Ғылым • 27 Қазан, 2021

Ұлттық академиялық кітапханада «Шора Сарыбаев атындағы оқу залы» ашылды

588 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шора Сарыбаев - төл ғылым мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Академиктің отандық тіл ғылымы мен түркі дүниесіне сіңірген елеулі еңбегін насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Шора Сарыбаев тағылымы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық академиялық кітапханада «Шора Сарыбаев атындағы оқу залы» ашылды

Ғылыми-практикалық конференция аясында кітапхана төрінен «Шора Шамғалиұлы Сарыбаев атындағы оқу залы» ашылды.

Ғалымның ұрпағы Шора Сарыбаевтың тағылымды ғұмырында жинап, құрастырған жеке кітапханасын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына сыйға тартты. Соның ішінде ғалымның жеке кітапханасында жинақталған 5000-нан астам қазақ тіл білімінің диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, т.б. салаларына арналған ғылыми зерттеу еңбектері де бар.

Шора Сары­баевтың тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғибратты ғұмырын үлгі етуге арналған шараға БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева, БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба, ҚР Парламентінің депутаттары Қазыбек Иса, Дархан Мыңбай, Әмірхан Рақымжанов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Уәлихан Қалижан, Бауыржан Омаров, Дархан Қыдырәлі, Кәрімбек Құрманәлиев, Шерубай Құрманбайұлы қатысты. 

Жиналғандар ғалымның тіл білімі мен түркі дүниесін дамытуға қосқан үлесін айрықша атап өтіп, академиктің атына ашылған оқу залының ізденушілер, ғылымға қызығушылар үшін ерекше пайдалы болатынына сенім білдірді. 

Жиында сөз алған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ғалым жайлы естеліктерімен бөлісіп, кітабын сыйға тартты.

Сонымен бірге, Халықаралық Түркі академиясының президенті  Дархан Қыдырәлі оқу залында Шора Сарыбаевтың кітаптары ғана емес, қолданған бұйымдарының да қойылғанын атап өтіп, кітапхана әрі ғалымның музейі деп баға берді. Сондай-ақ, Түркі академиясы шығарған 150 кітапты оқу залына тарту ететінін жеткізді.

Ғылыми-практикалық конференция барысында академик Сейіт Қасқабасов, Парламент депутаты Әмірхан Рақымжанов, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп, қазақ ғылымының шоқтығы биік тұлғасының оқу залының ашылғанымен құттықтады.