Руханият • 31 Қазан, 2021

Қазақ халқының бес мың жылдық шежіресі

731 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен апта соңында елорда төрінде орналасқан Халықаралық Түркі акаде­миясының жаңа ғимаратында әйгілі академик, қазақ антропологиясының негізін қалаушы Оразақ Смағұлов пен оның ізбасары Айнагүл Смағұлова екеуі бірлесіп жазған және қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жеке-жеке кітап болып жарық көрген «Қазақ халқы мен оның ататегіне орай антропологиялық очерктер» атты жаңалығы мол ғылыми еңбегінің таныс­тыру рәсімі өтті.

Қазақ халқының  бес мың жылдық шежіресі

Алқалы жиынға Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Қы­рымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия елдерінің Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшілері, зиялы қауым өкілдері, халықаралық ұйым басшылары, сонымен қатар Мәжіліс депутаттары мен жоғары оқу орындарының басшылары, танымал түркологтер қатысты.

Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында жа­рық көрген ғылыми еңбектің басты ерек­шелігі – мұнда қазақ халқының дара этнос ретіндегі бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәти­жесі топтастырылған. Яғни бұл кітапта – қазақ халқы Еуразия құрлығында бірге тұрып жатқан этникалық топтармен салыстырылып толық зерттелген. Нәтижесінде, қазақ этносы ешкімге ұқсамайтын бітім-болмысы, басқаларда кездеспейтін морфофизиологиялық анықтамалары мен антропологиялық мәртебесі бар дара этнос ретінде осыдан 50 ғасыр бұрын толық қалыптасқандығы ғылыми негізде дәлел-дәйектер арқылы нақтыланып отыр.

Осы орайда, құнды туындының алғысөзін жазған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – қазақтың төл тарихын түгендеп, оның Ұлы дала төсінде тым көне заманнан тамыр жайған бағзы халық екенін дәлелдейтін еңбек. Мұнда арғы бабаларымыздың осы жерді бес мың жыл бұрын құтты қоныс еткені жөнінде алғаш рет ғылыми қорытынды жасалған. Шын мәнінде, бізге Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ жерді сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Егемен еліміздің бүгінгі аумағы – батыр бабалардан ұрпаққа мирас болған ең қастерлі құндылық» дегені аталған еңбектің мазмұны мен маңызына берілген баға іспетті.

Сол сияқты мәртебелі басқосу бары­сында өзінің өзекжарды пікірін білдірген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Елбасы бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы бүгіндері түркі халықтарының бекем бауырластығына серпін беретін, рухани байланыстарға ықпал ететін беделді халықаралық ұйымға айналды. Соның бір дәлелі – қазақ ғылымының қара нары, ҰҒА академигі тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлов ағамыздың «Қазақ халқы мен оның ата­тегіне орай антропологиялық очерктер» атты кітабының төрт тілде жарық көруі. Ғұлама ғалым бұрынғы еңбектерінде халқымыздың төрт мың жылдық тарихын түгендесе, бүгінгі жарияланып отырған жаңа ғылыми туындысы арқылы жұртымыздың бес мың жыл­дық нәсілдік тегінің ұланғайыр атажұртымызбен тығыз сабақтастықта екендігін дәлелді ғылыми нысанға айналдырды. Бұл ең­бек ел шежіресі мен жер шежіресінің үн­дестігін айшықтауымен, қасиетті же­ріміздің аумақтық тұтастығы ел-жұр­­тымызбен кіндіктес екенін ай­ғақ­тауымен, ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік мүддемізге рухани қор­ған қызметін атқаруымен аса құнды. Қазақ халқы қасиетті атамекенімізді байырғы заманнан күні бүгінге дейін мекендегенін, мемлекеттік дәстүрі сабақ­­тасып жатқанын, атажұртымыздың аумақтық тұтастығы мызғымай сақтал­ғанын түйінді деректермен дәйектеген кітап төрт тілде жарық көрді. Қажырлы ғылым қайраткерінің елу жыл бойы әлемдік ғылымның озық тәсілдерімен ұштастырып жасаған осынау ерен еңбегі әлдекімдердің даурықпа дәлелдерін түбегейлі теріске шығарып тұр» деді. Ал сөзінің соңында, Қырымбек Елеуұлы көпшілікке бұл еңбектің Мемлекет басшысы жария еткен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасына тигізер ықпалы мол екенін ескертіп, сондай-ақ жаңа ғимаратқа қоныстанған Академия ұжы­мын жайлы қонысымен құттықтады.

Келесі кезекте сөз тізгіні тиген мем­ле­кет және қоғам қайраткері Мырза­тай Жолдасбеков: «Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы мекен еткен апайтөс далаға сырттан келіп, мемлекет құрған ешкім жоқ, сөйте тұра Ұлы даладан кетіп басқа жерге барып жеке ұлыс құрған мысалдар көп. Осы орайда академик ағамыздың мына еңбегі атажұртында табан аудармай өмір сүріп, елу ғасыр бұрын дара этнос ретінде антропологиялық мүсін-си­па­ты қалыптасқан халқымыздың де­рек-дәйегін дәлелдеп отыр. Бұл бүгін­гі біз, келешек ұрпақ үшін зор мақтаныш» десе, одан кейін маңызды шараның мәртебесі жайлы толымды пайымын ортаға салған Мәденет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Үлкен оқымысты, ұлттық антропология ғылымының негізін салушы академик Оразақ Смағұлов қола дәуірден қазіргі кезеңге дейін құнды деректер жинап, ғылымға қызмет етіп келеді. Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары арқылы тарихи сананы жаңғыруға зор қадам жасалды. Сол сияқты бұл үрдіс Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да атап көрсетілді. Біздің министрлік «Архив-2025» жобасы аясында жан-жақты жұмыс жүргізіп отыр. Осы істердің басында академик Оразақ Смағұлов ағамыздың болуы біз үшін зор мақтаныш. Ал мына еңбек байтақ дала тұрғыны – қазақ халқының 50 ғасырлық шежіресі һәм бұлтартпас айғақтарға әрі келер ұрпақтың асыл қазынасына айналары хақ» деді.

Одан кейін толғамды ой айтқан фи­лология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, антрополог еңбегін үлкен ерлікке татитын шығарма екенін айтып: «Қазақ халқы­ның антропологиясы мен генетикасы ғылыми бес тұжырым бойынша зерттеп-зерделеніп, төрт тілде жарық көруі үлкен жақсылық» десе, ғалымның шәкірттері атынан сөз алған көрнекті археолог Жәкен Тай­мағамбетов: «Мына кітап тарих ғылымындағы зор жетістік, сонымен қатар ұстазымның 60 жылдан астам айналысқан зерттеу еңбегінің түйіні іспеттес. Өйткені мұнда Еуразия даласында өмір сүрген тайпалардың бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ уақыт жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің түйіні топтастырылған. Нәтижесінде, Еуразияның апайтөс жа­­зи­­расында өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының бұзылмай-сызылмай, бүлінбей-жарылмай сақталған елу ға­сыр­лық тарихы бары анықталып отыр», деді.

Кітаптың таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген туынды авторы Оразақ Сма­ғұлов: «Бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жатқан этнос ретінде танып, оның бұзылмай-сызылмай сақталған елу ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады. Бұл тұжырым – жаратылыстану ғылымы бойынша емес, биологиялық тұрғыдан анықталып отыр. Менің ғұмырымның 70 жылы тек осы еңбекке арналды. Бұл кітапта қазақтың бүтін этнос ретінде бес мың жылдық тарихы бар халық екені толық дәлелденді. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде өте аз. Оның өзінде олар­дың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды. Ал қазақтар ше, антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Бұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген. Мына кітапта сол баяндалады» деген тұжырымын көпшілікпен бөлісе отырып, зерттеу нысанасына тек ауыл тұрғындары қамтылғанын, әрі осы істі қолға алуына академик Қаныш Сәтбаев өзі мұрындық болғанын, бұл кітап аман тұрғанда қазақ халқының тұтастығы мен генетикалық тегіне ешкім күдік келтіре алмайтынын жеткізді.

Расында, бұл шығарма жаратылыс­тану және гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ туған халқының тарихына қызығатын көзі қарақты оқырман үшін үлкен олжа керемет жоба екені анық. Оның сыртында кітапта – «үшөлшемді» морфофизологиялық көрсеткіштер, иллюстрациялар, Ұлы даланың қазір­гі және байырғы тұрғындарының скульп­туралық бюстері, оның сыртында көпөл­шемді статистикалық мәліметтер топтамасы – болашақ зерттеушілер үшін дайын өнім.

Рәсім соңында шараны ұйымдас­тырушы тарап Халықаралық Түркі академиясының президенті, жоба ав­то­ры Дархан Қыдырәлі: «Бұл ірге­лі еңбекте ғұлама ғалым қазақ халқы­ның Ұлы Даланы елу ғасырдан бері үздіксіз мекен еткен автохтон­ды жұрт екенін бұлтартпайтын ғылы­ми айғақтармен дәлелдеп берді. Қазір­дің өзінде бірегей басылымға арқау болған антропологиялық зерттеулердің нәтижелері әлемге танымал ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Автордың сөзімен айтсақ, әлемнің ешбір ұлтының тамырын 5000 жылдық тереңнен тартатын тұтас антропологиялық тарихы ғылыми негізде айқындалмаған екен. Сондықтан аталған туынды әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы айтулы жаңалық болып саналады», деп жиынды түйіндеді.