19 Ақпан, 2014

Сочиде қазір күн ыстық

199 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
47260Өзінің «Ыстық. Қысқы. Сенікі» деген басты ұранына сай, Сочиде қазір, тура мағынасында да, жанама мағынасында да, шынымен күн қызып тұр. Бұған бір жағынан жергілікті жердің климаты әсер етсе, екінші жағынан жарыс жолдарында бәсеке көрігін күн асқан сайын қыздырып келе жатқан спортшылар себеп болуда. Сондықтан шығар, бәйгенің төріндегі талас бір сәт толас таппай, оның кестесіне деміл-деміл өзгерістер еніп жатыр. Тартыстың қызғанын мынадан да біліңіз: бұрнағы күні түнде сегізінші алтын медалін жеңіп алып, бірінші орнын нығыздай түскен Германия құрамасынан кейінгі қатарда тұрған Ресей, Голландия, АҚШ, Норвегия, Швейцария және Беларусь елдері әрбірінің қоржынында бес-бестен осындай жоғары награда бар. Мұның өзі осы құрамалардың ендігі басқан әрбір сәтті қадамы бұлардың кестедегі орналасу сапына түзетулер енгізе беретінін білдіреді. Алдағы күндерде орын алуға тиісті бұл өзгерістер мен түзетулердің әрбірінде атан түйе тарта алмас ауыр жүк жатады. Енді біз негізгі әңгіменің арқауы етіп алып отырған 17 ақпан, дүйсенбі күні спорттың 6 түрі бойынша жарыстар өтіп, солардың бесеуінде жүлдегерлер белгілі болды. Хоккейші қыздар финалда өзара кімдердің кездесетінін анықтады. Қазақстандықтар бұл сайыстардың екеуіне қатысуға тиіс еді, бірақ... Домрачева – «Беларусь Батыры» Әңгімені жоғарыдағы «бірақтан» бас­та­йық. Біз бұрын үміт күткен жарыстардың бірі биатлоншы әйелдердің 12,5 шақырымдық қа­шықтықтағы масс-старты еді. Бастапқы есепте оған төрт қызымыз қатысуы тиіс-тін. Бірақ, бұған соңғы сайысында алғашқы отыз­дыққа кір­гендер ғана жіберіледі. Сондықтан 15 ша­қырымдық жеке жүгірісте 40 пен 65-орындар аумағынан аса алмаған төрт биатлоншымыз да бұл «тойға» «шақыру билетін» ала алмады. Дегенмен, бұған қарап, жарыстың желкені керілмей қалған жоқ. Қайта әлем тап осы жолы Олимпиада тарихында өте сирек кездесетін оқиғалардың бірінің куәсі болды. Атап айтқанда, Ванкуверде біздің Елена Хрусталевадан кейінгі үшінші белес­тен көрінген белорус аруы Дарья Домрачева осы Ойындарда үшінші мәрте чемпион атанып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сочиде бұған қайран қалып, разы болмаған адам кемде-кем. Жарыстың түн жарымына таяу уақытта аяқталғанына қарамастан, жағымды жаңалық жаһан жүзін сол сәттен бастап-ақ кезіп ала жөнелді. Еске сала кетейік, Дарья мұның алдында, 11 ақпан күні 10 шақырымдық пасьютте, 14 ақпанда 15 шақырымдық жеке жарыста алдына жан салмаған еді. Ал 12,5 шақырымдық қашықтықты 35 минут 25,6 секундта қиып өтіп, тағы да алдына ешкімді түсірмеді. Екінші орынға чех қызы Габриэла Соукалова шықса, үшінші тұғыр Норвегия өкілі Тирил Экхоффқа бұйырды. Сол сияқты келесі белорус спортшысы Надежда Скардино көмбеге 16-шы болып келгенімен, осымен қатарынан 22 отты шепте, яғни нысанада бірде-бір оқты мүлт жібермей, әлемдегі кезекті рекордқа қол жеткізді. Дегенмен, бүкіл Ойындар аумағы үшін бұл күннің басты қаһарманы Дарья Домрачева болды. Ол әйелдер арасында биатлонның барлық жеке жарыстарында жеңіске жетіп, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атағына қол жеткізген бірінші спортшы атанды. Ол, сонымен бірге, Беларусь құрамасының Қыс­қы Ойындарда алтын медальді ең көп ал­ған сайыпқыраны да болып отыр. Ал елін осыншалықты асқақ биікке көтеріп тастаған саңлақ спортшының туған отаны – Беларусьте бұл күні түнде нағыз ұлттық мей­рам басталып кеткен сияқты. Оның басын белорус лидері Александр Лукашенко бастап берді. Ол өзінің Дарьяға арнап жол­даған жеделхатында: «Қымбатты Даша! Бұл – орасан зор табыс! Сен жарайсың! Бү­кіл Беларусь сенің жаңа табысыңа тәнті бо­лып жатыр. Олимпия ойындарының үш дүр­кін чемпионы атағына қол жеткізіп, сен үл­кен ерлік жасадың», деп атап көрсетіпті. Со­дан кейін мезгілдің кеш болып қалғанына қарамастан, президент Дарья Домрачеваға «Беларусь Батыры» атағын беру туралы жарлыққа қол қойыпты. Міне, шын мәнінде халықтың мақтанышы, қалаулы перзенті деген осындай-ақ болар! Бұрнағы күні белорус спортшылары Олим­пиададағы бесінші алтынына қол жеткіз­ді. Бұлардың үшеуі Домрачеваға тиесі­лі болса, төртіншісі фристайлдың акробатикасы бойынша Алла Цупердің еншісінде еді. Ал бесіншісін 17 ақпан күні түнде ерлердің фристайлшы акробаты Антон Кушнир қосты. Екінші орынға австралиялық Дэвид Моррис, үшінші орынға қытай Зоньянь Цзя табан тіреген бұл додада осы күні қазақстандықтар сапынан жарысқа шыққан екеу – Сергей Берестовский мен Бағлан Іңкәрбек те күш сынасты. Өкінішке қарай, бұлар осының алдында сайыстың осы түрі бойынша жап-жақсы жетістікке жеткен екі қызымыздың деңгейіне жете алмады. Үш дүркін үздіктер Жалпы, Қысқы Олимпия ойындары тарихында тап осылайша үш мәрте чемпион атанып, өз елінің батыры атағын қоса алған спортшылар бұдан бұрын да болған. Бір қызығы, сондай дәрежеге жеткен екеу де Ресей құрамасының шаңғышы қыздары екен. Бірінші рет мұндай құрметке 1994 жылы Любовь Егорова бөленді. Ол алдымен 1992 жылы француздың Альбервиль қаласында өткен Ойындарда үш дүркін чемпион атанған. Бұлардың екеуін жеке жүгірісте алса, үшіншісіне эстафета арқылы қол жеткізген. Содан соң 1994 жылы норвегтің Лиллехаммер шаһарында осы табысты қайталаған. Келесі саңлақ – Лариса Лагутина 1998 жылы жапонның Нагано қаласында жоғарыдағы әріптесіндей екі жеке жүгірісте және эстафетада алтын медаль алғаны үшін елінің ең жоғары марапатына ие болған. Ол мұның алдындағы Лиллехаммер Олимпиадасында тағы екі алтын медаль алған. Ал бір Олимпия ойындарында жеке жүгірісте төрт алтын медальді еншілеген жалғыз әйел заты атақты конькиші Лидия Скобликова ғана болатын. Ол 1964 жылы Инсбрукте (Австрия) осы асуды бірінші болып бағындырды. Сол үшін оған «Құрмет Белгісі» ордені берілді. Оның алдындағы Скво-Вэлли Олимпиадасында Л.Скобликова екі алтын медаль алған еді. Сөздің реті келгенде, Сочиде күні бүгінге дейін екі дүркін чемпион болып үлгерген басқа да спортшылардың есімдерін атай кетейік. Олардың арасында трамплиннен шаңғымен секіруші поляк Камил Стох, швейцариялық шаңғышы Дарио Колонья, француз биатлоншысы Мартен Фуркад бар. Бұлардың тізбегіне, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаудан әуелі командалық жарыста алтын медаль алып, соңынан жеке өздерінің спорттық жұптары бойынша тағы да чемпион атанған ресейлік Татьяна Волосожар мен Максим Траньковты да қосуға болады. Таза олимпия рекордтары жайына келсек, бүгінгі таңға оның төртеуі тіркелді. Бір қызығы, олардың бәрі конькишілер сайысында тіркелді. Алдымен ерлердің 5000 метрге жүгіруінде голланд Свен Крамер өзі­нің Ванкувердегі рекордын жаңартты. Сосын әйелдердің 1500 метрлік дистанция­сында оның отандасы Йорин Тер Морс тағы бір үздік көрсеткішті тіркеді. Қалған екі рекордты корей қызы Санг-Хва Ли өз еншісіне жазды. Ол бұларды 500 метрге жүгірудің бірінші дистанциясы мен қос­сайысы қорытындысында жасады. Голландтың бір биігі Ойындарда қазір «Голландтың бір биігі» деген ұғым пайда болды. Дыбыстық жағынан аз ғана өзгерісі бар бұл бағамның Кіші Азия түбегіндегі бір атауға ұқсастығы оның өзгермелігі мен тосын жайларға толылы­ғында болып тұр. Жүлдесінің басым бөлігін, дәлірек айтқанда, жинаған 17 медалінің 16-сын коньки спортынан келтірген, 1 ғана қола медальді шорт-тректен қоржынға салған Нидерланд елінің саңлақтары мұнда 5 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлдені мойындарына тағып үлгерді. Мұндағы таңғалатын нәрсе жалғыз бұл емес, «күректей мұзды тоңдырған» голланд ұшқырлары осы жарыс жолдарында жүлдегерлер тұғырын үш рет түгел өздері жаулап алды. Мәселен, ерлер бұған дейін 500 және 5000 метрге жүгіруде тепкішек төрінен төменге қарай түгел өздері қол бұлғап тұрған болса, соңғы мезетінде бұл ерлікті қыздар қайталады. Бұл жолы олар жігіттерден де асып түсіп, 1500 метр қашықтыққа жүгіруде алғашқы төрт орынды толық иеленді. Осыдан кейін голландтықтар жалпы медальдар саны жағынан да бірінші орынға шықты. Бұл жөніндегі көрсеткіш бойынша келесі орынға 16 медаль қорымен Ресей және АҚШ спортшылары жайғасты. Міне, әр елдің әңгіме өтер өз биігі бар. Біз жалғыз қола жүлденің өзіне шүкіршілік етіп жүргенімізде, Норвегияның жанкүйер қауы­мы эстафетадан медаль ала алмай қал­ған ерлері мен әйелдерінің шаңғышылар құ­­ра­­масына елге келгендерінде есіктен кір­гіз­бей­тіндей болып талақтары тарс жарылып отыр. Оларға сосын Сочиге 14 ақпан күні өз спортшылары үшін жанкүйерлік жасауға ко­ролева Сильвияны ерте келген Швеция ко­ро­лі Карл XVI Густав кеше басу айтыпты. «Шведтер мен норвегтер – ежелден бір-бірі­мен туыс халықтар. Ендеше, медальді да өзара бауырластарша бөлісейік. Ылғи бір жақтың ала бергені қызық болмайды», депті ол. Жоғары мәртебелі ағзамның бұлайша бітімге шақыруының жөні бар. Себебі, бұл екі бауырлас ел спортшыларының «мәңгі бітпес» шаңғы бәсекесінде осыған дейін норвегтер басым болып келіп еді. Ал соңғы екі күнде шведтер әйелдердің 4х5 шақырымдық эстафетасында да, ерлердің 4х10 шақырымдық эстафетасында да бірінші орын алып, норвегтер, тіпті, медальдердің ауылына жете алмай қалған. Шіркін, бір төбенің тозаңын бір төбеге қосатын еңку-еңку жер шалған ерлеріміз көп болып, тап осындай бәсеке тудырған бәлсіністер біздің ауылдар жақтан да бұр­қырап көрініп жатса ғой! Кеше біздің спортшыларымыз жарыстың үш түрі бойынша сөреге шықты. Сочи-2

Спортшылар Олимпиада жайлы не дейді?

Ақпанның 6-сында басталған Қысқы ойындарға қатысушылардың көпшілігі өздерінің әлеуметтік желілерінде мұндағы ахуал туралы ойларын түсіріп жатыр. Олардың біразы төмендегідей пікірлер білдіреді. Ола Виген ХАТТЕСТАД (Норвегия), шаңғы жарысының еркін әдісі бойынша Сочидегі Олимпия ойындарының чемпионы: – Ұйымдастырушылар өте жақсы еңбек етіпті: бізге ыңғайлы болуы үшін жүретін жерлеріміздің қарларына дейін күреп қойған. Мен, тіпті, бұдан артық не істеу керек екенін де білмеймін. Сидни КРОСБИ (Канада), хоккейші: – Біз Қалашықта тамаша тұрып жатырмыз. Бәрі жап-жақын, мұз айдынына дейін жаяу бара саламыз. Жалпы, мұндағылардың бәрі разы, ойын ырғағына енді кіріп келеміз. Пернелл Карл СУББАН (Канада), хоккейші: – Бәрі тамаша. Керемет орналастық, бөлмелері өте жақсы. Жігіттер мұндағы жағдайдың Туриндегіден артық екенін айтып жатыр. Ауа райы да таңғажайып болып тұр. Бізге осындай ыңғайлы жағдай жасап берген Сочи мен Ресей тұрғындарына алғыс айтқанымыз ләзім. Дачири ШЕРПА (Непал), тау шаңғышысы: – Алған әсерлеріміз барынша жақсы. Қалашықтағы волонтерлер спортшыларға ылғи жайдары жүзбен қарайды, бәрі бір-бірімен амандасып тұрады.

Обама АҚШ хоккейшілерін құттықтады

 АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйдің ресми твиттерінде Ресей командасын буллиттен ұтқан өз елінің хоккейшілер құрамасын және осы жеңіске жеткізген Ти Джей Ошиді құттықтады. Еске сала кетейік, сенбі күні америкалық команда Олимпия ойындары турнирінде алаң иелерін буллит бойынша 3:2 етіп ұтқан болатын. Негізгі уақыт пен овертайм жеңімпазды анықтай алмады. Есеп – 2:2. Ал форвард Ти Джей Оши ойыннан кейінгі алты буллиттің төртеуін тиімді пайдалана білді.

 Еңбек сіңірген шеберлер атанды

Олимпиаданың алғашқы аптасында Ресейдің медальдар жеңіп алған 10 саңлағы «РФ еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды. Олардың тізіміне конькиші Ольга Граф, биатлоншы Ольга Вилухина, фристайлшы Александр Смышляев, мәнерлеп сырғанаушылар Екатерина Боброва, Елена Ильиных, Никита Кацалапов, Федор Климов, Юлия Липницкая, Дмитрий Соловьев және Ксения Столбова енді. Осы күндерде Олимпиада жүлделеріне қол жеткізген Евгений Плющенко, Максим Траньков және Татьяна Волосожар сынды спортшыларда мұндай атақ бұрыннан бар болатын.

Ауру балаларға сноубордтарын сыйлады

Сочи Олимпиадасында чемпиондық атағын қорғай алмай қалған америкалық сноубордшы Шон Уайт қатерлі ісік ауруларымен ауыратын балаларға өзімен бірге әкелген барлық сноубордтарын сыйға тартты. Бұған дейін екі рет Олимпия ойындарының чемпионы болып үлгерген Шон Уайт Сочидегі Ойындарда сәтсіз өнер көрсетіп, хафпайпта 4-орынды қанағат тұтқан еді. «Өзінің тақтайшаларын Уайт қатерлі ісікпен күресіп жүрген балаларға сыйлады. Балалар мұнда қайырымдылық шаралары бағдарламасы аясында өздері пір тұтатын спортшыны көру үшін арнайы ұшып келген еді», деп атап өтті Сочи-2014 сайты.

Сочиде мектеп ашпақшы

Сочиде екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алған ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар Татьяна Волосожар мен Максим Траньков 2018 жылғы Олимпия ойындарында да ел намысын қорғауға дайын екендерін жеткізді. Бұдан бөлек, олар Сочиде өздерінің мәнерлеп сырғанау мектебін ашқылары келетіндерін де білдірді.  Ресейлік «ТВ-Центр» телеарнасы осы ретте Максим Траньковтың сөзінен: «Біз Таня екеуміз осы жерден өзіміздің мәнерлеп сырғанау мектебін ашып, оған жас жаттықтырушыларды тартқымыз келеді. Спорттық мансабымызды әзірге тоқтатқымыз келіп отырған жоқ. Бізге Ойындардан кейін көптеген спорт нысандарының, соның ішінде мәнерлеп сырғанаушылар үшін жасалған мұз аренасының сол қалпында қалатыны айтылды. Енді біздің осында жаттығып, осында тұрғымыз келеді», деген дәйектеме келтірді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.