Пандемияға байланысты былтырғы ресми жарыстардың бәрінен сырт қалған спортшылар үшін биылғы маусымның маңызы өте жоғары. Өйткені айналдырған 3-4 айдың ішінде бүкіл жарыстарға қатысып, Олимпия ойындарына жолдама алып үлгеру керек. Сол төрт жылдықтың басты додасына лицензия беретін бәсекенің алғашқы кезеңін Бейжің (Қытай) қаласы қабылдады. Мәдіғали Қарсыбеков басшылық ететін Қазақстан командасы үшін Әлем кубогының алғашқы іріктеу кезеңі ойдағыдай аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі Бейжің айдынында біздің спортшылар үш қашықтық бойынша финалға шығып, оның екеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 1500 метрге жарысуда Әділ Ғалиахметов күміс, 500 метр қашықтықта Денис Никиша қола медаль иеленді.
Бұл – Әділ Ғалиахметовтің әлемдік додалардағы бірінші, сонымен қатар 1500 метрдегі Қазақстан құрамасының да жеңіп алған тұңғыш медалі. Яғни Қазақстан шорт-трегі үшін тарихи медаль десек те болады. Ал бұған дейінгі жарыстарда жерлестеріміз тек 1000 және 500 метр қашықтықта ғана ел қоржынына жүлде салып келген еді.
Сонда-ақ 23 жастағы оралдық спортшы үшін күміс жүлденің құны алтынмен пара-пар десек те болады. Өйткені Әділ финалдық сайыста кіл мықтылармен сынға түсе отырып, мәре сызығын екінші болып кесті. Отандасымыз финалда Олимпиаданың үш жеңімпазымен сайысқа түсті. Атап айтар болсақ, Әділ Ғалиахметов эстафетада 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының чемпиондары Лю Шаолинг пен Лю Шаоанг және Сочи Олимпиадасының жеңімпазы Семен Елистратовпен жүлдеге таласты.
«Екінші орын иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл команданың, Қазақстанның жеңісі. Мұнымен босаңсып қалмаймыз. Алда Әлем кубогының үш кезеңі бар. Соның қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Демек, тартысты кезеңнің бәрі алда», деді Әділ жарыстан соң Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
2017 (Алматы) және 2019 (Красноярск) жылдарғы Қысқы Универсиаданың қола жүлдегері, құраманың тәжірибелі спортшысы Денис Никиша бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдеге қол жеткізді. Кейінгі жылдары жарқын жеңісімен көзге түсе алмай жүрген отандасымыз үшін бұл медаль оған үлкен серпіліс әкелгені рас. 500 метрге жүгіруден басты екі қарсыласы – Қытай және Канада спортшылары жарыстан шеттетілген соң, Денистің жүлдегерлер қатарында болатыны баршаға белгілі еді.
«500 метрге жүгіруден қола жүлдегер атандым. Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыста жүлделі орыннан көріну – үлкен жетістік. Бұл – менің ғана емес, бүкіл команданың ортақ жеңісі. Келесі жарыстарда да барымызды салып, өнер көрсетуге тырысамыз», деді Денис.
2016 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы, Ұлттық құраманың үздіктерінің бірі Абзал Әжіғалиев Қытайдағы жарыста тек 500 метрде бақ сынаған болатын. Өкінішке қарай, ол екі рет ескерту алып, финалдық бәсекеден тыс қалды.
«Лицензиялық Әлем кубогының алғашқы кезеңін екі жүлдемен қорытындыладық. Ұзақ үзілістен кейін мұзайдынға оралған спортшылар үшін бұл – тамаша жетістік. Бүгінге дейін 1000 метрге жүгіруден Нұрберген Жұмағазиев пен 500 метрге жүгіруден Абзал Әжіғалиев Әлем кубогында жүлде алған болатын. Денис Никишаның қола жүлдесі де қуанышымызды еселей түсті. Бұл – әлі бастамасы. Алда Әлем кубогының үш кезеңі бар. Біз қазіргі қарқынымызды жоғалтпай, Бейжің Олимпиадасына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз», дейді Мәдіғали Қарсыбеков.
Бүгін Жапонияның Нагоя қаласында басталатын Әлем кубогының екінші кезеңі 31 қазанда өз мәресіне жетеді. Ал үшінші кезеңнің жарыстары 18-21 қараша күндері Мажарстанның Дебрецен қаласында, соңғы шешуші кезең 25-28 қараша күндері Нидерландтың Дордрехт қаласында өтеді. Осы жарыстардың қорытындысынан кейін Бейжің Олимпиадасына жолдама алған спортшылар тізімі белгілі болады.