Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Қазақ боксының баһадүрі

1336 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ боксының баһадүрі атанған Шоқыр Бөлтекұлы жайлы қазақ спорт журналистикасының іргесін қалаған қаламгер Сейдахмет Бер­діқұлов «Қазақстанға бокс қолғабын алғаш арқалап келген адам» десе, қазақтан шыққан қа­һарман тұлға Бауыржан Момыш­ұлы: «Дүниеде екі-ақ на­ғыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр» депті. Сол сияқты қайрат­кер жазушы Шерхан Мұр­тазаның «Шоқыр – ноқтаға басы сыймаған аз қазақтың бірі» дегені тағы бар.

Қазақ боксының баһадүрі

Суретте: қайраткер қаламгер Шерхан Мұртаза Шоқыр ағасына ер-тұрман сыйлап тұр. Алматы қаласы, 1993 жыл, 18 желтоқсан

Ендеше, жоғарыдағы ұлт қайрат­керлері тарапынан кемел баға берілген Шоқыр Бөлтекұлы кім? Танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбек: «Шоқыр Бөлтекұлы – сонау дүрбелеңге толы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылында дүниеге келді. Әкесі Бөлтек қарапайым балықшы екен. Бір күні теңізге балыққа шыққанда қатты жел көтеріліп, қайығы аударылады да, өзі жағаға аман шығып қалады. Бөлтек дүлей дауылмен ар­палысқан бойда қайығына ұмтылады. Қайыққа жа­қындағанда ауда тыпырлап жатқан дәу шоқыр балығына көзі түседі. Олжасын алып үйіне беттеген Бөлтектің алдынан ауылдастары жүгіре шығып: «Сүйінші! Әйелің ұл тапты», дейді. Қуанышы қойнына сыймаған Бөлтек ұлына «Шо­қыр» деп ат қойыпты» дейді.

Сөзімізді ары қарай тарқатар болсақ, Шөкеңнің балалық шағы мен ес жиып, етек басқан жалынды жастығы аштық жылдарына дөп келіп, соңы Ұлы Отан соғысына ұласыпты. Бокс атасының өмір тарихын зерттеген спорт тарихшысы Қыдырбек Әділбекұлының жазуы бойынша, Шоқыр ес білген кезінде әкесінен, арада аз уақыт өткенде анасынан айырылып, тоғыз жасында Форт-Шевченко қаласындағы балалар үйінен пана табады. Қаладағы жеті жылдық мектепте оқып жүрген кезінде оның сурет салуға бейімін байқаған ұстаздары Бакудегі көркемсурет училищесінде оқуға кеңес береді. Бакуде үш жыл оқыған Шоқыр Бөлтекұлы 1934 жылы Киевтегі көркемсурет академиясына түседі. Шөкең былғары қолғапты алғаш рет Киевте, Иван Иванов атты бапкердің қол астында жаттығу үстінде кисе керек. Осылай бокстың әліппесін үйренген Шоқыр Бөлтекұлы Украинадағы бокс жарыстарында көзге түсе бастайды. Студенттердің «Буревестник» ерікті спорт қоғамының айқастарында алаш өрені үнемі үздік шығып отырады.

Оқуын аяқтаған соң Алматыға ат басын бұрады. Осылай қазақ топырағына тұңғыш рет бокс қолғабын арқалып келген Ш.Бөлтекұлының басшылығымен 1937 жылы бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтеді. Оған 50 спортшы қатысады. Алайда кешікпей Ұлы Отан соғысы басталысымен өз еркімен сұранып майданға аттанған Шоқыр Бөлтекұлы 1941 жылдың шілдесінде Батыс майданында әуелі зеңбірек көз­­деушісі, кейін оның командирі бола­ды. 1942 жылдың 8 тамызында ефрейтор Бөлтекұлы Сновидово же­рінде дұшпанның үш «ДЗОТ»-ын жойғаны үшін «Жауынгерлік ер­лігі үшін» ме­далімен марапатталған екен. 1943 жылы майданда алған жара­қаты салдарынан Алматыға қайта орал­ған майдангер үзіліп қалған боксын қайта қолына ала­ды. Арасында өзі де жаттығуын үзбей, бірте-бірте спорт­тық жарыстарға қа­тыса бастайды. Ол 1944-1947 жылдар арасында бірде «Динамо», бірде «Спар­так» ерік­ті спорт қоғамдарының Одақ­тық жа­рыс­­тарында күміс жүлдегер ата­нып, қа­тарынан үш рет Қазақстан бірін­ші­лігінің жеңімпазы болады. 1947 жылы осындай спорттық табыстары үшін қазақ жастары арасынан тұңғыш рет «КСРО спорт шебері» атағын алған.

«1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңес Одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бас­тап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбденәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты. Ол республикада жаттықтырушылар қата­рының көбеюіне де үлкен үлес қосты. Қуғын-сүргінге ұшырап, Қарлаг-та жүрген жаттықтырушылар Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Му­лаевты (балқар) түрмеден босатып, оларды Алматыға әкеліп жаттықтырушы қызметіне орналасуына көп еңбек сіңір­ді», деп жазыпты шоқыртанушы Қасым Сырбайұлы.

Қысқасы, Шоқыр ағамыздың басшы­лығымен осы жылдары ұлттық құрама қаланың, республиканың, Орта Азияның ресми чемпионаттарына тұрақты қа­тысады. Жоғарыда айтқанымыздай, 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО бі­рін­шілігіне Шөкеңнің шәкірті Мах­мұт Омаров қола жүлдегер атанып, осы жылы «Динамо» біріншілігінің фи­налисі, үш дүркін Қазақ КСР-нің чем­пионы болып үлгерсе, ағайынды Ома­ровтар және Рехерттермен қатар, Е.Хасанов, А.Үсенов, Н.Титов, А.Каде­тов, С.Әбденәлиев, А.Құлыбаев, Х.Нұр­сейітов, т.б. таланттар ринг төрінде атой салғанын бокс жанашырлары әлі күнге ұмытқан жоқ. Осыларды ескере келе Шоқыр Бөлтекұлына 1964 жылы «Қазақ КСР-нің ең­бек сіңір­ген жат­тықтырушысы» деген құр­метті атақ берілген. Бірақ қандай да атақ­қа да, даңққа да пендешілік жасап қы­зықпайтын Шоқыр, сол бірқалыпты үй­ренген дағдысымен өмір сүре берген. Еш­кімге бас имейтін қайсар тұлғаның адами қа­рапайым қасиеттері туралы оны жақын білетіндер таңданыспен айтады.

Шоқыр шәкірттерінің спорттық нәтижелеріне тоқталсақ: Әбдісалан Нұрмаханов ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Мақсұт Омаров – КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, Геннадий Рожков — КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Анатолий Кадетов – КСРО халықтары спарта­киадасының және Кеңес Одағы­ның чемпионы, Виктор, Владимир Каримовтар – КСРО чемпиондары… Ол кезде әлем чемпионаты өтпейтін. Ал осы саң­лақтардың қай-қайсысы да сол тұста Олимпия ойындарында олжа салған кеңес боксшыларынан кем соқпайтын. Бірақ Мәскеу Шоқыр шәкірттерін Еуро­па чемпионатына да жіберген жоқ.

Бөлтекұлының шәкірттері тек шар­шы алаңда ғана табысты болған жоқ, олардың ішінен небір атақты жаттық­тыру­шылар мен төрешілер шықты. Мы­салы, Ескендір Хасанов ұзақ уақыт Қа­зақстан ұлттық құрамасының аға жаттық­тырушысы болса, Серік Әбденәлиев ұлттық құраманың бас бапкері және мемлекеттік жаттықтырушы қызметін он жылдан аса атқарды. Серік ағамыз Шоқыр ұстазының сенімін толық ақ­тады. Әбденәлиев төрт бірдей әлем чем­пионатында және Сидней Олимпиада­сында қазылық етті. Сидней олим­пиа­дасының қорытындысы бойынша ең таң­даулы 10 төрешінің қатарына енді. Шөкең бас жаттықтырушы кезде сол құраманың мүшесі болған Әбдісалан Нұрмаханов Атланта олимпиадасына қазақ құрамасын бастап барып, біздің команда дүние жүзінің ең күшті командаларының арасында үшінші орынға ие болды. Міне, Бөлтекұлы ел боксы­ның іргетасын қалар кезде ақыл­ды, табанды, іскер жігіттерге арқа сүйе­се, сол азаматтардан тәлім алған шә­­кірттер ұстаздары бастаған істі жеріне жет­кізе білді.

Сонымен қатар Шоқыр атамыз дарынды суретші еді. Ол кісі «Қазақ­фильм» киностудиясында суретшілік қызмет атқарғанын көпшілік біле бермейді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейім­бет Майлиннің ұсынысымен татар­дың белгілі ақыны Ғабдолла То­қай­дың портретін салады. Кейбір де­рек­терге негізделсек, Шөкең Мұхтар Әуезов­тің, Шәкен Аймановтың, Шара Жиен­құлованың портреттерін салған.

Тағдыр Шоқырды Абай атындағы опера және балет театрында суретші болып жүргенде, қазақ би өнерінің жарық жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен табыс­тырады. 1954 жылы үйленген олардың отбасында Ақтоты, Ақсұлу есімді қыз­дар өмірге келеді. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында дүниеден озды. Жары Қазақ КСР-ның еңбек сiңiрген әртiсi Нұрсұлу Тапалова да арада 4 жыл өткенде қайтпас сапарға аттанды. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұң­ғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі Қазақ КСР-нің еңбек сіңір­ген әртісі, бірі Қазақ КСР-нің еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы, «қос тұң­ғыш» туған елінің топырағында байыз тапты.