Президент • 28 Қазан, 2021

Мемлекет басшысы Еуразиялық Даму Банкінің төрағасын қабылдады

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Еуразиялық Даму Банкінің төрағасын қабылдады

Кездесу барысында Президентке Еуразиялық даму банкінің жұмыс нәтижелері мен Орта мерзімді жоспарлары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық болжамдар туралы ақпарат берілді.

Банк сарапшыларының бағалауы бойынша Қазақстанда ЕАЭО елдері арасында экономикалық өсудің ең жоғары серпіні күтілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясының негізгі бағыттарымен танысты. Атап айтқанда, Николай Подгузов Президентке Қазақстанның және ЕАЭО-ның басқа да мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған негізгі мегажобалар туралы айтып берді.

Банк «Солтүстік-Оңтүстік», «Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәліздерін қалыптастыруға, бірыңғай тауар өткізу желісін құруға және Орталық Азияның су-энергетикалық кешенін жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге ниетті. Осы жобаларға ЕАДБ инвестицияларының жиынтық көлемі 1,2 млрд доллар деңгейінде жоспарланып отыр. Жалпы банк 2026 жылға дейін Қазақстан экономикасына кемінде 3,8 млрд доллар инвестиция салуға ниетті.

Мемлекет басшысы Еуразиялық даму банкінің интеграциялық процестерді дамытудағы белсенді рөлін атап өтіп, Қазақстан мен бүкіл ЕАЭО үшін белгіленген жобаларды іске асырудың маңыздылығын назарға алды.