Ал Алматы қаласына еліміздің басқа өңірлерінен келіп тіркелген 560 онкологиялық науқас бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Өкінішке қарай, дер кезінде дәрігерге жүгіне алмаған немесе қараусыз қалған әрбір бесінші пациент дерті асқынғанда мегаполис мамандарына келген. Былтырдан бері күрделі эпидемиялық ахуалға тап болғанымызға қарамастан, жыл басынан бері әрбір пациентті емдеу барлық ереже бойынша жүргізіліп жатыр.
«Алматыда жылына обырға шалдыққан 4 мыңнан астам пациент анықталады. Қатерлі ісік ауруының даму қаупі салмағы артық, созылмалы кеселдері бар, иммунитеті төмен адамдарда жоғары болады. Сонымен қатар темекі шегу, ішімдікке салыну, фаст-фуд, газдалған сусындар, артық салмақ, тотығуды теріс пайдалану, сондай-ақ газдану, радиация және тұқым қуалайтын факторлар онкологияның дамуына үлкен әсер етеді», дейді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.
Онколог-маман аталған орталықтың жұмысы туралы айта келе, жыл басынан бері мегаполисте онкологияның 3 317 жаңа жағдайы анықталғанын атады. Бұл ретте ауру құрылымында бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында – тоқ ішек, үшінші орында – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында аналық без обыры тұр.
«Егер онкологиялық науқас коронавирус инфекциясын жұқтырса, онда алдымен осы дертке емдеу жүргізіледі. Науқас емделіп шыққан соң онкологиялық орталықта ем алады», дейді орталық директоры.
Онколог дәрігерлер науқастардағы COVID-19 салдарынан иммунитеттің төмендеуі емдеуді қиындататынын жасырмайды. Сондықтан олар пациенттерге денсаулықтарына байланысты вакцина түрлерін ұсынып отыр. Вакцинаның бірінші және екінші дозаларын енгізу кезінде онкологиялық ауруды емдеудің басталу мерзіміне әсер етпеуі үшін вакциналау мерзімдері есептеледі.
Онкологиялық орталық заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған, жылына 2,5 мыңнан астам операция жасауға қабілетті. Сонымен қатар операциялардың 50%-дан астамы лапароскопиялық әдістермен жүзеге асады, яғни пациенттің ағзасына ота барысында зақым өте аз болады.
«Биыл емделген пациенттердің саны – 13 256 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп. 2 мыңнан астам күрделі ота жасалды. Скринингтің және онкологиялық науқастарды ерте диагностикалаудың, сондай-ақ емдеумен 100 пайыз қамтудың нәтижесінде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 10,6 пайызға төмендеді», дейді орталық директоры.
Мамандар жүргізіліп жатқан скринингтердің өте маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтып келеді. Бірақ бұл қалың бұқараға қандай жолдармен жеткізіледі, насихаты мен тиімділігі қандай десек те, осы тексерулердің нәтижесінде 148 адамның аталған дертпен жүргені және 9 304 обыр алды жағдайы анықталды.
«Бұл жерде қатерлі ісік ауруының 90%-ы аурудың 1-2 сатысында скрининг арқылы анықталғанын атап өткім келеді. Әрине, мұндай жағдайларда емдеу тиімдірек және толық емдеуге қол жеткізуге болады. Сондықтан скринингтен өту маңызды. Қатерлі ісіктің соңғы сатыларында емдеу қиынға түсіп, болжам нашарлайды», дейді орталық басшысы.
Сонымен қатар онколог-дәрігерлер пациенттердің үйіне келіп, көмек көрсетеді, биыл 3 436 мобильді бригада шұғыл шақыруларға шыққан. Бірақ қалайда дертті асқындырып алмау үшін онкологтар қала мен ел тұрғындарын емханаларда тегін скринингтен өтуде белсенділік танытуға, жыл сайын флюорография кабинетіне және қарайтын бөлмеге баруға, өздерінің жеке денсаулық жағдайларын бақылауға шақырады.
«Егер қаны аздық, көкжөтел және қан араласқан қақырық, нәжіс, зәр, сүт бездерінің, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, шаршау әрі салмақ жоғалту, денедегі қалдардың өзгеруі сияқты басқа да белгілер байқалса, уақытты оздырмай, бірден онкологқа жүгіру керек. Бұрынға қарағанда, онкологиядан болатын өлім-жітім 10 пайызға төмендегенімен, жыл сайын әлемде 18 млн-нан астам адамнан қатерлі ісік табылады», дейді Н.Ізмағамбетов.