Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Энергетика өндірісінің ертеңі алаңдатады

893 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша елдегі энергетика өндірісі 74,9 млрд кВт сағатты құраған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 7,9 пайызынан жоғары. Қазіргі жағдай жақсы. Бірақ енді 5-6 жылдан соң елде энергия тапшылығы басталады деген әңгіме ертеректе арагідік айтылатын. Соңғы жылдары бұл қауесет тіпті жиі естіле бастады.

Энергетика өндірісінің ертеңі алаңдатады

Майнерлер мазаны алып тұр

Қыркүйек айының соңында Энер­гетика министрі Мағзұм Мырзағалиев биыл елде электр энергиясын тұтыну көле­мі 7 пайызға артты деп мәлімдеді. Тұты­нумен қатар салада апатты жағ­дайлар мен жоспардан тыс жөндеу жұмыс­тары да күрт көбейген. Оның үстіне елімізде биткоин өндірумен айналысатын майнерлер де арта түскен. Олар миллион­даған кВт сағатты талғамай жұтады. Бара-бара жарықсыз қалсақ кімді жаз­ғырмақпыз? Апта бұрын Жамбыл облысының кейбір ауылдарында кешкі сағат 19-00 мен 21-00 аралы­ғында жарық өшірілетіні туралы ақпар тарады. Жарық тұрғын үйлерде ғана емес, ауруханаларда да ажыратылмақ.

Энергетика саласындағы сарапшы Жақып Хайрушевтің айтуынша, тапшылық тамыз бен қыркүйекте қат­ты байқалған. Бұл ретте сарапшы елді мекендер мен қалаларды жарықпен қамтып тұрған өңірлік ЖЭС-тердің майнингке арнап электр энергиясын сатуына ты­йым салынуы керек дейді.

«Қазіргі генерация нақты сектор мен халықтың тұтыну талабын өтей алмайды. Криптофермалар қысқа уақытта ел энергиясының бүкіл генерациясын алып қояды. Бұл еліміздің энергия жүйесіне үлкен қатер төндіреді. Майнинг компаниялары өсімінің бақылауға алынбауы электр желісі кешеніндегі апаттарды тудыра бастайды», дейді сарапшы.

Энергетика министрлігінің есеп­те­уін­ше, майнерлер 1 мың мегаватт пайдаланып отыр. Бұл – Екібастұз ГРЭС-2-нің бүкіл қуаттылығы. Биткоин өндіру­шілер тұтынып жатқан электр энергиясының ағынын бақылау үшін KEGOC пен министрлік бірлесіп нормативтік актілер дайындап жатқан көрінеді.

Сонымен қатар министрлік көлең­кеде жүрген криптофермаларды анық­тау­ға да тырысып жатыр екен. Олардың нақты санын біліп, аражігін тезірек ашпаса, Жамбыл облысын былай қой­ған­да, бүкіл республика жарыққа зәру боп қалуы ықтимал.

 Стансада апат көп...

KEGOC АҚ ұлттық диспетчерлік орталығының бас диспетчері Бекжан Мұқатов бұған қоса стансаларда жиі болатын апаттар да тапшылыққа «үлес қосып» тұр дейді. Апаттан көз ашпаған соң өндіріс аз болады, ал халық көп тұтын­ғысы келеді. Тапшылық міне, осыдан шығады.

«Президент тапсырмасы бойынша 2035 жылға дейінгі энергетикалық баланс жасалып жатыр. Оның аясында генерация бойынша мәселелер қаралып, қанша қуаттылықпен, қай жерге қандай жаңа нысандар саламыз деген мәселе шешіледі. Маневрлік генерацияны дамыту бойынша да жұмыс істеледі. Жел­тоқсан айында аукциондық сауда болады», дейді электр энергетикасын және интеграцияны дамыту басқармасының басшысы Болат Төленбаев.

Жаңа қуатты стансалар салмай көсе­ге­­нің көгермесі сөзсіз. Өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдары салынған жылу электр стансалары қазір орта есеп­­пен 60 пайызға тозып кеткен. Жа­ла­­қысы аз. Жастар жоқ. Осы орайда ми­нис­тр­лік желтоқсанда бірнеше сцена­рийді та­ныс­тырмақ. Соның ішінде жаң­ғыр­ма­лы энергия көздері де (ЖЭК) бар. Сарапшы Жақып Хайрушев те осы нұс­қа­ны қолдайды.

«Тапшылықты ЖЭК көмегімен де жабуға болар еді. Бірақ оның пайдалану қуаттылық коэффициенті тым төмен. Заманауи технологиямен бұл 20-25 пайызды құрайды. Мысалы, 100 МВт болатын жел паркі 100 МВт-ны толық бермейді, өйткені ол үздіксіз болмайды. Жел болмаса, жарық та болмай қалады. ЖЭК-ті біздің елде автономды, сыртқы субсидиялаусыз орнату мүмкін емес», дейді Ж.Хайрушев.

Министрліктің де ойы сарапшы пікірімен үндеседі. ЖЭК-тің өрістеуіне жағдай жасаймыз, бірақ олар шағын тәуліктік қажеттіліктерді ғана өтеп тұ­рады, оны базалық энергия көзі ретінде пай­далану мүмкін емес дейді. Қазір елдегі электр энергиясын 179 электр стансасы өндіріп отыр. Өндірістегі басым үлес көмірде – 66,5 пайыз, газдың үлесі – 22,5 пайыз, ірі гидро электр стансаларының үлесі – 9,3 пайыз.

 АЭС – әлем энергиясының 10 пайызы

Міне, осыдан келіп атом электр стансасы қажет деген көзқарас туындайды. Ranking порталы жақында жария еткен зерттеуінде Қазақстанда АЭС салуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Оған дәйек ретінде дәлелденген уран қорының болуын, уран өндіру және оны қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуын, атомдық ғылымның және жоғары білікті мамандар әлеуетінің бар екенін алға тартады.

АЭС пайдалану – әлемде бар тә­жі­ри­бе. Қазір әлемнің 32 елінде 445-ке жуық ядролық реактор жұмыс істеп тұр. 2020 жылы оның барлығы әлем­дік электр энергиясының 10 пайызын қам­тамасыз етті. Тағы 19 елде 50 АЭС са­лынып жатыр. АЭС-тің пайдасы ретін­де оның бүкіл елді электр энергия­сымен еркін қамтуын айтар болсақ, тағы бір тиімділігі – төмен көміртекті көз болуында. Дамыған елдер энергия өнді­рі­сінде көмір мен газдан бас тарта бас­та­ды.

«Испанияда 2020 жылы көмір өнді­рі­сі қуаттылығын жартылай азайту көз­дел­ген. Франция 2022 жылы қалған төрт көмір электр стансасын жауып тастауды жоспарлап отыр. Жапонияда ядролық энергетикаға ерекше басымдық беріледі. Тіпті цунами салдарынан болған Фукусимадағы апаттан кейін де олар жаңа АЭС-тер салуды жалғастырып жатыр. Қазір қуаттылығы 2 653 МВт-ны құрайтын 2 реактор құрылысы жүріп жатыр», деп жазады Ranking.

 АЭС бізге керек пе?

Президент АЭС салу туралы жиі мәлімдеме жасаған соң аталған нысан бізге керек пе, керек емес пе деп сыңарезуленіп отырудың өзі күлкілі болар. Десе де қоғам пікірі екіге жарылып тұрған соң, алуан пікірді аттап өтуге тағы болмайды. Бауыржан Алиев есімді әлеуметтік желі қолданушысы «Сауалдама қорытындысы бойынша Қазақстанда халықтың 80 пайызы АЭС құрылысына қарсы» деп жазады. Пікір қалдырған 40-тан астам адамның көзқарасы да посттағы көңіл күймен үндеседі.

Ал АҚШ-та тұратын қазақстандық бизнесмен Тимур Сейтмұратов бүкіл әлем АЭС-тен бас тартып жатқанын жеткізді.

«ҚазМұнайГаз» дерегі бойынша Қазақстан табиғи газ қоры бойынша әлемде 22-орында. 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде 771 млн долларға 6,3 млрд текше метр газ экспорттаған. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2027 жылы газ өндірісін 30 млрд текше метрге дейін ұлғайтылатынын айтты. Сөйте тұра Қазақстан АЭС құрылысын қарастыруда. Германия газдан бас тартты. Франция 2035 жылы АЭС-ке тәуелділікті 75-тен 50 пайызға түсірмек. Италия бүкіл АЭС-ті жауып тастады. Еуроодақ елдерінде 2006-2019 жылдар аралығында АЭС көмегімен энергия өндіру 16,3 пайызға қысқарған», деп жазады бизнесмен.

АЭС керек емес деушілердің алға тартатын нұсқасы – жаңғырмалы энергия көздері. Энергетикалық сарапшы Әсет Наурызбаев былай деп жаза­ды: «Дания электр жүктемесін тек жаң­ғыр­малы энергетика есебінен жауып отыр. Кей күндері ЖЭК электр энергия­­сын тұтынуды толық өтейді. Негізгі жүк­те­ме де ЖЭК-тің мойнында. Даттар АЭС салмай-ақ, отын жағып энергия алу­дан құтылып отыр. Қазақстанның да осы жолды қайталай алатынына кү­мән­данбаймын. Сол кезде ешқандай да энер­гия тапшылығы болмайды».

Алайда ядролық физика институ­ты­ның бөлім меңгерушісі Сергей Кислицын мұндай пікірмен келіспейді.

«Күн қуатын оңтүстікте өндіруге болар, солтүстікте қиындау. Солтүстікте жел өндірісіне мүмкіндік бар. Бірақ бұл қажеттілікті 100 пайызға өтей алмайды. Ал АЭС барлық қажеттілікті жабады. Ол ауа райына тәуелді емес. Қанша керек, сонша энергия береді. Жалпы, бізге бұдан қолайлы нұсқа да жоқ. Салған соң бұрын салу керек еді. Неге атом энергетикасы, неге сутегі энергиясы емес деген сұрақ та туады. Бір кило сутегі алу үшін 10 кило су құю керек. Қазақстанда мұндай процесс үшін су жете ме? Күмәнім бар. Энергияның бұл көзі ірі теңізі мен өзендері бар елдер үшін қолайлы», дейді ғалым отандық Sputnik басылымына берген сұхбатында.

 Түйін орнына

Ranking-тің жазуынша, қазір Қазақ­станда әлемдік жетекші реактор өн­дірушілердің технологиясы зерттеліп жатыр. Олардың арасында Росатом (Ресей), Electricite de France Group / Mitsubishi Heavy Industries Ltd (Франция, Жапония), NuScale Power (АҚШ), GE Hitachi Nuclear Energy (АҚШ, Жапония), Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (Қытай), Korea Hydro and Nuclear Power (Оңтүстік Корея).

Қысқасы, қаза берсек нұсқа көп. Әзірге бізде энергия тапшылығы болжам күйінде. Алайда жиі болатын апат пен майнерлер әрекеті бұл болжамды тезірек расқа айналдырар түрі бар. Көрші елден келетін электр энергиясының импортына күніміз қарап қалмай тұрып жедел әрі тиімді шешім қабылдау – күн тәртібінің маңызды мәселесі.