Қоғам • 27 Қазан, 2021

Шенеуніктер «гигантоманиядан» қашан айығады?

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұдан бірер жыл бұрын жолымыз түсіп, Рим қаласында болғанымызда италиялықтардың үнемшілдігіне қайран қалғанбыз. Мәселен, жылына жер-жаһаннан миллиондаған турист келетін көне де ғажайып қаланың ертеде кеспетас төселген алаңдарының уақыт өте келе сәл ғана сәні тайған тұстарын біз сияқты, «қонақтардан ұят болады» деп ауыстыра бермейді екен.

Шенеуніктер «гигантоманиядан» қашан айығады?

Осындай ұсақ-түйек жайларға да назар аударып, «бүкіл жол бастап апаратын шаһардың» керемет көркіне көз салып отырғанымызда, өз еліміздегі Абай бабамыз сынап айтып кеткен «бес дұшпанның» бірі – «бекер мал шашпақтың» кейбір келеңсіз көрінісі ойымызға оралған. Нақты айтқанда, осы ғасырдың бас кезінде Петропавл қала­сының көшелеріндегі кеңес заманында граниттен кесіп орнатылған, кей тұста ғана шамалы мүжіліңкіреген жиектастарын түгел қазып алып, автомашиналарға тиеп, белгісіз бір жаққа әкетіп, оларды құм мен цементтен құйылған жаңаларымен алмастырғанда қалалықтардың бастарын шайқап, қынжылыс білдіргені есіме түсті. Олар: «Қаладағы басқа мәселенің бәрі ше­шіліп бітіп қалғандай, көшеміздің қымбат гранит жиектастарын арзанқол бірдеңемен жаппай ауыстырудың қандай қажеті бар? Бұл да баяғы «гигантоманияның» бір көрінісі емес пе?!. Жергілікті басшылар мұны қазы­наның ақшасын қымқырып-жымқыру үшін ойлап тапқан болар...» дескен. «Жаман әдет тез жұғады» демекші, сол кезде басқа кейбір өңірлерде де жиектастарды ауыстыру науқаны қызу жүргізіліп, оның бастамашысы болған әкімдерге жергілікті жұрт неше түрлі айдар тағып, сын садағымен түйреп жатты...

Бертінде Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында болғанымызда, жергілікті тұрғындар Тоқсан би және Дружба ауылдарының арасындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолының нашарлығынан қиындық көріп отырғандықтарын айтқан еді. Ұзындығы 53 километр жол учаскесі апатты жағдайда болғандықтан, онда жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады екен. Ал оған жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары дұрыс нәтиже бермей, бүгінде кәдімгі грейдер жолға айналған. Осы жөнінде ауданның сол кездегі әкімі Ағзам Тастеміровпен сөй­лескенімізде, ол тұрғындардың шағымы орынды екенін, аталған жол учаскесін күрделі жөндеуден өткізу үшін Парламент депутаттарына да жүгінгенін айтты. Соған орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен келген жазбаша жауапта: «Қаражаттың шектеулігіне байланысты осы автожол салынған уақыттан бері оның асфальт жамылғысын ауыстыру жұмыстары жүргізілген жоқ және бүгінде оған реконструкция жасау қажет. Осыған байланысты, «Жезқазған – Петропавл» автожолының сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аталған жолды толық реконструкциялау жоспарланып отыр. Оған дейін осы жолдың техникалық жай-күйі күтіп-ұстау жұмыстары арқылы сақталатын болады», делініпті.

Министрліктің жауабын оқып отыр­ғанымызда қазекемнің «Жаны ашымас­тың қасында басың ауырмасын» деген сөзі ойымызға оралды. Ондағы шенеуніктер де бір кезде пайда болған «гигантомания» дертін жұқтырып алып, содан әлі айыға алмай жүрген тәрізді. Әйтпесе, ұзындығы 1100 километрден асатын «Жезқазған – Петропавл» автомобиль жолын түгелдей реконструкциялап шығу үшін миллиардтаған теңге қаражаттың бөлінуін күтіп, алақан жайып отыруда қандай қисын бар? Бұл жолдың автокөлік жүруге жарамды тұстарын жөндеуді кейінге қалдырып, әуелі Тоқсан би мен Дружба ауылдары арасындағы 53 километрлік жол учаскесін реконструкциядан неге өткізбеске? Әлде шенеунік шіркіндер ұзын жолды осылай кезең-кезеңмен жөндеу үшін республикалық бюджеттен жыл сайын шамалап қаржы сұрауды ұят санап, бет моншақтары үзіліп тұр ма екен? Астананың тақтайдай тегіс жолымен тайпала жылжыған көлік ішінде көңілді музыка тыңдап келе жататын олардың құлағына шалғайдағы ауылдар тұрғындарының жа­найқайы жетпей жатқаны анық. Олар Мемлекет басшысының «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деген сөзін естімеген сияқты ма, қалай?..