20 Ақпан, 2014

200-ге жуық басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жалғыз Қазақстанды ғана емес, әлемді жайлаған сыбайлас жемқорлық атты қауіпті кеселге қарсы біздің елімізде орасан күрес жүргізіліп жатқаны айдай анық. Соның бір айғағы ретінде айтар болсақ, өткен жылы сыбайлас қылмыстарды жасағаны үшін әртүрлі деңгейдегі 200-ге жуық басшылық қызметтегі лауазымды адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, солардың ішінде бұ­рын­ғы  Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов,  Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияев, Энергетика және минералды ресурстар минис­трлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары М.Сә­дуақасов (2010 жылдан бас­тап Индустрия және жаңа техно­логиялар министрлігі), «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компанияның президенті Г.Мыр­зақұлов, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Т.Бас­тенов, ТЖМ Мемлекеттік ма­те­риалдық резервтер жөнін­дегі комитетінің басқарма бастығы М.Біләлов және т.б. болып жалғаса береді. Әлі де «қылғытып қойып», құқық қорғау органдарының құрығына түсіп қалып жатқандары аз емес. Демек, жемқорлыққа қар­сы күрес бүгінгі таңда бір сәтке де саябырсыған жоқ. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Онда Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агент­тігі төрағасының бірінші орынбасары А.Лукин Елбасының Жолдауына байланысты жа­ңа міндеттер жедел іске асыры­латындығын атап өтіп, негізгі мәселелерге, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және шағын, орта бизнесті қорғау бойынша жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Ол әуелі Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы бас­ты мақсаты ретінде әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуды белгілегенін тілге тиек етті. Одан кейін Президент айтып өткендей деп, бұл мақсатқа қол жеткізу оңай болмайды және болашақта болуы мүмкін қиындықтармен кездесуге тура келетіндігін де қаперге түсірді. Сөйтіп, ол еліміз егемендігін алған алғашқы күндерден бас­тап сыбайлас жемқорлық жалпы қылмыстылықпен қатар қоғам үшін қауіпті қатерге айналғанын да жасырмады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасап қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіріп, елдің ұлттық қауіп­сіздігіне жүйелі қатер төндіреді, деді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мем­лекеттік саясаттың бас­ты бағыттарының бірі ретінде бел­гіленген. Соған орай бұл күн­дері агенттік басқа да мем­лекеттік органдармен бірлесе отырып, «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің салааралық бағдарламасын» іске асыруда. Осы бағдарламаның шеңберінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді азайту, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге бағыт­талған ұйымдастыру-құқық­тық шаралар көзделген екен. Елбасының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес стра­тегиясының жаңа тәсілдерін жасау туралы тапсырмаларын орындау мақсатында агенттік Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ұсыныстар дайындап, енгізіп те қойыпты. Сыбайлас жемқорлық үшін қатаң жазалау шаралары­на қосымша, мемлекеттік қыз­меткерлердің жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік қыз­метте болуға байланысты қосымша шектеулерді көбейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, ең маңызды бастамалардың бірі болып заңсыз баю, пара беруге уәде ету және пара ұсыну, оларды қабылдау, үшінші біреудің пайдасына пара беру және коммерциялық сатып алу, ықпал етуді саудалау (теріс пайдалану), қалай тапқанын түсіндіре алмайтын мүлікті тәркілеу және т.б. белгіленді. Осындай шаралар Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қолданылады. Аталған жаңалықтарды енгізу үшін жаңа заңдардың бірқатарын дайындау мен қолданыстағы заңнаманы толықтыратын заң­дарды қабылдауды көздейтін іс-шаралар қосылды. Біздің ойымызша, ұсынылған бастамаларды іске асыру ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға барынша жақындатуға, сөйтіп, Қазақстандағы сыбайлас жем­қорлықтың деңгейін іс жүзінде төмендетуге мүмкіндік береді, деді А.Лукин. Мәселен, 2013 жылы бұр­нағы жылмен салыстырғанда, қылмыстарды ашу көрсеткіштері бір деңгейде қалғанымен, жем­қорлық қылмыстарын жаса­ғаны үшін қылмыстық жауап­кершілікке тартылғандар саны артқан. Қылмыстардың басым бөлігі өкілеттігін теріс пай­далану, парақорлық, қызмет­тік жалғандық жасау және бюджет қаражатын ұрлау дерек­тері бойынша анықталды. Мем­лекеттік міндеттерді атқаруға уәкілеті тұлғалар мен оларға теңестірілген тұлғаларға қатыс­ты барлығы 1445 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішіндегі жартысына жуығы 46 пайыз (660) – әкімшілік пен оның құры­лымдық бөлімшелері қызмет­шілеріне, 16 пайыз (232) – ішкі істер органдары, 5 пайыз (70) – әділет органдары, 5 пайыз (66) – Денсаулық сақтау минис­трлігінің қызметкерлеріне, 3 пайыз­дан салық қызметі органдары мен әкімдерге (49 пен 47 сәйкес) қа­тысты қозғалған. Аталған ста­тистика осы ведомстволар бас­шылығы тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Жалпы, қазір лауазымды тұлғалар қаржы полициясы органдарына пара беру ұсыныстарын өздері хабарлау­ды бастады. Пара алу деңгейі төмендегенмен, пара беру көрі­ніс­терін ашу 2 есеге көбейді. Сыбайлас жемқорлықпен кү­ресуге жәрдемдескен тұл­ғалар­ды көтермелеу туралы ереже шыққалы бері, 170 адамға 19 млн.теңге сыйақы төленді. Азаматтардың хабарлауы бойынша 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып, олардың барлығы сотқа жолданған. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».