Аймақтар • 26 Қазан, 2021

Газ бағасы неге қымбат?

707 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сыр мұнайының тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан басталып, Құмкөлден шыққан «қара алтын» осыған дейін аграрлық салаға арқа сүйеп келген облыс экономикасының негізгі тірегіне айналып сала берді.

Газ бағасы неге қымбат?

Бірақ өндірілген мұнаймен қатар жер бетіне шыққан газды қажетке жаратудың жолы табылмай, көп уақыт айдалада алау болып жанып келгені тағы рас. Тек екі мыңыншы жылдардың басында ғана Ақшабұлақ кен орнынан өңдеу зауыты салынып, табиғи газ құбыр арқылы облыс орталығына жеткізілді. Осы күні Қызылорда қаласы мен аудан орталықтары түгелдей газдандырылды. Кейбір ауылдарға да «көгілдір отын» керуені жетіп, ел игілігін көріп отыр.

Әу баста Қызылордадағы газ бағасы еліміздегі ең арзан тариф саналатын. Бірақ «көгілдір отын» құны жыл сайын қымбаттап, қазір өңір баға жағынан көп облыстың кеу­де қатарына шығып отыр. Тұр­ғындар болса өз жерімізде өнді­рілетін газдың жыл сайын қым­бат­тау себебін білмей дал.

Осы мәселеге байланысты жол­­даған сауалымызға облыстық энер­­гетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық басқар­масы мамандары кешіктір­мей жауап қайтарды. Одан білгеніміз, 2 жыл бұрын Табиғи монополияны реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өңірде газдың тасымалдау бағасын 34,6 пайызға төмендету туралы бұйрық шығарған. Осыдан кейін төлем арзандап, тұтынушылар 1 текше метр газға қосымша құн салығын қосқанда қолданыстағы 20,9 теңгенің орнына 17,4 теңге тө­ле­уі тиіс еді. Алайда «Қаз­Транс­Газ Аймақ» АҚ бұл бұ­й­­рық­­тың күшін жою туралы сот ор­ган­дарына шағымданған, бірақ бар­лық сатыдағы сот бұл та­лап арыз­ды қанағаттандырусыз қал­ды­рыпты.

Басқарма өкілдерінің жауабына сү­йенсек, облысқа қажетті «кө­гілдір отын» көлемінің 18 па­йызы ғана жер­гі­лікті Ақша­бұ­лақ газы. Бұл облыс ор­та­лы­ғы­ның да қажеттілігін өтей ал­ма­­ған­дықтан «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистралдық газ құ­бы­ры­нан АГРС-2 салынған. Екі ма­гис­тралдық газ құбырының газ та­сымалдау бойынша бағалары есебінен облыстағы «көгілдір отынның» көтерме құны бекітілді.

Бұл мәселе облыстық қоғам­дық кеңес отырыстарында да көтеріліп келеді. Кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев 2013 жылы текше метрі 6,6 теңге болған газ біртіндеп көтеріліп, 2015-2019 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шең­бе­рінде қымбаттай түскенін айтады.

– Бұл мәселе осыдан 4 жыл бұ­рын көтерілген. Оны тиімді ше­шу үшін жұмыс тобы құрыл­ға­ны жөн. Ол топқа мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, тарифтің қыр-сырын білетін мамандар енгізілуі тиіс. Осы ойымызды облыс әкімдігі өкілдеріне де айттық. Олар құптап, осы ба­ғыт­та жұмыс атқарылып жатыр, – дейді Б.Нұрқожаев.

Оның айтуынша, облыстың «Қы­зыл­ор­да-Ақшабұлақ» газ құбырынан алатын үлесі жайлы мәлімет нақты емес. Біресе 40 пайыздан жоғары, кейде 18 пайыз деген дерек айтылады. Мысалы, облыс 2018 жылы 618 мың текше метр газ тұ­ты­нған. Осының қанша бөлігі «Қы­зылорда-Ақшабұлақ» газ құбы­ры­нан алынып отырғанынан білмейміз. Жалпы, өңірде қанша газ өндіріліп жатқаны да қырық құлып астындағы құпия. Осының бәрін жіліктеп түсіндіретін мамандар бар. Оларға тек мүмкіндік беру керек.

Табиғи монополияны реттеу коми­те­ті Қызылорда облысы бо­йынша де­партаментінің басшысы Гүлмира Өте­ге­но­ваның айтуын­­­ша, газдың бөлшек сау­да­дағы бағасы 3 компоненттен тұрады. Оның ішінде көтерме бағаны Энергетика министрлігі, тасымалдау құнын жергілікті де­партамент, ал жабдықтау қо­сын­дысы бағасын комитет бе­кі­теді. Осыған байланыс­ты 2019 жылдың шілде айында «ҚазТрансГаз  Аймақ» АҚ өкіл­де­рі тасымал тарифі жөнінде де­партаментке өтініш береді. Мә­се­­леге байланысты қоғам өкіл­де­рін қатыстыра отырып, жария тыңдау өткізген департамент сол жылдың қараша айында тасы­мал құнын өтінімдегі бағадан 34 пайызға төмендетіп, бұйрық шы­ғарады. Онымен келіспеген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сотқа жүгініп, олардың талабы үш сатыда да қанағаттандырусыз қал­ды­рылды.

Департамент «Қаз­Транс­Газ Аймақ» АҚ облыс­тық филиа­лы­ның жоғары тарифтен тапқан негізсіз табыс сомасын бел­гілеп, бір жылға, яғни 2022 жылғы 1 тамызға дейін уақытша өтемдік тариф енгізген екен. Та­риф­тегі айырма тұрғындарға осылай қайтарылуы тиіс болатын. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сотқа арыз бергендіктен бұл бұйрықтың да жүзеге асуы тоқтап тұр.

Осылайша, уақыт созылып кетті. Даудың, соңғы нүктесін сот қояды. Жалпы, биылғы 1 шілде­ден бастап республика бо­йын­ша газ­дың көтерме бағасы 15 пайызға дейін өсті. Ал бізде керісінше 5,9 пайызға төмендеп отыр. Осы күні облыс тұрғындары 1 текше метр газға (ҚҚС қосқанда) бұ­рын­ғы 20,9 теңгенің орнына 19,7 теңгеден төлеп отыр.

Мәселеге байланысты «Қаз­Транс­Газ Аймақ» АҚ облыс­тық филиалының баспасөз қыз­метіне сауал жолдадық. Об­лыс­тағы «Ақ­ша­бұлақ» кен орнынан қанша газ өндірілетінінен олар да бейха­бар болып шықты. «Газ және газ­бен жабдықтау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Рес­публикасы заңының 5-бабы 2 тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 914 қау­лы­сымен «ҚазТрансГаз» АҚ газ және газбен жабдықтау сала­сын­дағы ұлттық оператор болып айқындаған. Облыс халқы тұ­ты­нып отырған «көгілдір отын» көлеміндегі жергілікті өндіріс үлесін аталған ұлттық оператор біледі. Сонымен қатар жаңағы заңға сәйкес жыл сайын тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын Энергетика ми­нистр­лігі әр облыс үшін жеке бел­гілеп отырғанынан хабардар бол­дық.

Жауапты мамандар батыс облыстармен салыстырғанда Сыр бойында газдың тасымал құ­ны­ның неліктен қымбат еке­ніне түсінік берді. Тарату жү­йе­ле­рі ар­қы­лы газды тасымалдау тари­фін «Табиғи монополиялар тура­лы» Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы заңына сәйкес уә­кі­летті орган 5 және одан да көпжылдық ке­зең­ге белгілейді.

Біріншіден, газды тасымалдау бағасының өсуіне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың 21 млрд тең­ге­ге жуық қарыз қаражатын та­рту арқылы инвестициялық бағ­дар­ла­маны жүзеге асыруы әсер еткен. Бағдарлама аясында Арал, Байқоңыр қалалары, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері мен Қызылорда қаласындағы Қа­ра­уыл­төбе елді мекені газдандырылды. Бес автоматты газ тарату стансасы, 64 шақырым бұрма-құбыр, 13 газ реттеуші пункт, 174 газ реттеуші шкафты пункт са­лы­нып, пайдалануға берілді, 1 232 шақырымдық көшеаралық газ тарату желілері пайда болды. 2013 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылған №44 өзара түсі­ніс­тік және ынтымақтастық тура­лы ме­морандумға сәйкес инвест­бағ­дарламаның бастамашысы – Қызылорда облысының әкімдігі.

Тұрғындар көкейінде «Газ­дан­дыру аясы ұлғайған сайын шығын көбейді делік, бірақ пайда түсіретін тұтынушылар саны жыл санап артып отырғаны неліктен ескерілмейді?» деген де сауал бар. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы мамандары абоненттер жыл сайын қосылып жатқанымен де олар тұтынатын газ көлемі аз екенін айтады. Газ пайдаланатын ірі өнеркәсіптік орындар жоқтың қасы. Әзірше облыстағы осындай кәсіпорын «Қызылорда жылу электр орта­лы­ғы» МКК болып отыр.

Мысалы, газ тасымалдау кө­ле­­мі Ақтөбе облысында – 1,4 млрд, Маң­ғыс­тау­да – 2,9 млрд, Атырау облысында – 943 млн текше метр. Ал Қызылорда облысында оның көлемі небәрі 452 млн текше метр болып отыр. «Бұл кредиттік қарыздарды өтеу үшін қажетті тарифтік кірісті қамтамасыз ет­пей­ді» дейді ак­цио­нерлік қоғам өкілдері.

Қазір аудандарды газдан­дыр­­ғанға дейін Қызылорда қала­сын­­дағы «көгілдір отын» құны төмен болғанын және аудандарға тартылған газ шығынының облыс тұтынушылары есебінен толтырылуы қисынсыз екендігін айтып жүргендер көп. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалы ма­мандарының бұған да айтар уәжі бар екен.

«Қызылордада газ бағасы неге қым­бат?» деген сауалды қой­ғанда біл­ге­ні­міз осы бол­ды. «Ар­дагерлер дауысы» қо­ғам­­дық ұйымы осы мәселені бір­не­ше мәрте көтеріп, облыстық Қо­­ғамдық кеңес те газ бағасын ар­зандату талабын қойған. Бірақ жер­­гілікті билік өкілдері сот тәр­­­ті­­­бі­мен қаралып жатқан мә­се­­ле­ні өзге органдар немесе ла­уазымды адамдар қарауға, ба­қы­лауға ала алмайтынын алға тар­тады.

Сонымен таразы басын тұты­ну­­шы талабы баса ма? Әлде моно­по­лист мүддесі жоғары шыға ма? Ол енді сот шешіміне бай­ланыс­ты.

 Қызылорда облысы