Дарқандық пен берекенің, татулық пен меймандостықтың иісін бірге алып жүретін қос құлақты самаурын бүгінде құмдауыт ауылда сақталып қалмаса, қалада музейдің қалың жәдігерінің қатарынан орын алғаны рас. 11 залында 36 000 тарихи жәдігерді жинақтап отырған Алматы музейі «Самаурыныңыз сарқылмасын» атты көрмені ұйымдастыра отырып, қазақтың тұрмыстық дәстүріне сіңіп, өмір сүру дәстүрінен берік орын алған осы бұйымның ұзақ та маңызды тарихынан қызықты сыр шертті.
Көрмеге 50-ге жуық экспонат қойылған. Алматы музейіндегі самаурын жиынтығын Тула қаласындағы ағайынды Баташевтардың атақты самаурын фабрикасында ХІХ ғасырдың басында жасалған бұйымдары бастап тұр. Сондай-ақ Берта Тейле, Н.Ворошилов және М.Слюзбергтердің фабрикасынан шыққан самаурындар да музейдің қастерлі жәдігері болып саналады. Жез, мыс, қола, тіпті фарфордан жасалған, бетіне ою-өрнек сызылған, сурет салынған ескі самаурындардан бастап бүгінгі заманға тән электр тогымен қайнайтын самаурындарға дейінгі алуан түрін алматылықтар қызыға тамашалады. Сонымен бірге бітімі самаурынға ұқсас ортаазиялық шәугімдер, самаурын-шәугімдер, самаурын-қазандар және құмған-самаурындар да назарға ұсынылды. Бұл жәдігерлердің бәрі де қазақ даласына сауда, айырбас, тарту-таралғылар түрінде, ірі этномәдени байланыс нәтижесінде біртіндеп тұрмысқа енген. Қоянды мен Қарқара жәрмеңкесінде қазақтың талай бай-бағланы құнының қымбатына қарамай, мыңғырған малын бір жез самаурынның жолына атап, баптап ішер сусынмен қыстың қытымыр аязында бой жылытып, аптап ыстығында шөл басты.
Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Жақсылықұлы қазақ даласының тұрмысына біртіндеп енген самаурынның жай құрылғы ғана емес, тәтті шайымен әр шаңырақтың шырайын кіргізіп, бөлінбес еншісіне айналған маңызы үшін көрме арнап отырғандарын атап өтті. Көрмеге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, археология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев, Нұр-Мүбәрак университетінің доценті Досымбек Қатранұлы қатысып, ұлттың өмір сүру салтымен біте қайнасқан қызықты тақырыпқа байланысты өз ойларын білдірді. Этнограф Д.Қатранұлы: «Ежелгі Қытай деректері өздеріне көшпелілер арқылы таныс болған «хо-го», яғни «ыстық қазан», «суымайтын су» деп аталатын ішінде шоқ салатын ұңғысы бар шошақ бітімді ыдыс түрін атап өткен. Бұл ортасына шоқ салатын мұржасының айналасына сұйық құйылатын ыдыс еді. Ендеше бұл бүгінгі самаурын деп атап жүрген бұйымға дәл келіп тұр» деген тұжырымы арқылы бірқатар ұлт пен ұлыс «біздің бұйым» деп өздеріне меншіктейтін ыдыстың шығу тегі «құман-самаурыннан» басталатынын, оның бастау тарихында көшпелілер тұрғанын тұспалдады. «Кез келген бұйым елу жыл халықтың қолданысында болса, ол зат сол халықтың қолданысына тиесілі» деп түйіндеді өз ойын этнограф.
Қадірлі, сыйлы кісісіне көңілінің өлшемін білдіріп, ілтипат танытып, қонақ жасағысы келсе онысын «шайға шақыру» деп әспеттейтін қазақ мәдениетіндегі шай мен самаурынның орны айырықша. Бұл тақырыпқа маңыз беріп, арнайы көрме әзірленуі де осы себептен туындаса керек. Бүгінде самаурын жасайтын шеберлер жоқтың қасы, оны өндіретін зауыттар да жұмысын тоқтатқан. Нағыз құнды жәдігерлер тек музейден табылады.
Көрмеге әсем самаурындар жиынтығымен бірге ескі сервиздер, ас үй құралдары, шай жабдықтары, фарфор зауытының өнімдері мен музей қорынан алынған кескіндемелер мен фотосуреттер қойылды.
АЛМАТЫ