Кино • 27 Қазан, 2021

Отандық кино саласындағы білімнің болашағы

1023 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Болашақ мамандығын кино индустриясымен байланыстыруды жоспарлап жүрген жас журналистер, сыншылар мен сценаристерді кім және қалай даярлайды? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен пікірталас алаңының басты тақырыбы өзектілігімен назар аудартты.

Отандық кино саласындағы білімнің болашағы

Қоғамды толғандырған сауалды кино саласының төңірегіндегі кәсіби мамандар білім ордасының басшылығы­мен бірге отырып талқылады. Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің спикерлері – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есет­­жан Қосыбаев, Қазақстан киносыншыла­ры қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мә­диев, кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина, сондай-ақ ҰКҚМО Бас­­қарма төрағасының орынбасары Бауыр­жан Шөкенов маман даярлау тура­лы маңызды ойларын ортаға сала отырып, отан­дық кинодағы кемшіліктің де бе­тін бүркемелеп қала алмады.

Пікірталас алаңындағы беташар сөз­­дің тізгінін алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев отандық кино өн­ді­рісі үшін мамандар даярлауға қуатты сер­пін бере алатын еліміздің жетекші жоғары оқу орнының зор әлеуетін атап өтті.

9851

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: «Биыл журналистика факультетінің баспа жә­не электронды БАҚ кафедрасында бака­лав­риат деңгейінде «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылды. Бұл бағ­дарлама кино және медиа сала­сында заманауи креативті өнімді жа­сауға қабілетті кадрларды даярлауға ба­ғыт­талған. Сондай-ақ оқу процесіне біз «кино тарихы», «кинодраматургия» және «кинорецензия» сияқты пәндерді енгіздік».

Киноорталық басшысы Есетжан Қосы­баев өз кезегінде киноиндустрияны да­мытуда академиялық білім берудің ма­ңыз­дылығына назар аударды. Білім беруді дамытудың өзекті бағыттарына назар аудара отырып, университет қа­быр­ғасында теорияны тәжірибемен ұш­тас­тыратын оқу-өндірістік хаб ашуды ұсынды.

231165

Есетжан ҚОСЫБАЕВ: «Біз жос­парлап отырған жұмыс белгілі бір әдіс­темеге және біздің қайда шығатынымыз, бұл әрекеттерді не үшін жасайтынымыз туралы түсінікке негізделуі тиіс. Негізгі міндет – болашақ мамандарды кәсіби деңгейде дайындау. Әрине, біз бұл бағыт бойынша артта қалып бара жатқанымызды көріп отырмыз. Сондықтан биыл біз алғаш рет ҰКҚМО бюджетіне білім беру мен кадрларды даярлауға арналған шығыстарды енгіз­дік. Алдағы уақытта біз өз өтінімдері­міз­дегі қаражат мөлшерін біртіндеп ұлғайтатын боламыз. Серіктестерге келе­тін болсақ, бүгінде елімізде Т.Жүр­генов атындағы Ұлттық өнер акаде­мия­сы, «Тұран» университеті бар, де­генмен, біз­дің ынтымақтастығымыз қуат­ты ғылы­­ми және материалдық-техни­ка­лық база­сы бар ҚазҰУ-дан басталға­­нын қалай­мын, енді тек оқыту үшін үздік инновация­лық технологияларды тар­ту қажет».

Спикерлер Қазақстандағы зама­науи киноиндустрияның даму ерек­ше­ліктеріне тоқталып, бүгінде кино сала­сындағы мамандарды даярлау жүйесін қайта қарау, киножурналистика және сценарий шеберлігі сияқты пәндерде оқу процесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Өнертану докторы, ВГИК кино­тану факультетінің түлегі Гүлнар Әбі­кеева «сценаристер мен кинотанушылар­ды даярлауда неліктен сәтсіздікке ұшы­радық?» деген мәселені көтеріп, тарихқа шолу жасады.

6598

Гүлнар ӘБІКЕЕВА: «1996 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-дағы кинотанушылар мен киносыншылар шеберханасына студенттерді жинадым. Басында он адам болды, оның жетеуі қорғауға шықты. Бұл жаман емес. Бірақ бұл менің орыс тіліндегі кинотанушылар шеберханасындағы жалғыз түлектерім болды. Бүгінгі таңда ҚазҰӨА қазақ тіліне баса назар аударады. Сценарийді орыс тілінде жазатындармен де жағдай осылай болды. Менімен қатар Лейла Ақынжанова (ВГИК-тің сценарий фа­культетін бітірген) шеберханасын жүр­гізді. Ол да бүгінде кино мен теледидарда өте белсенді жұмыс істеп жүрген сегіз шәкіртін тәрбиелеп шығарды.

Енді статистикаға келетін болсақ. Драматургиялық білімі бар бізде қанша маман бар? Ең көп дегенде онға жуық дипломы бар драматургтерді (ВГИК қана емес, сонымен қатар Жоғарғы курс­тарды қоса алғанда) атай аламыз. Бес жыл бұрын біз Қазақстан киносыншылары қауымдастығын құрдық, бүгінгі таңда оның құрамында 18 адам бар, олардың арасында базалық білімі жоғарысы аз. Бұл тұрғыда мен, әри­не, кинотанушыларды, кино туралы жазатын журналистерді, сондай-ақ драматургтер мен сценаристерді даярлау идеясын қолдаймын. Кино процесін бақылап тұратын мұндай мамандар бізде шынымен өте аз.

Мен қазір жаңа «Медиа және кино» мектебі ашылған AlmaU-да (Алматы Ме­неджмент Университеті) сабақ бере­мін. Ал келесі жылы осы оқу орнында киносыншылар шеберханасын (тәжірибелік топ) ашу жоспарланып отыр, онда да шеберлік сыныптарын жүргізетініме қазірден қуанып отырмын».

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беретін танымал кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина Гүлнар Әбікееваның мамандарды даярлау сапасы жайлы айтқан ойын қолдады.

87974987

Әсия БАЙҒОЖИНА: «Сценарис­тер­дің жетіспеушілігі бар екенін мойындау керек. Қазақ тілінде өте қызықты жазатын кейбір жас жігіттер мен қыздар бар, бірақ олар кинода жұмыс істемейді, көбінесе танымал веб-сериалдарды шы­ғарады және сол себепті олар интернетте маңызға ие.

Екінші жағынан, бізде жыл сайын ана тілінде кәсіби білімді қажет ете­тін қазақтілді талапкерлердің саны ар­­тып келе жатқанын ескеру қажет. Бі­рақ мемлекеттік тілде жазылған сапа­лы әдістемелік база жоқ. Жыл са­йын біз драматургтерді шығарамыз, бірақ соңғы үш жылда драматургия бо­йын­ша бір ғана кітап қазақ тіліне ауда­рыл­ған. Бұл ретте менің Қазақ өнер ака­­демиясындағы студенттерім аудар­маның ауыр екенін және оларға орыс тілінде оқу түсініктірек екенін айтады.

Академия 25 жылға жуық қызмет етіп келеді, бірақ мемлекеттік тілде дра­матургия бойынша оқулықтар жоқ. Ме­ніңше, үлкен сәтсіздік деген осы. Біздің кинодағы көптеген қиын­дық­тар жақсы драматургияның жоқты­ғы­нан ­туындап отыр. Шын мәнінде, Кулешов, Эйзенштейн, Тарковскийдің кітап­та­­ры­нан бастап, шетелдік авторлардың кере­мет драмалық оқулықтарына де­йін әлем­нің барлық кино мектептері қолданатын ғажап еңбектер толып жатыр».

Сансызбай МӘДИЕВ: «Кино – бұл ең алдымен рухани байлық. Біз бұл бай­лығымызды жоғалтып, соңғы жылдары ғана осы олқылықтың орнын қайта толтыруға тырысып жатырмыз. Барлық көтеріліп отырған мәселелердің маңызы зор. Бізде кинодраматургия әлсіреп тұр, ал киносыншылар мүлдем жоқ, әсіресе қазақтілді мамандар аз. Бұл өте маңызды және өзекті мәселе. Мұнда айтылып жатқандардың бәрі де маңызды, біз әріптестерімізді қолдауға дайынбыз».

676

Бауыржан ШӨКЕНОВ: «Біз не­ліктен Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі ҚазҰУ-ға жүгін­генімізді тағы да айта кетейін. Кино – бұл өте маңызды сала, академиялық тәсілдерсіз индустрияны одан әрі жылжыту мүмкін емес. Біріншіден, бізді сценарий және драматургия саласындағы білім мәселелері ойландырады. Екін­шіден, киносыншылық пен киножурналистика да бізге ауадай қажет. Дәлірек айтсақ, осы саладағы академиялық бі­лім жеткіліксіз. Сонымен бірге жақында біз Мәскеу кино мектебінің өкілдерімен кез­дестік, олар білім беруді өзгеше тұр­ғыдан қарастырады. Яғни олар ака­демиялық емес, ең көп дегенде үш жыл­дық оқу процесінде игеруге болатын жедел білім ретінде қолға алуды қолайлы санап отыр. Әрине, жедел білім алу үшін мықты материалдық базаның болуы маңызды. Мұнда кино өндірісі саласында сұранысқа ие ма­мандықтар үшін практикалық білім қажет. Киноиндустрия барлық қажетті мамандарды сапалы даярлағанда ғана алға жылжуы мүмкін және бұл мәселе ҚазҰУ арқылы шешілсе, керемет болар еді. Неліктен? Ең алдымен, бұл қажетті құралдар мен кино түсіру тұрғысынан жақсы базаның, яғни кино өндірісіне іс жүзінде қажет нәрселер – павильондар, жабдықтар, дыбыс жазу және монтаждау студияларының болуы. Егер біз бұл мәселені бірлесіп шеше алсақ және жақын арада іске асыра алсақ, меніңше, ең үлкен жетістік осы болмақ».