«Мажарстан – Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі бірден-бір сенімді стратегиялық әріптесіміз, достас әрі тарихы тамырлас мемлекет. Бүгінгі таңда екі мемлекет арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде. Қазақстан мен Мажарстан бір-бірінің халықаралық аренадағы бастамалары мен күш-жігерін қолдап келеді. Бұл өз кезегінде екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қолайлы жағдай тудырады», деді М.Тілеуберді.
Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Мажарстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың бүгінгі ахуалы мен одан әрі дамуының перспективаларын талқылағанын жеткізді.
«Біз өзара тиімді ынтымақтастықты, ең алдымен экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету, сондай-ақ екіжақты сауданы ұлғайту арқылы оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өттік. Ауыл шаруашылығы, энергетика, «жасыл экономика», денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Мажарстаннан келген өкілетті бизнес-делегацияның және қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен ірі бизнес-форум өтті. Іс-шара барысында медициналық туризм, ауыл шаруашылығы, «жасыл энергетика», көлік және логистика салаларында бірқатар маңызды инвестициялық меморандумға қол қойылды. Біздің елдеріміз коронавирус пандемиясы кезінде бір-біріне қолдау көрсетіп келеді», деді М.Тілеуберді.
Биылғы маусымнан бастап Қазақстан мен Мажарстан вакциналау паспорттарын өзара тану жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Осы орайда Сыртқы істер министрі QazVac вакцинасын Мажарстан аумағында қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанына тоқталды.
«Қыркүйекте Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілді. Рейстерді WizzAir мажар әуе компаниясы орындайды. Жақында Үкімет шешімімен рейстердің жиілігі аптасына екі рейске дейін арттырылды. Осыған орай, мажар тарапына екінші рейсті Будапешт – Алматы – Будапешт бағыты бойынша іске қосуды ұсындық.
Бүгінгі таңда еліміздің 800-ден астам азаматы Мажарстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алады. «Стипендиум Хунгарикум» мажар білім беру бағдарламасы шеңберінде мажар тілінде оқуға қызығушылық танытқан студенттер саны артып келетінін атап өту қажет», деді М.Тілеуберді.
Өз кезегінде Михай Варга пандемия жағдайы, экономикалық мәселелер, мәдени ынтымақтастық, білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша экономиканың қайтадан қарқынды жұмыс істей бастауы екіжақты байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол сапар аясында Қазақстанға мажарстандық кәсіпкерлердің үлкен делегациясы келгенін айтты.
«Бизнес-форумға 50-ден астам мажарстандық кәсіпкер қатысып, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Нақты ұсыныстарға келсек, Мажарстан үкіметі энергетика, су ресурстарын басқару, медицина саласында ынтымақтастық жасауды көздейді», деді Михай Варга.
Мажарстаннан келген өкілдің сөзіне қарағанда, аталған елдің Қазақстанға экспорты кейінгі жылдары арта түскен. Соның ішінде мажар елінен келетін тауарлардың 70 пайызға жуығын дәрі-дәрмек, фармацевтикалық өнімдер құрайды. Осы орайда, Михай Варга мажар тауарларына қазақстандықтардың қызығушылығы бар екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанға қызығатын Мажарстан кәсіпкерлерінің саны артып келе жатқанына да тоқталды.
«Қазақстандағы мажарстандық бес кәсіпорынның төртеуі фармацевтика саласында жұмыс істейді. Олар көп көлемде дәрі-дәрмек экспортқа шығарады. Ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілді. Демек классикалық тауар айналымынан басқа, инновация саласында да, ынтымақтастықта да, білім беруде де қарым-қатынасымыз жақсарып келе жатыр», деді Михай Варга.
Екіжақты келіссөз қорытындысы бойынша Стратегиялық Кеңестің 5-ші отырысының хаттамасы қабылданды. Бұл екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы серіктестік қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша серпін бермек.