ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өткен жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мажарстан Елшілігінің Уақытша Сенімді Өкілі Анико Денге, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан, Польша елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамильоғлы, сонымен қатар, Назарбаев Университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессорлары мен студенттері қатысты.
Жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы шығарған Арминий Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» атты кітабы таныстырылды. «Түркістан» сериясы аясында жарық көрген бұл еңбекте әйгілі саяхатшы Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті, этнографиясы мен географиясы туралы егжей-тегжейлі жазған. Бұл еңбек алғаш 1865 жылы Санкт-Петербургте орыс тілінде жарық көріп, кейін Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның бастамасымен әзірленген әйгілі «Түркістан» жинағаның 12-томына енген. Түркі академиясы түркологтың аталмыш еңбегін түпнұсқаға сәйкес қайта жариялады.
Ісшара аясында Арминий Вамберидің өмірі мен қызметіне арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмені Мажарстан Ғылым Академиясынан арнайы шақырылған белгілі мажар түркітанушысы Давид Шомфай таныстырды.
Арминий Вамбери – мажар түркологиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалым. Ол Орта Азия елдеріне саяхат жасаған зерттеуші ретінде танылды.
Бұдан басқа, ғалымның «Этнологиялық және этнографиялық тұрғыдан түрік нәсілдері», «Мажар және түрк-татар сөз келісімдері», «Ұйғыр тіліндегі ескерткішер мен Құтадғұ білік», «Түрк-татар тілдерінің этимологиялық сөздігі», «Мажарлардың шығу тегі», «Шайбанинаме – өзбек батырлық жыры», «Моңғолия мен Сібірдегі көне түркі жазбалары» атты құнды ғылыми еңбектері бар.