Әдебиет • 27 Қазан, 2021

Ұлт ұранды ақын

532 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сұлтанмахмұт – сұрапыл ақын. Бұл біздің емес, әдебиетшілердің берген бағасы. Шынында да, 30 жасқа дейін ұлттың сөзін сөйлеп, көкейдегісін дөп басқан Алаштың аяулы ақыны – мақтан тұтарлық тұлға.

Ұлт ұранды ақын

Ол тағдыры өлшеп берген аз ғана ғұ­мырында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мол мұра қалдырған дарынды ақын. Заманының жайсыз, әділетсіз жағдайын көңілі хош көрмей, дәуірдің олқылықта­рын жырға қосты. Дегенмен тірісінде өз бағасын алмақ түгіл, кеңестік заманда көз түрткіге ұшырады. Ол аздай ақын көз жұмған соң да шетқақпайды, сол тұстағы заман ыңғайындағы сын сойылын көп көріп, аты сан-саққа жүгіртіліп, «буржуазияшыл, ұлтшыл» да атанып, әдеби асыл мұрасы оңды-солды талқыға түсті. Тірісінде жаны жалғанмен егесіп өткен ақынның шығармашылық рухы еліміздің болашағы мен тәуелсіздігі үшін күресін тоқтатпады. Халқының ортасынан жас кеткенімен, ақынның шығармалары ха­лық санасында өшпеді. Содан болар Сұл­танмахмұттың «Кедей», «Айтыс, «Та­ныстыру» поэмалары, «Оян, алаш баласы», «Сарыарқаның жаңбыры» және тағы басқа өлеңдері халықтың жүрегінде қатталып қалғаны.

Халқымыздың қара сөз, қара өлеңінің қасиетіне айналған жыр жүйрігі поэ­зия көгінде еркін самғап, аз ғана ғұмыр кешкенімен, өлмес мұра қалдырған да­рынды, дара тұл­ға, ақиық ақын Сұлтан­махмұт Торайғы­ров – қазақ әдебиеті мен поэзиясының бір биігі. Халқының басына түскен ауырт­пашылықты терең сезінген ақын жігер, намысын қайрап, қолына қалам алып, отты жырлар жазуға кірісті. Патша өкіметінің саяси езгісін қатаң сынға алып, қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіп, сана көзінің ашылуына аянбай тер төкті. Ақынның өткір тілі мен жалынды жырлары, әрине, өз жемісін берді.

Дана халқымыздың «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген парасатты сөзі осының айғағы. Кейінгі ұрпақ кеудесінде өлең-жырлары, көкірегінде бұлақ қазынасы ақтарылып жатқан дарынды ақын Сұлтанмахмұт шығармаларының сан қырын ашты.

Кезінде оның шығармашылық қыз­меті мен өлең-жырларының жаңа бір әле­мін ашып, ақынның ұстанған идеясының астарына үңіліп, Сұлтанмахмұтша тол­ғанып, ақынның үлкен бір тылсым идея­сының жаңа бағытын айшықтап көр­сет­кен қазақтың көрнекті ғалымы Бей­сен­­бай Кенжебаев былай деген еді: «Сұл­тан­­мах­мұт поэзиясының негізгі қасиет­тері – ­оның таң-тамаша қаларлық мазмұн­дылығын­да. Сұлтанмахмұт поэзияның сыртқы мәне­рін, сыртқы құбылысын көп қуа қоймаған адам. Оның есесіне Сұлтанмахмұт өзінің поэзиясында ішкі мазмұндылықты, өткір сезімді, қуатты-қуатты үнді мол берген. Сұлтанмахмұт поэзия деген қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығынды­сы болсын, бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болсын деген өз пікірін, өз көзқарасын жүзеге асыр­ды. Ол поэзия – поэзия үшін деп түсінген жоқ, поэзия өмірді жақсартып тұруға керекті құрал деп түсінді. Сондықтан да ол поэзияның сыртқы құбылысынан гөрі ішкі мазмұндылығын, халықтың сана-сезіміне неғұрлым тез әсер етуін көздеді. Ол поэзиясының көзге түсерлік ерекше өзгешілігі, стилінің көркемдігімен өл­шенбейді. Кімде-кім ұлы идеяны ауызша жақсы етіп айтып берсе, сол асқан шешен деп айтылады, сол сияқты қай жазушы ұлы идеяны қаламмен жақсы етіп айтып берсе, сол үлкен жазушы».

Сондай-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкі­шевтің ақын туралы жазған сүбелі дү­ние­лері де оның әлеміне сәуле түсіреді. Әсі­­ресе, ғалым Сұлтанмахмұттың ақын­дық өміріне жан-жақты тоқталып, өзін­дік журналистік қабілетін қамтыған «Сұл­танмахмұт және «Айқап»» атты мақа­­ла­сының мазмұны ерекше. Ғалымның бұл ма­қаласында сол бір революция ке­зінде, отар езгісінен халқын алып қалуға тырыс­қан, қазақтың сауатын ашып, оқу-білім­ге жете­леген Сұлтанмахмұттың «Айқап» бет­­терінде жарияланған өлең-жыр­­­лары мен ағартушылық бағыттағы мақа­­лалары жаңаша көзқарас тұрғысы­нан жазылған соны ізденістер санатынан көрінеді.

Осы уақытқа дейін ұлы ақынымыз Сұлтанмахмұт шығармаларының алаш идеясымен үндестігін толық танымай кел­геніміз шындық. Тәуелсіз мемлекет болғалы Сұлтанмахмұт жайлы тың зерт­теулер мен шығармалар жарық көруде. Сұл­танмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасі­ретті терең түсінді. Зорлық пен зұлым­дыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езгінің тілсіз құрбаны бол­ған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сияқты шығармалары ашынған жүрек­тің қанымен жазылды. «Кедей» поэма­сы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ саха­расындағы езушілікті аяусыз әшке­ре­леді. Кемеңгер ақын өз қоғамының бар­лық құбылысын көрсете білді. Оның шығар­малары көтерген мәселесінің кең­дігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әде­бие­тінде Абайдан кейінгі поэзияның асқар шыңы. Ол қазақ өмірінің шындығын жыр­лаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзияны жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.

Сұлтанмахмұт өзінің негізгі тақыры­бын өмірдегі оқиға, жаңалықтармен әрда­йым тереңдетіп отырды. Ол қазақ жастарын білім алуға, халыққа, қоғамға пайдалы, жемісті еңбек етуге шақыр­ды. Сұл­тан­махмұт өзінің қабілетін толық көр­се­тердей қажетті жағдайға жете алмады. Оның жастығы өмір сүрген, еңбек еткен ортасы мен уақытының қайшылық­қа толы­­лығы, мұқтаждыққа душар болып, ауыр сырқатқа шалдығуы, қиыншылық көруі, жүйелі білім алуға жағдайының бол­мауы – оның жазушылық талабын жетіл­діріп, өсіруге толық мүмкіндік бермеді. Сұлтанмахмұттың кейде торығуы да, тұйыққа тіреліп, идеялық және саяси жа­ғынан өз пікірін өткір беруі де түптеп келгенде міне осыдан еді. Ол «алдағы әлі ататын жарық таңнан» әсте үмітін үзбеді.

«Пушкин – өзі өлгенімен, аты өшетін адам емес, мәңгі жасайтын, қоғам санасында үнемі дами беретін адам. Ол жөнінде әр дәуір өзінің пікір, көзқарасын айтпақ. Бірақ қанша дұрыс айтса да, кейінгі дәуір ол жөнінде тағы да жаңа, тағы да орынды пікір тауып айтпақ. Алайда ешқайсысы үдесінен шықпақ емес», деп В.Белинский айтқандай, С.Торайғыров та келер ұрпаққа әрқашан ой салатын өміршең тұлға. Уақыт өткен сайын оны сан ұрпақ әр қырынан танып, халқымыздың көркемдік дамуы тарихындағы атқарған қызметін лайықты бағаламақ.

С.Торайғыров ұлы өзгерістер мен қоз­­ғалыстар дәуірінде тарих сахна­сына көтеріліп, қазақ әдебиетінде өзіндік жол салып, оны жаңа идеямен байытқан, тұ­тас бір дәуір шындығын, болмысын қайшы­лықтарымен қоса өз шығармаларына сый­ғызған суреткер.

Жалпы, Сұлтанмахмұт көркем әде­биет­тің барлық саласында да өзіндік ізін қал­­дырған талант иесі екені мәлім. Аз ғұ­мы­рында соншама күрделі, сүбелі, кесек дүниелерді туғызып, өнімді еңбек еткені­не қайран қаламыз. Бір өкініш­тісі, ақын «Қайғы», «Айтыс» секілді ­поэ­­маларын аяқтай алмай кетті. Әдебиет – ха­лық өмірінің көркем шежіресі болып, халық тарихы мен әдебиет тарихы біте қайнасып жататыны анық. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары жайында әр кезеңде талай зерттеулер, ғылыми еңбектер жазылғаны туралы жоғарыда айтқанбыз. Бұл игілікті іс әлі де жалғасуда. Әр ұрпақ өзінің ой-пікірін білдіріп отыруға тиіс. Сондықтан да өмірден өткен өрелі тұлғалардың еңбектеріне сәт сайын қайта оралу – мәдениетті деген оқырмандардың парызы болуы керек сияқты. Міне, осы тұрғыда «Торайғыров университеті» бір­неше жылдан бері «Торайғыров оқулары» атты танымдық, тәрбиелік мәні зор шараны өткізіп келеді. Бұл республикалық конференция негізінде көптеген мектеп оқушысы, студенттер мен магистранттар ұлы ақынның шығармаларын жан-жақты терең зерттеп, танып білуде. Сон­дықтан биыл «Торайғыров оқуларын» кең көлемде өткізу ойымызда бар.

Қорыта айтсақ, Сұлтанмахмұт То­рай­ғыров өз заманындағы қоғамдық-сая­си, әлеуметтік оқиғаларды шығармалары­на өзек етіп, көптің мұңын жоқтаған ха­лық ақыны. Ол – қазақ лирикасын түрі, жанры жағынан байытып, биік идеялық, эстетикалық сатыға көтерген тұлға, қазақ поэзиясының классигі.

 

Еркін САДЫҚОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор,  «Торайғыров университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректоры

 

ПАВЛОДАР