Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова тамызда 2 486, қыркүйекте 1 125 жағдай анықталса, 24 қазанға дейін 737 дерек тіркелгенін атап өтті.
– Облыс тұрғындары арасында карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері бүгінге дейін мониторингтік топ 15 118 нысанды тексерген. Оның барысында карантин талаптарын бұзудың 799 дерегі белгілі болып, 52 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Қыркүйек айының соңына таман Ashyq жүйесіне қосылған нысандарда белгіленген шектеулерді сақтай отырып, той өткізуге рұқсат берілді. Дегенмен үй жағдайында адамдарды көп жинай отырып, отбасылық іс-шараларды өткізу тоқтамай тұр. Жыл басынан бері осындай 515 дерек анықталды, – дейді департамент басшысы.
Бүгінде облыста вакцинаның толық курсынан өткен тұрғындар саны 286 448-ге жетті, бұл тиісті контингенттің 63,3 пайызы. Жалпы, вакциналау көрсеткіші бойынша Сыр бойы республикада алғашқы бестік қатарында тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетовтің айтуынша, облыс орталығындағы №1 қалалық емханада коронавирусқа қарсы екпені жоспардағы 25 256 адам толық алған, Жалағаш және Қармақшы аудандары да вакциналау жұмыстарын сәтті аяқтапты.
Мамандар тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптасып келе жатқанын айтып отыр. Бірақ сақтық шаралары естен екі елі шықпауы тиіс.
Қызылорда облысы