20 Ақпан, 2014

Біздің бірегей брендіміз

449 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
?????.p65Азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсіздік туы қолға тиген алғашқы жылдардың елге де, Елбасына да аса ауыр сынақ болғаны белгілі. Сөз жоқ, бүгінде өз жемісін беріп, халықтың игілігіне айналған берекелі істердің негізі сол алғашқы қадамдарда-ақ қаланған болатын. Солардың ішіндегі ел дамуының кезеңдеріне алтын арқау болып тартылған бір мәселені ерекше атап айтқан жөн. Ол — бодандықтан босап, азаттыққа ұмтылған халықтың жасып қалған жігерін жанып, рухын көтеру. Егемендігін жариялап, Тұңғыш Прези­дентін сайлап енді ғана серпілген жұрттың бойын одан әрі тіктеп, болашаққа деген сенімін ояту оңай шаруа болған жоқ. Міне, осы сәтте халықты жаңа, биік армандарға жетелейтін, жұртты мемлекеттік мүддеге біріктіретін идеялар керек болды. Оның бас­тауы тарихи жадымызды, ұлттық мәде­ние­тімізді жаңғыртудан басталды. Алаш арыстарын ақтап, еңбектерін жариялап, кеңестік кезеңде аттарын атауға қорқатын хандар мен билердің, даналар мен батырлардың есімдерін дәріптеп, мерейтойларын өткізген жылдардың барлығы осы халық рухын асқақтатудан туған шаралардың алғашқы легі болатын. Барлық тарихи оқиғалардың төрешісі уақыт көрсетіп отырғанындай, бүгінде қазақ рухы сол игі істердің арқасында әлемдік абырой биігіне шығып отыр. Елбасы қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт рухын көтерген сондай айтулы жоба болғаны баршаға аян. «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының жүз томдығы – сол бағдарламаның маңызды бөлігі. Оны Елбасы қызу қолдап жүзеге асыруға пәрмен берді. Тәуелсіздік тізгінін қолына кеше ғана алған жас республиканың экономикалық әлеуеті кемеліне келе қоймаған шақта осындай көрегендік тәуекелге бел байлады. Өйткені, фольклор – қай елдің болмасын, қай халықтың болмасын ұлттық рухының таусылмайтын қайнары. Оны адамзаттың ақыл-ой дамуының ауызша жадының энциклопедиясы деуге болады. Әлемде фольклорсыз халық жоқ. Ол – әр халықтың өмір сал­тының рухани көрінісі. Сондықтан да әлемдік ғылымда фольклорды тек сөз өнері деп емес, оны халықтың бүкіл рухани болмысының көрінісі деп біледі. Сондықтан да, Еуропа ғалымдары ХІХ ғасырда адам­заттың ақыл-ой дамуының кезеңдерін зерттеуде фольклорды басты қайнар деп таныды. Сөйтіп, әлем халықтарының этнографиясы мен фольклорын барынша жинақтап, салыстыра зерттеуге ден қойды. Төрткүл дү­ниеге сапар шеккен жиһанкездер мен саяхатшылар әлем халықтарының фольклоры жөнінде ұшан-теңіз материалдар жинап, адамзат мәдениетінің пайда болуы мен дамуы жөнінде тамаша жаңалықтар ашты. Бұл орайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларда дүниенің басым бөлігін өз отарына айналдырған француз, ағылшын ғалымдарының жекелеген этностар этнографиясы мен фольклоры жө­нін­дегі зерттеулерінің маңызы өте жоғары болды. Мұндай ауқымды зерттеулерден ака­де­миялық бағытты ұстанған Ресей ғалым­дары да қалыс қалған жоқ. Ресейлік түрік-тектес халықтар мұрасын әлемге алғаш таныстырған академик В.Радлов осы ме­к­теп­тің түлегі болатын. Оның Түріктектес ха­лық­тар тілінің сөздігі (9 том) мен фольклорына (9 том) арналған жинақтары, іргелі зерттеулері соның дәлелі. Бұл үрдіс кейіннен В.Потанин, Ә.Диваев сияқты фольклоршылар еңбектерінде жалғасып, ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов бастаған Алаш арыстарының, фольклоршы-ғалымдардың қажырлы еңбегімен кең қанат жайды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары­ның соңына дейін жалғасқан бұл үрдіс Кеңес өкіметінің саяси бағдарының күрт бабалар1өзгеруіне байланысты қысталаң күйге түс­ті. Бірақ, қалай дегенде де халықтың қа­ны­на сіңіп, жүрегіне жазылған рухани мұ­расының да қазақтың дәл өзі сияқты қандай сынаққа да төтеп беретіндігін дә­лел­деді. Кезекті зұлматтан аман шыққан әр ұрпақ бабаларының рухына қайта бас қойып, кәусарынан қанып ішіп, оған барынша қамқорлық көрсетіп отырды. Сондықтан қандай кезеңде болмасын қазақ фольклоры зиялы қауым назарынан тыс қалған емес. Өйткені, халықтың жан дүниесін зерделеудің одан басқа жолы жоқ болатын. Ұлттық мәдениетті дамытудың алтын тұғыры саналатын фольклорсыз алға басу мүмкін емес еді. Қазақ мәдениетінде жарық көрген классикалық туындылардың барлығы өз бастауын осы асыл мұрадан алды. Оны жинамау, жүйелемеу, зерттемеу мүмкін емес еді. Ол – халықпен біте қайнасқан, ажыратып қарауға болмайтын жан дүниесінің күре тамыры болатын. Сондықтан оған қарапайым халықтан бастап, небір талантты ғалымдар бар күш-жігерлерін салды… Дүниежүзі ғалымдары қазақ фольк­лорының адамзат мұрасының ішінде өзінің дәстүрлі төлтума болмыс-бітімін барынша толық сақтаған ерекше құбылыс екендігін ежелден атап көрсетіп келеді. Ол өркениетті елдерде жұрнағы ғана қалған халықтық мұраның барлық жанрлық түрлерін сақтап қалуымен ғана емес, сонау мифтік санадан бастау алатын дәстүрлі дүниетанымға бай мазмұнымен де ерекшеленеді. Бірақ кеңестік дәуірде қазақ фольклорын кеңінен жинап, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, оның ерекше табиғатын әлемге таныстырудың мүмкіндігі болған жоқ. Міне, соның кең шалқары тәуелсіздіктің арқасында бүгін ашы­лып отыр. Аталған жоба сол мүмкіндікті барынша сәтті пайдаланудың жарқын көрінісі. Қазақ фольклорын көп томдық ретінде жариялаудың талпыныстары бұрын да болған. Олардың барлығы өз кезіндегі қоғамдық сұраныстың көрінісі болғанмен, түбегейлі нәтиже бере алмады. Оған мүм­кіндік те жоқ болатын. Қалай болғанда да, қазақ ғалымдары басты бағдардан жаңылған емес. Халық мұрасы үздіксіз жиналып, жиналғандары жүйеленіп, талай тамаша зерттеулер жарық көрді. Осылардың барлығы бүгінгі жүз томдыққа жасалған алғышарттар еді. Қоғам алдына Елбасы жаңа міндеттер қойған кезде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалым-мамандары сол биік талап үдесінен шығуға дайын болды. Қалай дегенде де, академик Сейіт Қасқабасов бастаған қазақ фольклоршылары ел үмітін ақтауға үлкен жауапкершілікпен тәуекел етіп, оны абыроймен атқарып шықты деуге болады. Шындығында, Елбасы тәуекел еткен үлкен істі атқарудың тауқыметі де аз емес болатын. Ең алдымен, мұндай бір халықтың ғана фольклорын 100 том етіп басып шығару әлемдік тәжірибеде әлі жоқ еді. Демек, бұл – бұрын шықпаған шыңға қол созу деген сөз. Оның нәтижесіне күмән келтірушілер де аз болған жоқ. Тіпті, жүз томға жүк болатын халық әдебиетінің үлгілері бар ма деген де дүдәмал сұрақтар болды. Екіншіден, бұл жинақ көпшілікке арналған қатардағы басылым емес еді. Ака­демик С.Қасқабасов шығарушылар алқасының алдына бұл басылымды акаде­миялық пішімдегі ғылыми жинақ етіп шы­ғару міндетін қойды. Бұл дегеніңіз, ғалым-мамандардың білім-білігі мен тынымсыз ізденісін, зерттеу жұмыстарын қажет ететін аса ауқымды шаруа еді. Үшіншіден, қазақ фольклорының қол­жазба қорымен жұмыс істеудің қосым­ша қиындықтары бар еді.  Өйткені,  бі­з­дің халқымыз өткен ғасырда үш рет әліп­би өзгерткені бел­гілі. Сондықтан құрастырушылар қол­жазба үлгілерінің араб, латын, кири­лица жазуындағы нұсқаларын оқып, салыстыруға мәжбүр болатын. Төртіншіден, қазақ қол­жазбаларының көпшілігі Мәскеу, Петербург, Қазан, Ташкент сияқты қалаларда шашырап жатқан. Сондықтан арагідік экспедициялық жұмыстарды да қатар жүргізу керек болды. Бесіншіден, көптомдыққа Қытай, Моң­­ғо­лия қазақтарының фольклорын да қосып шығару міндеті қойылды. Жырақта жатқан, көбі араб әліпбиінде жарияланған мұраның нұсқаларын салыстырып, ғылыми түсініктерін жазып, баспаға дайындау қыруар шаруаны қажет ететін. Алтыншыдан, бұл уақытта Ұлттық Ғылым академиясының құрылымдық өзгеріске түсуіне байланысты М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының материалдық-техникалық жағдайы мен экономикалық ахуалы күрт төмендеп кеткен. Білікті ғалымдар мен мамандар жоғары оқу орындары мен басқа да табысты салаларға жылыстаған. Сондықтан өз ісіне берілген, халық мұрасын қадірлейтін санаулы мамандарға алапат салмақ түсті. Жетіншіден, кеңестік кезеңде фольклорға деген көзқарастың әсіре саясаттануына байланысты халық мұрасының мәтіндері де редакцияланып, көп бұрмаланған болатын. Міне, осының бәрін түпнұсқамен салыстырып, текстологиялық жұмыстар жүргізу қажет болды. Ал текстологиялық зерттеулер Қазақстанда ең кенже қалған саланың бірі болды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасы­на», дейді қазақ. Осындай ауқымы үлкен, жауапкершілігі мен тәуекелі қос қабат ша­руа­ның басына С.Қасқабасов сияқты әлемге мәшһүр ғалым, мемлекеттік басқару жұмысында ысылған, тәжірибелі маман, кәнігі ұйымдастырушының келуі істің сәтті басталып, баянды аяқталуына ұйытқы болды. Шаруаның басталуы да тосын болды. Егер қисынға салатын болсақ, шу дегеннен қазақ фольклорында ең көп басылған және жете зерттелген жанрлар ретінде ертегілер мен батырлар жырынан басталғаны оңтайлы болатын еді. Олардың басым көпшілігін жеңіл-желпі өңдеулермен баспаға бере беруге болатын. Бұл уақыт жағынан мұрсат алуға, келесі томдарды әзірлеуге тыныс ашатын еді. Бірақ, шығарушылар алқасы мұндай жеңіл жолдан бас тартып, алғашқы томды (2003 жылы) дастандардан бастады. Шығыстың ғашықтық сюжеттеріне негізделген немесе діни баяндарға құрылған дастан жанры осы уақытқа дейін көп қағажу көріп, ұр­пақ санасында көмескі тарта бастаған көне шығармалардан тұратын. Оның үстіне шырғалаңы көп шығыс тақырыбы мен діни дастандарды зерттеуге кеңес дәуірінде еш­кімнің жүрегі дауалай бермейтін. Міне, жүз томдықтың алғашқы томдарының осын­дай тың тақырыппен басталуы да жұртшылықты елең еткізді. Бұл орайда, осы тақырыпты жеке зерттеп жүрген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Б.Әзібаеваның еңбегі зор болғаны сөзсіз. Қазақ тарихында алғаш басылып шыққан кітаптар арқау болып, қазақ даласына өте кең тараған дастандар көп жылғы үзілістен кейін тұңғыш рет бас-аяғы түгенделіп, ғылыми жүйеге түсіп, толыққанды жұртшылық қолына тиді. Мәселен, бір ғана осы дастан жанрының 28 томға жүк болғанының өзі не тұрады. Демек, халық арасында аса кең тараған, көлемі жағынан бәрінен ауқымды жанрдың дастан болғандығын жаңа ұрпақ жадында қайта жаңғыртты. Бұрындары «Батырлар жыры» деген атпен көпшілікке мәлім жырлармен қоса, көне эпостан бастап, «Қырымның қырық батыры», «Тарихи жырларға» дейінгі дүниежүзі халықтары ішінде қазақ арасында ғана жоғары көркемдік деңгейге жетіп, сап таза күйінде сақталған эпостық жырлар да алғаш рет түгенделіп, ғылыми тұрғыдан сараланып, барша түсініктемелерімен жарияланғанын атап айту керек. Ұзын саны 33 томды құрайды. Олардың ішінде тек тарихи жырлардың өзі 13 томға жүк болған. Қалың көпшілік халық прозасынан ертегілерді ғана білетін. Ал оның мифтерден бастап, аңыз, әпсана, хикаят сияқты сан­ алуан жанрлық түрлерін түгендеу де осы көптомдықтың еншісіне бұйырып отыр. Халық даналығы саналатын мақал-мә­телдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өті­­рік өлең сияқты көпшілікке танымал құн­дылықтардың өзін жинақтап, жүйе­леп, жекелеген томдарға айналдыру да оңайға түспегені сөзсіз. Мұндай «шағын жанр­лардың» қатарына бұрындары арнайы көңіл бөлінбеген «бата», «алғыс», «қарғыс», «тиым сөздер», «ырымдар», «түс жору» сияқ­ты шығармалардың қосылуы жинақтың ғы­лыми толыққандылығын барынша күшейте түскен. Көптомдықтың қарымын кеңейтіп, мазмұнын байыта түскен тың сипаттың бірі ретінде, ғұрыптық фольклорға қатысты дүниелердің мол қамтылғанын айтуға болады. Бұл саланы кезінде барынша ыждаһатпен зерттеген марқұм фольклоршы ғалым Б.Әбілқасымовтың еңбектері жете назарға алынған. Жұртшылыққа бұрыннан белгілі «Наурыз», төрт түлік туралы өлеңдермен қоса, «Бәдік», «Арбау жырлары», «Күлапсан», «Бақсы сарындары» сияқты ғұрыптық фольклор үлгілері де алғаш рет топталып жарияланып отыр. Ғұрыптық фольклорды саралау маша­қа­тын «Отбасы фольклорын» құрастыруда өз басымыздан кешкенбіз. Әсіресе, бұл жанр­­лардың жинақталған үлгісі мардымсыз. Ке­зін­де негізінен ертегілер мен аңыздарға, эпос­тық жанрларға баса көңіл аударылып мұн­дай шағын жанрлар назардан тыс қалып келген. Ал кеңестік кезеңде бұл шығармалар ес­кі­ліктің қалдығы саналып, мүлде шеттеп қал­ған-ды. Мәселен, қазаққа ең танымал деген жанр «Жар-жардың» бірер нұсқасы ғана жазылып алынған. Ал, «Аушадиярдың» үлгілері қатарға кейіннен ғана қосылды. «Азалау жырлары» жөнінде де осыны айтуға болады. Айтулы еңбекті «Балалар фольклоры» жеке том ретінде толықтырып отыр. Бесік жырынан басталатын халық педаго­гикасының қайнары тұңғыш рет жинақталып, жанрлық тұрғыдан жүйеленіп жұртшылыққа жол тартқан. Біраз жыл тірнектеп жинап, алғысөз, ғылыми түсініктер жазып қолғабыс еткен қызметімізді халық мұрасына қосқан өз үлесіміз деп білеміз. Ал көптомдықтың ондаған томына жүк болған, Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар фольклорының үлгілері де қазақ руханиятындағы үлкен олжа. Шынтуайтын айтқанда, аталған жоба – мұрағаттарды ақтарып, шаң басқан көне жазудан көз майын тауысып кириллицаға қотарған, оны компьютерге теріп, әлденеше қайталап оқып, қатесін тексерген, әрбір тосын қол­да­нысқа түсінік беріп, көрсеткіштерін жасаған құрастырушылар мен мамандардың жанкешті еңбегінің нәтижесі. Басты мадақ ие, солардың ішінде көптомдықты басынан аяғына дейін қолдарынан өткізген Тоқтар Әлібеков пен Серікбай Қосановтардың есімдерін айрықша атауды парыз санадық. Тұтастай алғанда, «Бабалар сөзі» – халқымыздың ғасырлар бойына жинақтаған рухани мұрасын барынша молынан қамтып, ғылыми тұрғыдан саралап, жүйелеп, жан-жақты түсініктерімен ұрпаққа аманат еткен жаңа ғасырдың ұлы жобасы. Ең алдымен, осы арқылы біз өз халқымыздың фольклорлық жәдігерлерінің адамзаттың рухани құндылықтарының ішіндегі ең бай, ең мәйекті мұралардың қатарында екендігін дәйектей алдық. Дүние жүзінде өзінің рухани мұрасын 100 том етіп басып шығарған тұңғыш ел ретінде, біз әлемдік мәдениет қазынасына мол үлес қосқан халық екендігімізді дәлелдедік. Екіншіден, бұл жинақ халық мұрасын әлемдік фольклортану ғылымы тұрғысынан жан-жақты саралап, терең зерттеулер жүр­гізе алатын ғылыми әлеуеті жоғары ел екен­дігімізді көрсеттік. Үшіншіден, хал­қы­­мыз­д­ың тарихи жады мен дәстүрлі дү­ни­е­­танымына суарылған таусылмайтын та­ным кәусарын азат ұрпаққа тәуелсіз сана тұрғысынан саралауға мүмкіндік туғыздық. Төртіншіден, әлем өркениетінің даму өрісіне көз салсақ, қандай модерн өнер дүниеге келсе де, бар­лығы түбінде мифтік санаға, фольклорлық мотивтер мен сюжеттерден нәр алып отырады. Демек, фольклор – барлық ұлттық мәдениеттің мәйегі. «Бабалар сөзі» де біздің өркениетке ұмтылған еліміздің мәңгілік рухани кәусары болары сөзсіз. Бесіншіден, еліміздегі гуманитарлық ғылымның қай саласы болмасын өз тарихын саралау мен ғылыми пайымдаулар жасауда фольклорға иек артады. Міне, осы орайдағы әрбір ғылыми-зерттеуге негіз болатын түпнұсқа дереккөзі де осы көп томдық болады деп сенеміз. Алтыншыдан, бұл жобаны атқару барысында қазақ қолжазбаларын жинақтап, жүйелеу бойынша да қыруар жұмыс атқарылды. Қазақ еліндегі әртүрлі ғылыми қорлардағы жазбалар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына жинақталды. Шетелдердегі шашырап жатқан мұралар да қайтарылды. Әртүрлі жазудағы рухани байлық бір әліпбиге түсті. Сондай-ақ, бұл жазбалардың электронды нұсқасы да жасақталды. Енді оны ұзақ мерзімге сақтаудың және олардан әртүрлі форматтағы еңбектер жазудың базалық негіз қалыптасты. Бұл – ғалымдарды көптен толғандырып жүрген мәселе болатын. Жетіншіден, ең бастысы, бұл жоба – халықтың әлденше ұрпағының тірнектеп жинап, ардақтап сақтап келген рухани аманатын мәңгілік елдің мәңгілік мәдениет мәйегіне айналдырған тәуелсіз елдің толағай табысы болды. Қазіргі тілмен айтатын болсақ, Қазақ елінің әлемдік мәдениет бәсекесіне шығарған ұлттық бренді деуге болады. Кенжехан МАТЫЖАНОВ, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.