Елорда • 27 Қазан, 2021

Елорда әуежайында авиаотын таусылды

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір әуежайда әуе компаниялары үшін, тіпті тұрақты жолаушылар рейстері үшін де авиакеросинмен үздіксіз қамтамасыз етуде олқылық бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда әуежайында авиаотын таусылды

«Биылғы қыркүйек және қазан айларында Қазақстанда отын тапшылығына байланысты күрделі жағдай орын алды. Қазақстанның ірі ресурс ұстаушылары мен жеткізушілері авиаотынды уақытылы жеткізе алмай отыр, бұл қазіргі уақытта әуежайдың өңірлік көлік торабы ретінде қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізуде. Мәселен, қазір Ресей Федерациясының өнім жеткізушілері бірқатар себептерге, оның ішінде ішкі сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға авиаотын жеткізуден бас тартып отыр», деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.

Қыркүйек пен қазан айларында тапшылық пен бағаның күрт өсуіне байланысты 14 мың тонна авиаотын жеткізілмеген. Осыған байланысты бүгінгі таңда резервтер таусылып қалған.

«Қараша айында бірде-бір жеткізуші авиаотын жеткізу көлемін растамады. Жаңа келісімшарттар бойынша ең жақын арадағы жеткізу тек 15 қарашада болуы мүмкін. Біз жүк рейстеріне жанармай құюға шектеулер енгіздік, жақында оларды мүлдем қабылдамауға мәжбүр боламыз», дейді Әнуар Шалекенов.

Нұр-Сұлтан әуежайы авиаотын жеткізу туралы қатаң келісімшарттардың жоқтығын, сондай-ақ отынның қажетті көлемінің жеткізілмеуінен туындаған қиын жағдайды және әуежайдағы бар резервтің жұмсалғанын ескеріп, жолаушылардан алдағы уақыттарда болуы ықтимал мәселелерге түсіністікпен қарауды сұрайды.