20 Ақпан, 2014

Асылдардың сынығы

950 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Куаныш АЙТАХАНОВҚазіргі жастардың компьютерге жабысып қалғаны сияқты, өткен ғасырдың 60-жылдарында кітаптан бас алмайтын бір буын болған. Күндіз, жаз болсын, қыс болсын, таңертеңнен кешке дейін асыр салып ойнаймыз да, қас қарая, шешеміздің «кәрәсін жоқ, түтіндете бермей жатыңдар» дегеніне қарамай, бар бала, қолымызда бір-бір кітап, білтелі шамның түбіне үймелейміз. Өстіп жүріп есейдік, ержеттік. Енді кітап қана емес, газет-журналдарды да қолдан-қолға тигізбей оқитын болдық. Журналистік жолды таңдап, облыстық газетте қызмет істеп жүрген кезім. Баяғы әдет... қолымыздан газетіміз түспейді. Жаңалықтардан бастап барлық материалдарды құныға оқимыз. Кездесе қалған жерде кім не оқыды, қайда, қандай қызық болып жатыр, соларды ортаға саламыз. Алғашында Оңтүстікте Қуаныш Айтаханов деген басшы бар, елдің қамын көп ойлайды, қолға алған ісін аяғына жеткізбей қоймайды деген сияқты шағын хабарлар назарымды аударды. Бірте-бірте ол кісінің аты газеттерден түспейтін болды. Газет дегенде, ол кезде оқитынымыз – республикалық газеттерден «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»). Одақтық басылымдардан «Литературная газета» мен «Советский спортты» іздейміз. Аудан басшысы болуы керек, түрлі басылымдардың тілшілері жарыса жазып жатады. Созақты ілгері сүйреп, Арыстың ажарын ашқан Қуаныш Айтаханов Сайрамды қазақыландыру бағытында көп іс тындырыпты. Осында әкім болып жүргенде Абылай ханға ескерткіш орнатыпты... Ұлтжанды азамат сияқты. Бәрінің «ұлттың құлы» болып жатқаны қазір ғой, ол уақытта шаруашылық басшыларының арасынан ондай адамды күндіз қолыңа шам алып іздесең де таппайтынсың. Ол қаламгерлерге ең алдымен осындай қылық­тарымен жақса керек. Азамат абыройын асқақ­татар жылы лебіздерді оқып отырып, өрелі ісімен өзгелерге үлгі-өнеге болып жүрген азаматтың іс-әрекетіне, келбетіне сырттай сүйсінесің. Шіркін, басшылардың бәрі осындай болса ғой деп ойлайсың. Сол кездері күндердің күнінде осы азаматпен кездесемін, таныс боламын, араласамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмегені анық. Бірақ өмірде небір тосын жайлар бола береді екен. 2007 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өткен осы сайлауда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы атынан дауысқа түскен мен де депутат болып сайландым. Сөй­тіп, ойламаған жерден отбасымызбен Астанаға көшіп келдік. Депутаттың басты міндеті – заң қабылдау. Сол заңдардың жобалары Үкіметтен ағылып келіп жатады екен. Көмекшім Гүлмира соларды алдыма үйіп тастады. «Оқып, ұсыныстар беруіңіз керек». Таусылатын жұмыс емес екен. Қағаздан бас көтере алмай қалдым. Тіпті, үлгере алмаған соң кейбір заңдардың жобаларын демалыс күндері үйге ала кететін болдым. Сенбі күні жайымен тұрып, таңертеңгі шайымды ішкеннен кейін осы жұмысқа кірісе бергенім сол еді, сыртқы есік ашылып, орта бойлы, ашаң жүзді жігіт ағасы кіріп келе жатты. Таныдым. Сыртынан көргем, бізбен бір қабатта тұратын Сенаттың депутаты. Қасындағы өзі шамалас дөңгелек жүзді, аққұба өңді әйел адам да жылыұшырай амандасты. «Жоғары шығыңыздар», деп жатырмыз. Ақжарқын адамдар екен, ескі таныстардай іштарта сөйлейді. «Мен Қуаныш Айтаханов деген қазақпын. Сіздермен көршіміз, құтты болсын айтайын деп келдік, деді. Жолдасын Айман деп таныстырды. Қалекеңнің менен бір-екі жастай үлкендігі бар екен. «Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын», деді. «Шайға отырыңыздар», деп едік, «Әлі талай кездесеміз ғой, ештеңеге алаңдамай орналасып алыңыздар, бізден көмек керек болса, ұялмай айтыңыздар», деп бөгеле қоймады. Ол кісілер кеткеннен кейін ойланып қалдым. Аты-жөні таныс сияқты. Бірақ бұрын кездеспеген адамым. Ақыры есіме түсті. Жаңа көршіміз баяғы аты-жөні газеттердің бетінен түспейтін, іс-қимылына өзім сырттай тәнті болып жүретін Қуаныш Айтахановтың өзі болып шықты. Парламент депутаттарының бәрінің каби­нетінде теледидар бар (Қазір таңсық дүние емес қой). Олардың бір ерекшелігі – бірімен бірі қосылып қойылған. Сол арқылы палата отырыстарын тікелей көруге болады екен. Осыдан кейін жоғары палатадағылар не айтып жатыр екен дегендей, әр бейсенбі сайын өтетін Сенаттың жалпы отырысында қозғалып жатқан әңгімеге құлақ түріп отыратын болдым. Әрине, ең алдымен өзім білетін Айтахановты іздеймін. Қалекең өте белсенді, күн тәртібіндегі қандай мәселені болмасын талқылаудан шет қалмайды, билік органдарына отырыс сайын дерлік сауал жолдайды. Сауалдары өткір, төбеден түскендей. Кейде «Биліктің өз ішінен шыққандар да осылай сөйлейді екен-ау» деп таң қаламын... Әрдайым айтатыны халықтың мұңы, тілегі, қай саланы болмасын жақсы білетіні байқалады. Мәжілісте жүргенде аңғарғаным – сайлау­шылар Парламентке хат жолдағанда кейбір депутаттардың атын атап, түсін түстеп жазады екен. Мәселен, Мәжілісте Шығыс Қазақстан облы­сынан сайланған депутат Нұртай Саби­лья­новтың атына хат көп келетін. Сол сияқ­ты, Сенатқа жолдаған өтінішінің Қуаныш Айтахановтың қолына тигенін қалайтын сайлаушылар да аз болмай шықты. Өйткені, олар Қ.Айтахановтың өздерінің өтініш-тілектерін жерде қалдырмайтынына, мәселенің оң шешілуіне ықпал ете алатын беделіне сенеді. Қалекең әрдайым сол сенім үдесінен шығып жүр. Тіпті, кейбіреулердің көмек сұрап пәтеріне де келгеніне куә болғанымыз бар. Қалекең олардың беттерін қайтармай қабылдайды. Қалекең кей мәселелерді қолма-қол шешіп тастаса, әбден ушығып кеткен түйіні қиын істерді тиісті органдардың назарына ұсынады және оның орындалуын қадағалап отырады. Осылай ол Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Аманбай Әлімбековтің, Шымкент қаласының тұрғыны Кенже Тастанованың өтініштері бойынша Ішкі істер министріне, Бас прокурорға сауалдар жолдады. Осыдан кейін ұзақ уақыт сөзбұйдаға салынып келген мәселелер оң шешімін тапты, жазықсыз жанды соққыға жыққан ішкі істер органдарының қызметкерлері жауапкершілікке тартылып, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары қызметінен босатылды, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сол сияқты, депутат араласқаннан кейін қылмыскерлер қолынан қаза тапқан М.Тастановтың өліміне қатысты іс қайта қаралып, тергеуді басқа жолға салмақ болған ішкі істер органдарының қызметкерлері тиісті жазаларын алды. Жоғарыда айтылғандардан депутат сауал жасаса болды, бәрі орнына келе қалады екен деген ұғым тумасқа тиіс. Кейбір мәселелерді шешу үшін көп уақыт, күш-жігер жұмсауға тура келеді. Осы арада өзім куә болған бір оқиғаға тоқтала кетейін. Қазір Шәмші Қалдаяқовтың ән фестивалі жыл сайын Астанада өткізіліп жүр. Осы фестивальдің өмірге келуіне, орнығуына Қуаныш Айтаханов ұйытқы болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Қалекең алғашында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. «Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың бүкіл ғұмыры, мәңгі өшпес әндері халықты отансүйгіштікке, туған ел мен жерге адалдыққа тәрбиелеуге, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға қызмет етіп келеді. Сондықтан осыған дейін өңірлік деңгейде өткізіліп келген бұл шараны Астанада халықаралық фестиваль деңгейінде ұйымдастырған дұрыс болар еді» деп жазды ол. Алайда, осы өте орынды бастамаға Үкімет бірден елп ете түскен жоқ. 2008 жылдың бюд­жетінде қаржы қарастырылмағандықтан қазір өткізу мүмкін емес деген сияқты қысқа ғана жауап берді. Басқа біреу болса, шынында да мүмкіндік болмай жатқан шығар, шыдай тұрайық деп Үкіметтің ыңғайына қарай жығыла кетер ме еді, кім білсін?! Қуаныш Айта­ханов ондай адам емес. Ол Үкімет айтты екен деп жарты жолда тоқтап қалған жоқ, осы мәселемен тиісті ұйымдардың басшыларының алдына талай рет барды, дәлелді сөздерін айтты, есептерін көрсетті. Ақыры өз дегеніне жетті. Сөйтіп, Шәмші әндері Астана сахнасында қалықтады. Қазақта да, басқаларда да қайраткер деген сөз бар. Түсінген адамға мағынасы өте терең қасиетті ұғым. Ол елі, халқы үшін тау қопарып жүрген толағайларға лайық сөз. Алайда, қазір қайраткерлер көп. Біреулер өздері меншіктеп алса, өзіміз де көңілжықпастыққа салынып оңды-солды үлестіруге құмармыз. Мен мұны неге айтып отырмын? Қайраткерлік орден-медаль немесе министрліктер үлестіретін атақ емес. Ол адамның бойына туа біткен қасиет. Ал Қуаныш Айтахановтың осы қасиеттері ерте байқалған сияқты. Оның биліктің төменгі, орта буындарында істеп жүріп-ақ, ел, ұлт мүддесіне қызмет ететін іргелі істерді шешуге ұмтылуы осыны аңғартады. Не тындырыпты дейсіздер ғой. Белгілі қаламгер Бахтияр Тайжан былай деп жазады: «Халқы да, тілі де өзбектеніп, көше атауларына дейін өзбекше өзгертілген сеңді басқа-басқа емес, Қуаныш Айтаханов Сайрамда әкім болғанда бұзды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтірді... Қазақ хандығының думанды ортасы болған Ханқорғанның мәртебесін асқақтатты. Сайрамның ортасын албастыдай басқан базарды сүріп тастап, «Мәртөбе» алаңын пайдалануға берді. Қазақстан мемлекетінің тілі – қазақ тілі екендігін өзге ұлттарға ұғындыра отырып, соларды қатыстыра отырып, көше, мектеп атауларын қазақыландырды» («Біз біле­­тін Айтаханов», «Кітап» баспасы, 2007 ж.10б.) Қалекеңді жақсы білетіндер оның іскер­лігін, белсенділігін, қандай бір іске құлшына кірісетінін, кімнің де болса тілін таба білетінін, қарапайым халықпен етене араласатынын, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, рухани шара­лардың ешбірінен қалыс қалмайтынын айтады. Иә, оның болмысы бекзат, жүрегі таза, ниеті ақ. Кір шалдырмаған азаматтық ары, өзіндік ұстанымы оны осындай тынымсыз істерге жетелейді. Халық сол үшін құрметтесе, сол үшін оны аяғынан шалғысы келіп тұратындар да болған. Бірақ ол ақ-адал жолынан тайған жоқ. Таймақ та емес. Қалекеңді Әбіш Кекілбаевтан бастап бар­лық қаламгерлер жақсы көреді, сыйлайды десем қателеспегенім. Қай-қайсысы болмасын, ол туралы бірауыз жылы сөз айтуды өзіне мәртебе санайды. Өйткені, ол шын мәнінде ел мақтанышына айналған асыл азамат. Бұл арада Әбекеңді жайдан жай ауызға алып отырған жоқпын. Ол кісімен бес жылдай көрші тұрдық. Қалекең үйінде талай рет кездестік. Бұл оты­рыстардың мәні де, сәні де бөлек болатын. Айе­кең қашанғы әдетімен дастарқанды кең жаяды. Отырысымыз түннің бір уағына дейін созылады. Бәріміз аузымызды ашып, көзімізді жұмып Әбекеңнің әңгімесін тыңдаймыз. Ол кісі түпсіз терең тұңғиық қой. Сол әңгімелердің үстінде байқайтыным, Қалекеңнің де білмейтіні жоқ. Әсіресе, тарихтан, мәдениеттен хабары мол, көп оқитыны аңғарылады. Қуаныш Айтахановты білетіндердің бәрі оның намысының өте биік екенін айтады. Ол рас. Қалекең не нәрсеге болсын, елдің, ұлт­тың мүддесінен қарайды. Жасыратыны жоқ, депутаттардың арасында бір сөз айту үшін жан-жағына жалтақтап, өткенін, болашағын, бала-шағасын көз алдына елестетіп, ақ тер, көк тер болатындар жоқ емес. Олар осы бір мәселені көтерсем, қырсығы өзіме немесе бала-шағама, туысқандарыма тиіп кетпей ме деп қиналады ғой баяғы. Содан да көбі жылдап жұмған аузын ашпайды. Енді бір топ талқыланып жатқан мәселелерге пікір қосуға өресі жетпегендіктен үнсіз отырады. Ал бойындағы қасиеттері терең білімімен, толысқан тәжірибесімен, азаматтық ұстанымымен үйлесім тапқан Қалекең кез келген мәселені жаңғақша шағып береді. Оның Алматы қаласындағы Көктөбеде «Битлзға» ескерт­кіш орнатылғанда «Олардың қазаққа, қазақ өнеріне қаншалықты еңбегі сіңді? Меніңше бұл біздің ұлттық намысымыздың жоқтығының белгісі», деп шырылдағаны да есте. Осының өзі-ақ, ұлт мүддесі таразы басына тартылғанда Қалекең үшін мәселенің ірісі, ұсағы болмайтынының бір дәлелі емес пе. «Өмір – күрес» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, Алла тағаланың берген ғұмырын мынау адалдық пен арамдық арбасқан заманда кіршік шалдырмай өту екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Ол үшін әрдайым биік ұстанымның жетегінде жүруің керек. Қалекең міне, осындай азамат. Құрғақ сөз қумау үшін тағы да мысалға жүгінейін. Қалекеңнің кезінде жоғары оқу орнын Мәскеуде тәмамдағанынан, одан кейін ғылым кандидаты атағын қорғағанынан, ауыл шаруашылығы институтында дәріс оқиты­нынан хабардар едім. «Тату көрші – туыстай» деген емес пе, жоғарыда айтқанымдай, тез тіл табысып, араласып кеттік. Оның үстіне немерелеріміз – Батырхан мен Өміржан бір мектепте, бір сыныпта оқиды. Демалыс күндері Қалекең төбе көрсете қоймайды. Өміржаннан «Атаң қайда?» деп сұрап қоямын, «Атам жазу жазып жатыр», дейді ол әрдайым. Қалекеңнің көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін түртіп жүретінін, газеттерге мақалалар жазатынын білемін. Алайда, ол кісінің жазуы ұзаққа созыл­ды. Бақсам, сол кезде Қалекең мақала емес, докторлық диссертациясын жазып жүр екен. Ақыры, көз майын тауысып жазған еңбе­гін ойдағыдай қорғап шықты. Сол күндері ол иығынан бір ауыр жүк түскендей сергек жүрді. Көршіміздің еңбегінің жанғанына біз де шын көңілден қуандық. Өз басым ол кісінің жеңілдің астымен жүруге ұмтылмай инемен құдық қазғандай тер төккеніне риза болдым. Әйтпесе, кезінде қызмет бабын пайдаланып да­йын дипломды қалтасына салғандар әсіресе, шенеу­ніктер мен депутаттардың арасында аз емес қой. Қалекең туралы әңгіме қозғай отырып өмірлік серігі – Айекеңді ауызға алмасақ, әңгі­меміз толық болмас еді. Меніңше, Қалекеңнің өмірдегі барлық жеңістерінің дем берушісі осы Айекең. Әбіш Кекілбаев «алтын келін» деп бекерге еркелетпейтін болуы керек, Айекең – қазақ әйелдерінің, аналарының бар асыл қасиеттерін бойына сіңірген, болмыс-бітімі, кескін- келбеті, жүрек лүпілі өзгеше адам! Алтын адам! Ұлт мүддесі, азамат, ар, намыс дегенде, менің көз алдыма Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұма­баев, Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды саңлақтар елестейді. Елім, халқым деп аянбай тер төккен, нұрлы болашақ үшін жандарын пида еткен, келер ұрпағына Отанды сүюдің үлгісін көрсетіп кеткен олардың есімдері халық жүрегіне мәңгілікке орнықты. Солардың арман-мақсаты жүзеге асып, ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекет атандық. Ендігі мақсатымыз – Мәңгілік Ел болу. Бұл жолда да жұлдызымыздың биіктен жарқырарына сенім мол. Өйткені, қазақ жерінде Алаш арыстарының өсиетіне адал, өнегесіне бас иген ұлтжанды, елжанды азаматтар қаулап өсіп келеді. Олар, сөз жоқ, ары таза, болмысы бөлек азамат, арыстардың, асылдардың сынығы Қуаныш Айтаханов сынды толағай тұлғаға, шынайы қайраткерге қарап ой түзейді, бой түзейді. Өмір асуында ол таңдаған адалдық жолы ешкімді де адастырмасы анық. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.