мұндай өндіріс көлемімен за­уыттар пайдалануға берілгеннен кейін кә­сіпо­рын­дардың жалпы қуаттылығы жы­лы­на 1,1 млн тоннаға жетеді. Аймақ жо­ғары сапалы өсімдік майымен қам­та­ма­сыз етіліп қана қоймай, оны экспортқа шы­ғаруға да болады. Әсіре­се жақын көр­ші­леріміз Қытай мен Ресей Фе­де­ра­ция­сы ынты­мақтастыққа қызы­ғу­шы­лық білдіріп отыр.

Сондай-ақ облыс шаруалары рапс пен соя егуге ерекше назар аударған. Себебі жо­ғары тиімділікті көрсететін дәл осы да­қыл­дар аграрлық нарықта сұра­ныс­қа ие. Қа­зіргі заманда фермер – егін шаруа­шы­лы­ғымен ғана айналыспайды, заман көші­­нен қалыспайтын кәсіпкер.

Мысалы «Майлы дақылдардың тә­жіри­­белік шаруашылығы» ЖШС эли­та­лық тұ­қым шаруашылығы мәртебе­сі­не ие. Олар жүйелі түрде майлы, бұршақты және дәнді дақылдардың жаңа сұрыптарын іріктеумен, жоғары санатты тұқымдарды көбейтумен айналысады. Компания мамандары көп жылдан бері алыс-жақын шетелдердің селекционерлерімен бірге белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жыл сайын компанияның бір бөлімінде 600-ден астам күнбағыс будандарына сынақтар өткізіледі. Жаңа будандардың экологиялық сынақтары тек Қазақстан аймақтарында ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де жүргізіліп жатыр.

Міне, ордалы отыз жыл ішінде қай салада болсын, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Ең бастысы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алғаш болып, ядролық қарудан бас тартып, елдің тыныштығын алдыңғы орынға қойды. Бұл шешім Қазақстанды ғана емес, жаһанды бейбіт әрі қауіпсіз өмірге бастады.

 Шығыс Қазақстан облысы