Оқиға • 27 Қазан, 2021

Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясы құрылды

503 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіретін ассоциация құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясы құрылды

«Ассоциацияның мақсаты – шетелдегі қандастардың басын біріктіру. Осы орайда БАҚ-тың да рөлі ерекше. Біздегі мәлімет бойынша, әлем елдерінде 88 қазақтілді БАҚ жұмыс істеп жатыр. Ассоциация құрудағы мақсат – қазақша БАҚ-тың аясын кеңейту, шетелдегі қандастарымызға ана тілінде ақпарат алуына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар жалпы қазақ тілін дәріптеу. Ассоциацияны құрудың арқасында сырттағы бауырларымыз елде болып жатқан жаңалықтардан тікелей хабардар болып отырады. Яғни Қазақстандағы хабарларды шетелге жеткізу, тиісінше шетелдегі қандастардың тыныс-тіршілігімен қазақстандықтарды таныстыру», деді «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта шетелдегі БАҚ қауымдастығының жұмыс жоспары бекітіледі.

«Ассоциация құрамына отандық және шетелдік БАҚ өкілдерін мүше етіп қабылдаймыз. Сол арқылы бірлескен бірқатар шара ұйымдастыру ойымызда бар. Бұл - отандық БАҚ пен шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың екіжақты қарым-қатынасын нығайта түссек деген ниет. Мысалы, өткен жылы Моңғолиядағы «Kaznews» ақпарат порталының тілшісі «Үркер» сыйлығын жеңіп алды. Бұл - өте қуантарлық жағдай. Міне, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз керек», дейді ол.