еліміз бас театрының жүйелі қойылымымен көрермендерді рухани ләззатқа бөлеп келеді
...Алматы. Өткен қаңтардың ең соңғы күні мол қарлы болды. Жапалақтап жауып, жарылқап тастады. Күні кешелер селдетіп жаңбыр құйып тұрды дегенге кім сенеді?! Алматыға бәрібір, қайта табиғаттың қандай да тосын мінезімен құлпыра түседі...
...«Әкемтеатрға» келе жатып, Алатауға қараймын. Кешқұрымда аппақ шыңдары сұрлана мұнартады. Көз алдыма өзімнің Қызбел тауым көлбең ете қалғаны несі? Қызбелден сәлем, Алатау! Қазір көрсетілетін «Мөлдір махаббат» драмасының (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының желісі бойынша жобасын жазған әрі қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов) оқиғасы қарт Торғайдың төсіндегі Қызбел ауылында болғаны белгілі ғой. Ата-бабалар арпалысымен өткен тап күресінің кикілжіңдері, 1916 жылдың майданға әскер бермеу қамындағы дүрбелеңі – Сұлтанбек (Бүркіт) пен Бәтиманың (Бәтес) бір-біріне рулас жақын болуына қарамастан, ғашықтық дертке шалынуы, қысқасы, мөлдір махаббаттың балдай әрі удай ащы баяны театр тілімен қалай өрілген екен? Соны білмекке құмарлық өнебойды оттай шарпып, жалын-қызуымен лапылдата түседі. Махаббатсыз не маңыз бар мына дүниеде. Жегілген қызметің, тойып ішкен тамағың, жасанып киген киімің, аузыңнан жырып жиған дүние-мүлкің махаббаттың бір ертегі-елесіне тати ала ма? Ұлы Абайдың: «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар», дейтіні қандай шындық!
Е-е-ей-е-ей, Алатау! Қызбел тауының баурайында бүлдірген теріп «тіл сорысқан» сол уыз махаббаттан баяғы астанамыз Қызылордада уланып қалған қос тағдырдың тауқыметті тарихы сенің аңғарыңдағы киелі өнер ордасында әлімсақтан бері тарқатылып келе жатыр екен... Махаббаттан ғана адасқандар ма екен?.. Енді адастыра көрмеші сондай бейбақтарды, Алатау! Бауырыңа басып түрлендір, түлеттір, қазақтың қамқоршыл да қасиетті тауысың ғой!.. Қолыңнан келеді... Қызбелде оянған балғын махаббаттың мөлдір бастауын басқа арнаға бұрып, сүріндіріп те, күйіндіріп те «қанды тамұққа» тірелген күйінде машақатты азап шектірілгенмен, түбінде – біздің Сарықопадағы «ыстық сүйіске» (С.Мұқанов) не жетуші еді... Беу, дүние – тек сондай «ыстық сүйістен» ғана мелдектеп тұрса ғой, мына жұмыр жер әлдеқашан махаббаттың тал бесігіне айналып кетер ме еді?.. Ойланшы, Алатау! Жәрдемшіл жүрегіңнің шапағатына бөлеші! Сағынысқан, сарғайтқан, дандайсыған, дарақы қапалы махаббаттар саған қарап мұңын шағатынын сезіп жүрсің ғой! Көмектесе көр! Көмектесші!..
... Шымылдық сырғығанда Қызбелдің құмдақ даласы: қамысты, көлді Сарықопаның сағасы сұлбаланды. Он жыл айдаудан азып-тозып қайтқан Бүркіт («Серпер» сыйлығының иегері Еркебұлан Дайыров) көрінді. Туған топырағын жербауырлап құшып, өкси-өкіре, адасқанына кешірім өтіне жалбарынады, алдағы жаңа өмірінде шалыс баспауға анттасады.
Іштегі шері не шиыршықталған, налыған қапасы не Бүркіттің? Қайтіп жолынан жаңылды? Ессіз махаббаттың құрбаны болу – қашан тыйылады? Есеңгіреу, дерттену, дәлдүрлену, ақыр соңында не өліп, не өлтіріп тыну – тағдыр жазмышы ма? Бұл азап – қай азап? Жанып-күйіп, жалындап сүйгенің үшін кінәлісің бе? Махаббатты әспеттеген періште сынды күнәсіз «көбелектер» неге жүректерінде өздері тұтатқан алауға алаңсыз жан жылытпайды? Ылғи бір іңкәріне қолы жетпей жығылу, тосын сүріну мен мүдіру, махаббаттан бал емес у жалағандай усойқы күй кешу, көңілін оның тотияйынмен күйдіру... Әріге бармасақ та: Қалқаман-Мамыр, Төлеген-Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Сырым-Қаракөз... Махаббат жолы неткен ауыр?! Махаббат мөлдірлігінің де лайсаңы, тұнбасы, өлшеусіз құмарлығына сай есепсіз азап-қатыгездігі тарамдалып жатады екен-ау! Сонда махаббат кімге дәру? Кімге ем? У.Шекспирдің «Отеллосы», «Ромео және Джульеттасы» жырлаған махаббат машақаты мен ләззатын кім көтере алар екен? «Ләйлі-Мәжнүн» ғашықтық дерті ше?
Осы мысалдардан-ақ қазақ сахна өнерінде махаббат тақырыбындағы қойылымдардың қаншалықты сапалық деңгейде игеріліп келе жатқанын аңғаруға болатындай. Тәубе дегізерлік тұшыныс бар екені анық.
Махаббат бәрібір – әр жүректің дәрумені де, әл-дәрмені де екен! Режиссерлік мықты шешімнің нәтижесінде Бүркіт пен Бәтестің (әртіс Зарина Карменова) мөлдір махаббаты сол зар-налалы заманның содырлы-сұрқиялы саясатының мағынасыз мазағына айналып кетпей, қысқа да болса нұсқа өмір сүргендігінде еді. Қызыл кеңестік-аппараттық машинаның езгілеп турауына шыдайтын не бар? Күллі рухани қазына күйретілді. Адам жады өшіріліп, мәңгүрттік мәуеледі. Тарихынан, тілінен, ділінен, дінінен айырылған ұлттан тұтастық пен еркіндік сусып түсті. Мысалы, теріс ықпал әсер-әлегінен Бүркіттің әкеден безінуі, Ахмет пен Міржақыпты жау санатына жатқызып, олардың алаштық көзқарасына жиіркенішпен түйсінуі,т.б. биліктің әлеуметтік әділетсіздіктеріне күрессіз мойынсынуы – ертеңінен күдер үзгендіктің, бодандықтың бұғауына жантәсілім көнгендігінің айқын нышаны еді.
Дегенмен, өршіл рух алдында үмітсіздік дәрменсіз екен. Бұл тұста режиссер таптаурыннан төтелеп тартып, тың соқпаққа түсіреді. Тапқырлық, әрине. Айталық, Әбутәліп (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеұлы) баласы Бүркіттің және кезінде жазалаушы офицердің оғынан өзі арашалап қалған Еркіннің («Дарын» жастар сыйлығының иегері Жандарбек Садырбаев) үш тағанды бағыт-бағдарлы желісіндегі идеялық тартысын барынша шыншылдықпен, кей тұста қатыгездікпен аша білуі, әрине, ол кейіпкерлердің өміршеңдігіне сын болатын. Бір кездегі сол тәжірибелік көрініс күні бүгінге дейін өзінің мол бояулы реңкімен көрермендерін табиғилығымен тамсандырып келеді. Болашақты болжағыш Әбутәліп, әзірше солқылдақ көзқарасты Бүркіт, заманның мың құбылғыш қолшоқпары, заты мен зәузатынан ат үркерлік, кеңестік кесапатшы Еркін типтері арқылы режиссер тұтастай бір ұлттың үміті мен арманын, қайғысы мен қасіретін, қызық-шыжығын қатарластыра өреді. Соның нәтижесінде характерлер қақтығысы шарықтау шегіне көтеріліп, болат құйындысындай шарлана түседі. Бұл, әрине, режиссерлік ұтымды шешім еді. Бір тәнті етерлігі сол, бұлардың арасындағы бітіспес күресте Бүркіт бойындағы махаббатқа іңкәрлік сезім одағайлап ерекшеленіп, өзге тіршілік сипатындағы қимыл-әрекетті жаныштап басып, тұншықтырып тастайды. Махаббат билігі мен үстемдігі, еркелігі мен шолжыңы қайбір оспадар, жосықсыз тізгінді де тежей алуымен құдіретті-ау! Сол себепті де драмадағы махаббат сипаты алғы кезекке көлбеңдеп шыға беретіні – қисынды тұжырым екен.
Драма персонаждарының көрермендер ықыласын аударып, пейілін үйіріп отыратын екінші бір үш бұрышты – желілік жүйесі: Бүркіт, Бәтес және Мүсәпір (әртіс Нұрлан Әбілов) төңірегінде шыншыл өрбиді. Ақ махаббат бетіне түскен қара дақтай Мүсәпір мүсіркеулі бейнесімен-ақ жүрек сыздатып, сезіктендіріп отырады. Ақыры, оның арамза ойы Бүркіт пен Бәтестің сеніміне селкеу салады. Қара ниетпен ластанған ақ махаббат Бүркіт алдында күнәға батып еді... Жүректі қырғыштай қырнаған қызғаныш түптің-түбінде қанды оқиғаға ұласып тынады. Кекті Бүркіт айламен адал махаббатының сілікпесін шығарған, сөйтіп, Бәтес екеуінің ортасына әзәзіл сөз жүгіртуімен дегеніне жеткен Мүсәпірді атып тастайды... «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың», деп Абай данышпан ескерткенімен, жүдә, махаббаттан жаппай жерініп зәрезап болу да жарамас. «Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс», деп аңдап басуға меңзеген де осы ұлы ақын емес пе! Ретсіз аңғалданып шоқ баспасаң, ақыры дұрыс болары кәміл-ау!
Бүркіт Мүсәпірді атып өлтірді екен деп, өмір шіркін жүрісінен жаңыла қоймапты-ау! Жылыстап жалғасып жатыр... Қазақ қоғамындағы небір аласапыран зұлматты кезең алмаса келіп, түбінде Алаш зиялыларының көксегеніндей дара да даңғыл жолға ұласатынына он жылғы айдаудан оралған Бүркіттің де сенімі зор. Міне, ол: «Алғашқы мөлдір махаббатымды қадірлеп қорғай алмағаныма өкінем!»– деп аһ ұрып, туған топырағынан кешірім өтінеді... Адасқанын ендігі адал өмірімен өтемекші.
...Махаббат өлмейді екен! Өлмегені ғой, Бүркітті де осыншама жыл жетегіне алып, туған жеріне жетелеп әкеліп тұрғаны.
Шымылдық жабылғанда, жүрек тұс шым етіп, шаншып кетті. Осы оқиға Қызбелімде болған еді. Сұлтанбектің (Бүркіттің): «Сәбит! Сізді абақтыда көріп сөйлескенде, басымнан кешкен ойларымның көбін бүгіп қалып едім... Қысқасы, менің трагедием де, Бәтиманың (Бәтестің) трагедиесі де осы тетрадтарда толық», деп «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің атынан сотқа қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан жазушы С.Мұқановқа тапсырған өз өмірі туралы дастанын түнде бастап, таң бозарып атқанша Төнтер ағамыздың домбыраға қосып жырлағанына бала кезімізде куә болған едік. Көп шумағы есімізде... «Бәтима, қош болып тұр, көргенімше, Кетпессің сен есімнен өлгенімше, Қайғырып қапалықпен өтер күнім, Қайтып кеп дидарыңды көргенімше», – деп сорғалататын еді... Сүйіскен жүрек дертіне суарылған бұл дастан желісімен кейін «Адасқандар», «Мөлдір махаббат» романдары жазылғаны мәлім. Сұлтанбек (Бүркіт) 1942 жылы 13 наурызда 34 жасында өкпе ауруынан қайтыс болды. Артында тұяқ қалмаған. Ал Бәтима (Бәтес) кейін үйлі-баранды болып өмір сүрген...
...Театрдан шыққанда қар әлі үдете жапалақтап жауып тұр екен. Түн тылсымынан Алатау көрінбейді... Мөлдір махаббаттарды бауырына басып, маужырай тыныстап жатқандай. Сүйінші, Алатау! Бүркіт пен Бәтес мөлдір махаббатының соңы қуанышқа – елдік мұраттың орындалатынына: егемен елдікке, шат-шадыман тұрмысқа, баянды бақытқа ұласатынына сенім нығая түсті... Иә, сәт!
...Махаббатсыз мына дүниенің түр-түсі нілдей оңып, қудай бозарып, гүлдей солып кетер ме еді?! Жас-кәріні әлдилеген махаббат неткен құдіретті едің!
...Әуезов театры!.. Махаббаттың маздағын әр жүрекке жеткізіп келе жатқан тынымсыз да табанды, шабытты тірлігің үшін!.. Әубәкір Рахимовтай талантты режиссерің көп болсын!
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерде: «Мөлдір махаббат» спектаклінен көріністер.