19 Ақпан, 2014

Кардиохирургия келешегі

493 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жошыбаев-31-01Ғылымға негізделген медицина ғұмырды ұзартады Халықтың денсаулығы – қоғамның ең бас­ты құндылықтарының бірі болып саналады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық сақтау саласына арнайы тоқтала келіп, елімізде саламатты өмір салтын орнықтыруды, медицинаны дамыта отырып қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыруды, мемлекетіміздегі медициналық туризм­ді жетекші еуразиялық орталықтардың бірі­не айналдыруды, денсаулық сақтау сала­сындағы басты басымдық – алғашқы меди­циналық-санитарлық көмекті дамыту керектігін, міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, мемлекеттің, жұмыс беру­шілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі, медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты екенін жеткізіп, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексеруден өту, аурудың алдын алудың негі­зі болып саналатынын айтты. Ал 2015 жылғы 1 шілдеден бас­тап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға көбейетіндігі туралы жаңалық сала қызметкерлері үшін үлкен қуанышқа айналып, барлық медицина қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттырып, болашаққа сеніммен қарауына ықпал ете бастады. Денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде Жолдауда айтылған міндеттер ішін­де мені әлеуметтік салаға қатысты мәсе­лелер қызықтырды. Бұл Жолдауда азамат­тарымыздың денсаулығын қорғау бағытында көп тапсырмалар берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, қызмет түрлерінің бірыңғай стандарттарын енгізуге, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуына баса назар аударды. Негізгі басымдықтарды да атап көрсетіп берді. Сала қызметкерлері алдағы уақытта өз жұмыстарын аталмыш Стратегия қағидаларына негіздей отырып жүзеге асыратыны анық. Президент бұған қоса, «Қазақстан-2030» Стратегиясында айтылған тапсырмалардың дені мерзімінен бұрын орындалып үлгергенін жеткізді. Мәселен, медицина саласында Бірыңғай ұлт­тық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, дәрігер мамандарға сараланған еңбекақы жүйесін тағайындау шешілуде. Емделушінің дәрігер мен стационарды өз еркімен таңдау құқығы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің ұлғайтылуы алдыңғы Стратегияда көрініс тапқан болатын. Біз бүгінде сол айтылған тапсырмалардың іс жүзінде орындалғанына куә болып отырмыз. Жалпы, адам өмірі тек денсаулық сақтау саласына ғана қатысты емес екендігін бәрі­міз де жақсы білеміз. Өркениетті елдер­де бұл 15 пайызға ғана тәуелді екен. Ал қал­ғаны өзінің өмір сүру салты мен қоршаған орта­сына, шыққан тегіне байланысты деп түсіндіреді. Адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі жоғары бағаланады. Әйтсе де, бүгінде әлеуметтік «мәртебеге» ие болған аурулар аз емес. Олардың ішінде, әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің жоғарылығы демографиялық ахуалға да кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол, дер кезінде емделмесе, көбіне, ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқ­тырады. Бүгінде кішкентай нәрестелердің арасында да жүрек ақауымен өмірге келетіндер саны ұлғая түсуде. Бұл мамандар алдына балалар кардиохирургиясын дамыту мін­де­тін қойды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің облыстағы науқастарға жоғары медициналық көмек көрсететін балалар кардиохирургия­сы Елбасы қойған талап пен міндетті қал-қадерінше атқарып отыр. Орталықтың негізгі қызметі, иннова­циялық-медициналық технологияларды пайдаланып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету, сонымен қатар, амбулаторлық тек­серістен кешенді оңалту көмегіне дейінгі аралықта науқастарға шипа беру; кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиология аясында ғылым-білім әрекетін жүзеге асыру, дерті асқынған науқастарға хирургиялық араласулар жасап, мүмкіндігінше тұрғындардың өмір жасын ұзартуға, өлім, мүгедектік көрсеткіштеріне жол бермеуге ат­салысу. Сондай-ақ, науқастарға, оның ішінде жаңа туған нәрестелер мен балаларға сапалы, мамандандырылған дүниежүзілік стандарттарға сәйкес кардиологиялық жә­не кардиохирургиялық көмек көрсетуге бағытталған. Сондықтан да, орталық мамандары біліктіліктерін көтеруден бір сәт тынбай, кардиохирургия деңгейі дамыған шет мемлекеттерде тәжірибелік оқулардан өтіп келді. Бүгінде облыстағы жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын нау­қастарға операция жасату үшін астаналық клиникаларға барудың қажеті жоқ. Барлық қажетті кардиохирургиялық іс-шаралар облыс орталығында да жоғары деңгейде, жаңа технологиялардың көмегімен, біздің білікті мамандардың қатысуымен жасалуда. Орталықта әлемдік медициналық оқу орындарында тыңғылықты білім алған және Түркия, Қытай, Чехия, Польша, Германия, Латвия, АҚШ және Ұлыбритания клиникаларында іс-тәжірибеден өтіп, машықтанған кәсіби мамандар жұмыс жасайды. Белгілі медициналық оқу орындарында дәріс тыңдап жүрген жас дәрігерлерді жүрек ауруларына байланысты ғылыми-зерттеулерге қатыстыру біздің орталықта да іске асырылуда. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мекемеде жүрек ауруларының диагностикасы, оның ішінде жүктілік кезеңіндегі сәбиде кездесетін аурудың даму сатысын анықтау, одан әрі емделудің жоспарын, хирургиялық ем жасау, коронарлы жүрек аурулары, кіші инвазивті араласулар, скринингтік тексерулер, соңғы модельдегі мультиспиральді компьютерлік томографпен азаматтардың қан айналым ауруларын анықтау тәрізді медициналық қызметтің барлық түрлері көрсетіледі. Білім, ғылым және тәжірибені біріктіріп, арнайы маманданған ірі кәсіби клиника ретінде жаңадан құрылған клиника алдағы уақытта еліміздің оңтүстік аймағында тұңғыш рет адам ағзаларын (жүрек, бауыр және бүйрек) алмас­тыру мәселесімен айналыспақшы. Біз әлемдік талаптарға сай медициналық көмек көрсету – басты міндетіміз екенін жете ұғына отырып, алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңіріндегі бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы клиника дәрежесіне жетуді жоспарлап отырмыз. Біздің орталық медициналық қызмет көрсету жағынан еліміздегі 24 кардиохирургиялық мекеменің ішінде Алматы мен Астанадан кейінгі орында тұр десек, қателеспейміз. Бүгінде орталыққа ота жасатуға науқастар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау облыстарынан және көрші қырғыз, өзбек елінен де келуде. Өткен жылдан бастап облыс тұрғындарына тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде қызмет көр­сете бастадық. Сондай-ақ, мұнда ем-шара қабылдау Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі негізінде ауруханаға жатқызып емдеу бюросының порталы арқылы да жүргізіледі. Жылына 250-ден 400-ге дейін ота жасалатын орталық жұмысының маңызды бөлігін күрделі және бірегей реконструктивті хирургиялық араласулар құрап отыр. Елбасы Жолдауында және 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген тұрғындар арасында жүрек аурулары санын азайту және одан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету міндетін жүзеге асыру жолында еңбек етіп жатқан біздің мекеме жуырда жаңа ғимаратқа көшті. Енді ол ғылым мен медицинаны қатар үйлестіретін жаңа орталық ретінде қайтадан құрылмақ. Еліміздің оңтүстік аймағында маманданған ірі кәсіби клиника ретінде ғылым және тәжірибені біріктіріп, әлемдік талаптарға сай қызмет етіп отырған орталық алдағы уақытта денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында және Елбасының халыққа арналған Жолдауында айтылатын тұрғындар арасында жүрек аурулары санын азайту және одан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету бағытында жетістіктер биігінен көрінетініне күмәнім жоқ. Жалпы, Елбасының Жолдауы жұртымызды жақсылыққа жетелейтін жаңа құжат болғаны даусыз. Елдің кемелді келешегі – өркениетке апаратын жиырма бірінші ғасырдың жаңа­лықтарын жете ұғынған өскелең ұрпақтың қолында. Көшбасшымыз көрегендік таныта отырып, Қазақстанды дамыған елдер үздіктерінің сапына қосуды арман ететіндігін аңғартты. Бұл биікке барлығымыз бірігіп, өз үлесімізді қосу арқылы ғана жетеміз. Сондықтан да Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау – әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз деп білемін. Біз ендігі жерде азаматтарымызды емдеп қана қоймай, ғылыми ізденістерді жетілдіру ісін ұштас жүргізетін боламыз. Қашанда ғылыми негізі мықты жұмыс өз нәтижесін береді. Сейітхан ЖОШЫБАЕВ, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» директоры, «Жүрек-қан тамырлары хирургтері ассоциациясының» президенті. ТАРАЗ.